Теңселген теңге күйзелістен шыға ала ма?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

03.03.2022, 06:46

2554

Қатарынан екі апта Қазақстан қор биржасындағы ахуал құбылып тұр. Өткен аптадан бері теңге-доллар жұбының ара қатынасы қалың көпшілікті алаңдатып қойды. Тіпті дүйсенбі күні Ұлттық банк пен еліміздің қор биржасы бірлесіп, «франкфурттық шешім қабылдаймыз», деп биржаның саудасын түс ауғанша, тоқтатып та тастады.  Нәтижесінде, кешкі саудада KASE-де бір доллар 495 теңге болып белгіленді. Тіпті қазір де қайсыбір екінші деңгейлі банктер бір долларды 503 теңгеден де сатып жатыр.

Осылайша, дүйсенбіден бері теңселген теңге әжептәуір «шок» алды. Ұлттық валютаның бұл жолғы құнсыздануын сарапшылар 2015 жылғы тамыздағы жағдаймен салыстырып отыр. Нақ сол жылы бір доллардың құны 180 теңгеден 300 теңгеге бірақ көтерілгенін еске салған мамандар «бұл жолғы тұрақсыздық та қатты болды, оның қашан аяқталатыны белгісіз», дейді.

Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың шиеленісуі, АҚШ тарапынан Ресейдің қаржы жүйесіне салынған санкциялар, SWIFT жүйесінен ажырату жайының сөз болуы, өзге де Еуропа елдерінің Ресейге деген салқын көзқарасы жағдайды осыған әкеліп тіреді. Сарапшылар болжап отырғандай, енді Ресейдің ақша жүйесіне қатты зақым келеді. Оның әрине Қазақстан экономикасына да кері әсер ететіні даусыз. Өйткені, біз Ресеймен тығыз қарым-қатынастамыз. Соңғы жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы 18 млрд доллардан 20 млрд долларға дейін артты. Ресей рубльі қатты құнсызданса, соңынан теңгені ерте кетініне біздің көзіміз әлдеқашан жеткен. Енді болашақта қайтпек керек?! Мамандар болжап отырғандай,  көрші елде бір доллар 100 рубльге шығып кетсе, теңгені тежеп ұстап тұра алмайтынымыз тағы анық.

«Жас Алаштың» сауалына жауап берген мамандардың пайымдауынша, біздің алдымызда екі жол тұр. Бізге теңге-доллар немесе теңге-рубль бағамының бірі бойынша бағдарды ұстап тұру қажет. Қарыжыгер Арман Мусиннің айтуынша, егер теңгенің рубльге ілесуіне жол берсек, онда қымбатшылық шарықтайды. Халықтың қолындағы қаражат қатты құнсызданады. Ал теңге-доллар бағдарын таңдап, осы деңгейде қалсақ, онда қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жаңа нақтылыққа куә боламыз. 

— Теңге-доллар қатынасын ұстап, Ұлттық банк осылай интервенция жасап отырса, таяу болашақта отандық тұтынушылар Ресейден келетін импорттың күрт арзандауынан ұтады. Бірақ ұзақ мерзімді болжасақ, басында ұтқанмен, өндірушілеріміз  қиын жағдайға тап болады. Себебі сүт өндірісі, ет өнімдері, ұн өндірушілер, көлік қызметкерлері Ресей өнімдерінің күрт арзандауынан зардап шегеді. Халық Ресейдің арзан өнімін тұтына бастаса, біздің өнімдерге сұраныс төмендейді. Жалпы, соғыс, санкциялар, девальвацияның қайда апаратынын ешкім білмейді. Көршінің көңіл-күйі қалай десек те бізге кері әсерін береді, — дейді Арман қаржыгер.

Бірақ бұл арада «көрші елде соғыс», деп басымызды құшақтап, сансырап отырудың да реті жоқ. Мұндайда үкіметке ширақ қимылдап, әр сәттен ұтыспен шығатын тетіктерді іздестіру керек.

 - Санкциялар күшейтілуі мүмкін. Негізінде, Ресей Қырым оқиғасынан кейін, кем дегенде, сегіз жыл осы санкциялармен өмір сүріп келеді. Мұндай жағдайда үкіметке ұтымды тетіктерді қарастырған абзал. Мысалы, қазіргі мүмкіндіктердің бірі – шетелдік әуекомпаниялар Ресейдің әуе кеңістігін айналып, Қазақстан арқылы ұшатын болады. Бұл үшін біз ақы аламыз. Болашақта Қазақстан арқылы біраз тауар ағындары өте бастайды. Міне, бізге осы мүмкіндіктерді жіберіп алмау керек, — дейді сөзін түйіндеген Арман Мусин.

Жалпы, мамандар «болашақта отандық өндірушілерге қолдау көрсетпесек, девальвациядан көз ашпаймыз», дегенді баса айтып отыр.   Деректерге жүгінсек, біз 1993 жылдан бері теңгені ішкі-сыртқы факторлардан қорғай алмай келеді екенбіз. Макроэкономикалық жағдайымыз көбінесе, сыртқы факторға тәуелді болғандықтан,  теңгенің құнсыздануымен үнемі бетпе-бет келіп отырмыз. Экономист-сарапшы Дәурен Арынның сөзінше, Ұлттық банк теңгені тежеп ұстау үшін алтын-валюта қорынан қомақты қаржы алып отыр. Өткен аптада ғана Ұлттық банк 137 млн долларға интервенция жасады. Десе де сыртқы факторлар теңге бағамының төмендеуіне әсер етпей қоймады.

— Ресей мен Қазақстан экономикасы тығыз байланысты. Рубль құнсызданып, экономикасы дағдарып, санкциялар сансыратып отырған орыстар енді тауарларын Қазақстан мен Беларуссияға тықпалауға кіріседі. Сауда әріптестік барысында кедендік салық жүйесіне де өзгеріс енуі мүмкін. Бұлай бола қалса, біз үшін теңге бағамын тежеп ұстауға қаражат жұмсау тиімсіз. Керісінше, бұл қаржыны отандық өндірісті жандандыруға бөлген әлдеқайда пайдалы. Отандық өндірушілерге қолдау көрсетпесек, девальвациядан көз ашпаймыз, – дейді экономист.

Сарапшының айтуынша, 2019 жылдан бері мұнай бағамының төмендеуіне байланысты алтын-валюта қорынан қаржы алып, ұлттық валютасын қолдаған алпауыт ел  Сауд Арабиясының өзі де бүгінде ойлана бастаған.

— Сауд Арабиясында мұнай қоры жеткілікті. Бұл елге бюджетті толық қамтамасыз ету үшін мұнайды 40 доллардан сатса да болады. Мұнай қоры көп болғандықтан, олар мұнайды ұзақ уақытқа дейін арзанға сата алады. Қанша жерден дағдарыс болса да, бұл елдің экономикасы теңселмей, валютасының тегеурінді болуының бірден-бір себебі осы. Ал нақ қазір әлемдік нарықта мұнай бағамы 100 доллардан сатылып жатыр. Бұған қоса, ірі-ірі инвесторлар бюджетімізге салық төлеуде. Мұндай кезеңде теңгенің құны көтеріліп, тұрақтылығын сақтауы керек еді. Өкінішке қарай, жағдай керісінше, орын алуда. Егер біз 30 жыл бойы отандық өндірісті, инновацияны дамытып алғанымызда, нақ бұлай қиналмас едік. Өкініштісі, осынша жыл қиялмен өмір сүрдік. Енді әрі қарай сол қиялдың жетігінен шыға алсақ жақсы, — дейді сарапшы.

Жалпы, «Жас Алашқа» пікір білдірген мамандар мұнайға сеніп отыратын уақыттың өткенін баса айтып отыр. Расымен де, айтса айтқандай, қазір мұнай өндірудің жаңа технологиялары пайда болып, тіпті әлемдік ғылымда наноматериалдарды синтездеу арқылы көмір мен ағаштан мұнай алу тәсілі жетіліп келеді. Осыған қарап, болашақта мұнай шикізатына экономикасы байланған елдерге салмақты ойланып, сауатты шешімдер қабылдауы керектігін пайымдайсың. Олай етпесек, теңгені шыңыраудан шығару оңайға соқпайтын түрі бар. Теңгеміз шыңырауда тұншықты деген сөз биржаны да, бұқараны да сапырлыстырып, сең соққандай қылары даусыз. Қазірдің өзінде қараша халық «қымбатшылық үдей ме, айлығымыз шайлығымызға жетпей қала ма, тұрмысымыз қандай болады», деп қатты үрейленіп те отыр. Ал енді осы үрейді басуы тиіс үкіметтің жұмысы ұтқыр болса қанекей...

Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 05:13
Халықты тонаудың бір әдісі
Сайт әкімшілігі 16.05.2022, 12:35
Бүгіннен бастап елімізде жеңілдетілген автонесие беріледі
Сайт әкімшілігі 11.05.2022, 16:47
Доллар бағамы өсті
Сайт әкімшілігі 11.05.2022, 11:15
Қазақстанның Кеден одағынан шығу туралы бастама көтергені рас па
Сайт әкімшілігі 05.05.2022, 13:26
Сенат Қазақстан бюджетіне түзетулерді қабылдады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 04.05.2022, 05:00
«Кедейді байытамыз» бағдарламасы...

Аңдатпа


  • Мәскеуменен Тәшкеннен көш келеді
    12.05.2022, 08:30
  • Әскердегі әлімжеттік пе, әлде?..
    12.05.2022, 08:12
  • Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
    12.05.2022, 08:07
  • Қазақша оқыт балаңды!
    05.05.2022, 05:30
  • "Өгіз мүдде"
    05.05.2022, 05:27