Теңгенің тағдыры таразыда тұр

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

19.08.2021, 09:04

4532

       Ақиқаты солай. Қазір қазақ теңгесінің тағдыры таразыда тұр. Қолданысқа енгелі бері 90 есе құнсызданған төл валютамыз жайында сарапшылар көңіл қуантарлық болжам айтып отырған жоқ. Биыл да теңгенің құны түсіп, тіпті «жыл соңына қарай 1 доллар 500 теңге болуы мүмкін» деген болжамдар айтылуда.

       Теңге ал­ғаш рет айналымға ен­ген­де 1 доллар  4 теңге 69 тиын болса, бүгіндері бұл көрсеткіш 425-427 теңгеге жеткен. Ұлт­тық валютамыздың құны қолға тиген соң-ақ түсе бастады: 1994 жы­лы теңгенің дол­ла­р­ға шаққандағы бағасы – 10, одан соң бірден 50 тең­геге жетті. Теңгенің қатты құнсыз­дануы 2014 жылы тіркелді. Сол жылғы ақпанда 1 доллардың ба­­­ғасы 185 доллар болды. 2015 жыл­дың соңында 1 доллар үшін 322 теңге төлеуге мәжбүр болдық. 2020 жылдан бастап теңгенің дол­ларға қатынасы 450 теңгеге  дейін жет­кен кезеңдер болды. Ал биыл теңгенің аяқ алысы қандай болмақ?

      Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша,  басқа факторлардан бөлек, коронавирустың «дельта» штамы әлемдік экономикаға, сондай-ақ теңге бағамына айтарлықтай кері әсер етпек.

     – Шілде айында «дельта» штамының таралуы күшейе түсті. Оңтүстік Шығыс Азияда, атап айтқанда Индонезия, Филиппин мен Малайзияда, сондай-ақ Австралия мен Ұлыбританияда Covid-19-дың жаңа жағдайлары анықталғаннан кейін шектеу шаралары енгізілді. Соның салдарынан Азияда іскерлік белсенділік қарқыны баяулай түсті, – дейді Әлия Молдабекова. 

      Осылайша іскерлік белсенділіктің төмендеуі, вирустың жаңа мутациясы мен эпидахуалдың нашарлауы инвесторларды қатты тежеп отыр. Мұның соңы дамушы нарықтарға теріс әсер етеді. Осының кесірінен дамушы елдердің валюталары әлсіреп, АҚШ доллары нығая түспек. Тамыздың басында «дельта» штамының таралуы мен мұнай бағасының төмендеуі салдарынан теңге бағамы 1 доллар үшін 425,53 теңгеге дейін, яғни 0,3 пайызға әлсіреген. Ал енді болашақта теңге тағы теңселіп, доллар күш алса, бізге қайтпек керек? Шатқаяқтап тұрған экономикамызды сақтай аламыз ба? Теңгені қалай қорғаймыз?

     Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтің сөзінше, макроэкономикалық жағдайымыз көбінесе сыртқы факторға тәуелді болғандықтан, біз нашар көрсеткіштермен бетпе-бет келіп отырмыз. Қазір мұнай және басқа да шикізаттың бағасы едәуір төмендеді. Бұған қоса, Қазақстанмен сауда-әріптестік орнатып отырған елдердің де валюталарының құны құлдырап жатыр. Ресейдің рублі, Қытайдың юані әлсіреді. Батыс пен Ресей арасының салқындығы, АҚШ пен Қытайдың қабақ шытысуы, бұған қосылған коронавирустың әлегі әлем экономикасына әсер етпей қоймады. Сондықтан қазір Қазақстан ғана емес, бірқатар дамыған елдер де абдырап отыр. Бұған қатысты экономист-ғалым былай дейді:

   – Қазір мұнайдан айрықша түсім көріп отырған, осы уақытқа дейін ұлттық валютасы бірде-бір рет сыр бермеген Сауд Арабиясының өзі ойлана бастады. Алып елдер сыртқы факторлардан қорғана бастағанда біз үшін теңгені теңселтпей ұстап тұру өте қиын болмақ.  

      Маманның айтуынша, болашақта ішкі-сыртқы факторлар теңге бағамының төмендеуіне айтарлықтай әсер етеді.

    – Қазір Ресей экономикасы аса мәз емес. Санкция Ресейдің есін шығарып, экономикасын тығырыққа тіреп тұр. Мұнай бағасының түсуі, Ресей мен АҚШ экономикасы, Қытайдағы нарықтың құбылуы теңгеге, жалпы, экономикаға әсер етпей қоймайды. Бұдан бөлек, үкіметтің індетке, қуаңшылыққа, қымбатшылыққа қарсы іліп алар сауатты жоспар құра алмағанын ескерсек, сыртқы факторлардан бөлек, ішкі факторлар да экономикаға қысым түсіреді. Біз бұған дейін алтын-валюта қорындағы қаржыны теңгені тежеп ұстауға жұмсап келдік. Ұлттық қордағы қаражатты экономиканы қолдауға бөлдік. Бірақ мұның нәтижесі әлі көрінген жоқ. Негізінде, үкімет қаржыны отандық өндірісті жандандыруға бөлудің әлдеқайда пайдалы екенін ертерек ұғынуы керек еді. Абзалында,  отандық өндірушілерге қолдау көрсетпесек, девальвациядан көз ашпаймыз, – дейді Жұмаділда Баяхметов.

       Жалпы, болжам бойынша енді мұнайға сеніп отыратын уақыт өтті. Мамандардың мәлімдеуінше, Ресей экономикасы қалыпты болу үшін әлемдік нарықтағы мұнай бағасы 90 доллардан төмендемеуі керек. Ал 90 доллардан төмендеген жағдайда Ресейдегі бюджеттің дефициті 1,5 пайызды құрайды. Қазір мұнай бағасы 70 доллардан екенін ескерсек, Ресей бюджетінің тапшылығы 2,5-3 пайызды құрап отырғанын білу қиынға соқпайды.  Қазақстанға да мұнай бағасының 70 доллардың айналасында толқып тұрғаны тиімсіз. Мұнайдың арзандауынан әлемде тек АҚШ пен Сауд Арабиясы ғана қиналмайды екен. Бұл туралы экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:

    – Сауд Арабиясында мұнай қоры жеткілікті. Бұл елге бюджетті толық қамтамасыз ету үшін мұнайды 50 доллардан сатса да болады. Мұнай қоры мол болғандықтан, олар мұнайды ұзақ уақытқа дейін арзанға сата алады. Қанша жерден дағдарыс болса да, бұл елдің экономикасы теңселмей, валютасы тегеурінді болуының бірден-бір себебі – осы. Ал біз тәрізді елдерге мұнайдың 70 доллардан сатылуының өзі үлкен соққы. Шілдедегі «дельта» штамының экономикаға тигізген салқыны күзде көріне бастайды. Індетке байланысты экономикасы нокдаун алып, есеңгіреп отырған елдер көп. Мұның салдарынан жыл соңында мұнай бағасы 40-50 долларға түссе, теңге тағы теңселіп, 1 доллар 500 теңгені құрауы да мүмкін, – дейді.  

       Міне, «дельта» штамы бар, АҚШ пен Ресейдің ұстанған саясаты бар, таяу болашақта валюта нарығында тағы бір дүрбелең болуы әбден мүмкін. Ал мұндайда біздің атқарушы билік қайтер екен?! Нақ қазір біздің үкімет мүшелері өздері қалыптастырып алған ішкі проблемаларымен басы қатып жүргені анық. Үкімет тарапынан бақылаудың аздығы, қатаң талаптың жоқтығы елдегі барлық саланы босаңсытып жібергені анық. Қазір барлық сала «есінеп», есеңгіреп отыр. Ал мұндай бос белбеулікпен біз өзі, шынымен де, экономиканы қорғай аламыз ба?! Біздің ұстанымымыз әу бастан «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген ұғым болса да, осы 30 жылда ұлттық экономикамыздың мінсіз бола қойғаны шамалы. Енді мынадай құбылмалы заман туғанда таразы басын тең ұстау мүмкін бе?!

      Қалай десек те, бізге қазір теңгеміздің нығайып, экономикамыздың күшейгені керек-ақ. Ол үшін алдымен ұйқысырап отырған үкіметтегі топ-менеджерлер «Болбыр ұйқыға тоймас, тойымсыз бар байлықты қоймас» деген әдеттен арылып, халыққа қызмет етудің жауапкершілігін ұғынса етті...

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2021, 07:53
Инфляция шарықтаса, Досаев қалтырайды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 14.09.2021, 16:30
Сыбайластықтың сара жолы
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 13:30
Су арналары: цифрландыру, реконструкция, жаңа суқоймалар
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 10:30
Жер қатынастары туралы заңда не өзгерді?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39