Теңгенің тағдыры теңселген

Қазақстанға дедолларизация қиял ма?

Қарлығаш Зарыққанқызы

01.10.2020, 08:51

1783

Бүгінде ұлттық валютасы әлсіреген бірқатар елдер біртіндеп доллардан арылуды жөн санап отыр.  Түркия мен Иран, көрші Ресей елі мұндай қадам ұлттық валюталарын «тегеурінді етеді» деп үміттенуде. Түркия мемлекеті қазірдің өзінде Қытай, Ресей, Иран және Укриана тәрізді ірі сауда әріптестерімен тек ұлттық валютасы арқылы төлем жасауды дұрыс деп шешкен. Сол тәрізді, Ресей де доллардан арылу үшін өзінің валюталық резервтерін әртараптандыруға көшті. 

Қазақстан әлі бейқам

 Мамандардың пайымдауынша, Ресей, тіпті долларсыздану мақсатында  2018-2020 жылдар аралығында рубльді де болжанған межеден әрі құлдыратып жіберген. Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, қазір Ресей үкіметіне «рубльді қолдаймыз» деп алтын-валюта қорынан көптеп доллар алу ыңғайлы болып отыр.

– Алтын-валюта қорындағы доллардан босаған орынды Ресей енді  ығыстырып, юаньға бермекші. Бұдан болашақта Ресейдің алтын-валюта қорында доллардан гөрі юаньнның басым болатынын аңғарамыз. Ресей қазір Қытаймен сауда қарым-қатынасын нығайтуға барын салуда.  Екі ел есеп айрысуда  рубль мен юаньды пайдаланбақшы. Осылайша, көрші Ресей елі тез арада  доллардан арылуды көздеп отыр, – дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Экономист-ғалымның айтуынша, Армения, Грузия, Әзірбайжан, Түркия, Иран елдері де долларға қарсы қимыл жасауда.  Ал Қазақстан үшін долларға тәуелділіктен арылу қаншалықты маңызды?!

– Орта Азия елдеріне экономикасын долларға тәуелді ету тиімді болмай тұр. Қазір әлемдік нарықта 500 трлн доллар айналымда жүр. Кез келген мемлекет шетелден немесе халықаралық валюта қорынан несие алатын болса, доллармен алады. Экспорт, импорт арақатынасындағы сауда барысы да доллармен есептеледі. Біз қанша жерден өнімді, тауарды теңгемен есептесек те, айналып келгенде, халықаралық нарықта долларға тәуелдіміз. Доллардың құны артқан сайын ұлттық валютамыз құнсызданып отыр.  Өткен жылғы деректерге сүйенсек, Орта Азиядағы елдердің біразының ұлттық валютасы құнсызданған.  Осыған байланысты «Еуразиялық экономикалық Одақ аясында ортақ валюта болуы керек. Сондай-ақ Орта Азия елдері өзара ұлттық валютамен ғана төлем жасағаны жөн» деген пікірлер айтып қалады. Бірқатар елдер шара қолданып, алтын-валюта қорларын әртараптандырып, ішкі нарығынан долларды ығыстырып жатқанымен, әзірге Қазақстан асықпай отыр. Дедолларизация жайында айтылғалы біраз уақыт болғанымен, бізде нақты шаралар қабылдана қойған жоқ, – деді экономис-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Долларға байлану орға жығады

Жалпы, мамандар Қазақстанмен көршілес елдердің біразы бүгінде ішкі нарығында долларға белгілі бір көлемде шектеу қойып отырғанын алға тартты.  «Қазақстан менеджмент және экономикалық болжам» орталығының қаржыгері Ерқабыл Омашевтің айтуынша, Әзірбайжан, Грузия елдерінде жылжымайтын мүлік құны тек ұлттық валютамен бағаланады. Өзбекстан мен Қырғызстанда сауда-саттық тек ұлттық валютада жасалады.

– Қырғыздың базарынан киім-кешек алуға барсаңыз, тек соммен сауда жасап қайтасыз. Өзбекстанда да солай. Ал бізде теңгемен қоса, ішкі нарықта долларды да ала береді. Сондай-ақ Қазақстанда тұрғын үй бағасын ішкі нарықта көбінесе доллармен бағалап қояды. Түркия, Әзірбайжан, Грузия елдерінде мұндайда тек ұлттық валютамен есеп айырысады. Көлік сатсақ та көк қағазбен есептесуге жақынбыз. Қор биржасында теңгеден гөрі, доллар өтімді. Біз, алдымен, ішкі нарықты доллардан арылтып алмай, экспорт, импорт қатынасында долларға тәуелділіктен құтылмаймыз.  Бір ғана Алматы қаласы бойынша деректерді алға тарсақ, осыдан бес жыл бұрын, яғни 2015 жылы Алматы 6142,4 млн долларға бағаланған тауарды сыртқа экспорттаса, 20774,2 млн долларға бағаланған тауар импорт болып Алматыға енген. Бұл 2015 жылғы көрсеткіш. Ал 2018 жылы экспорт, импорт көлемі бәсеңдеген. Қазір отандық өнім өндіру көлемі артты. Отандық бизнес қолдауды сезіне бастады. Сондықтан кей салаларда импортқа тәуелділік те сейіле бастады. Бірақ соның өзінде, долларға байланып тұрмыз. Доллар өссе, барлық тауар бағасын, азық-түлікті қымбаттата қою Қазақстанда ғана бар құбылыс. Мұның салдарын қарапайым халық тартады. Сондықтан біз үшін алдағы екі жылда ішкі нарықты доллардан тазарту маңызды, – дейді қаржыгер Ерқабыл Омашев.

Қаржыгер маман алға тартқандай, отандық тауар көлемі артып, отандық өндіріске үкімет тарапынан қолдау болып жатқанымен, біздің ішкі нарықта доллардың өзіндік беделі бар. Маманның байыптауынша, сақтық қорымызда жатқан доллардың көп болуы да көк қағазға сұранысты түсірмей тұр.

– Сақтық қорымызда доллардың үлес салмағы 70 пайыздан астам болып тұр. Міне, болашақта бұл көрсеткішті 40 пайызға түсірсек, жөн болар еді. Сақтық қорда алтынның үлесін көбейтуге тырысу керек. Сақтық қордың 40 пайызы доллар, 40 пайызы алтын, қалған 20 пайызы юаньмен жинақталса, бұл арада тепе-теңдік пайда болатын еді. Қазір мұнай мен долларға байланған экономиканың нәтижесі екі жыл сайын ұлттық валютаны құнсыздандыру екенін қазір біраз ел ұқты. Мұнайдың бағасы енді бұрынғыдай қымбат болмайды. АҚШ федералдық жүйесінің де көздеп отырғаны тек өзінің пайдасы. Сондықтан әлем экономикасы, әсіресе Орта Азия елдері 2020 жылға қарай нақты бір өзгеріске ұмтылары даусыз. Осы аралықта Қазақстан да бейқам қалмауы керек. Ол үшін доллардан арылуға қатысты батыл әрекеттер жасалып, ішкі нарықта долларға шектеу қоюды бастап кеткен жөн. Дедолларизацияны құр қиялға айналдырмау керек. Теңгеге сенім артсын десек, бізге мұндай қадамдарға қорықпай баруға тура келеді, – деді сөзін тамамдаған қаржыгер Ерқабыл Омашев.

Тегтер: теңге доллар валюта экономика тәуекел себеп жүйе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 10:25
Сауда интеграциясы экономикаға тиімді әсер етеді
Еркежан АРЫН 10:22
Тұтынушының құқын қорғай алып жүрміз бе?
Бақытжан ТОБАЯҚ-ТЕГІ 08:59
Жекешелендіру зардаптары
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 15:38
Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 12:16
Доллар бағамы 430 теңгеден асты
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 12:10
Заңды тұлғалар енді шоттан кез келген соманы шеше алмайды

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04