Триллиондарды жұтқан министрлік тұралап тұр

Үкімет енді не деп ақталар екен?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

02.12.2021, 09:02

3304

  Бүгінде есі бар елдің барлығы ауыл шаруашылығы саласын нықтап, өркендетіп, сол салаға бөлінетін қаражатты қатаң бақылауға алып жатыр. Өйткені олар ауыл шаруашылығы саласы ғана тығырықтан алып шығатынын, болашақта халықты ауыл асырайтынын әбден ұқты. Ал біз, керісінше, «аспаннан шұға жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайдының» кебіне салып, қыруар қаражат бөлінсе де, оны ауылға жеткізбей, орта жолдан жеп қоятын жемірлігімізді қоя алмай отырмыз. Ауылды қанау елдің болашағын тонау екенін біздің атқарушы билік осы уақытқа дейін ұқпады.

 

Бес жылда 2 трлн теңге — аз ба, көп пе?!

  Деректерге жүгінсек, ауыл шаруашылығын қаржыландыруда рекордтық көрсеткішке жетіппіз. Аталмыш саланы дамытуға соңғы бес жылда бюджеттен 2 триллион теңге жұмсалған. Бірақ, ақиқатында, бейне бір сол триллиондар құмға сіңгендей күйдеміз. Қиындықта құтқарар деген бұл саламыздың кетеуі кетіп, тоқырап барады. Бұлай деуімізге себеп: Қазақстан әлі күнге дейін ауылшаруашылық өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алған жоқ. Мысалы, биылғы жазда сәбіз, картоп, көкөніс бағасы елде қатты қымбаттады. Картоптың бағасы – 500, сәбіздің бағасы 700 теңге болғанда, сол кездегі министр болған Сапархан Омаров «халық ажиотажды қолдан жасап, «свежий» картоп жегісі келіп отыр» деп, «сасқан үйрек артымен жүзедінің» уәжін айтты. Артынша, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов форвардтық келісім жасау үшін картоп пен сәбіз іздеп көрші Өзбекстанға жол тартты. Ал негізінде, елімізде жылыжай өндірісін дамытуға, көкөніс өсіруге миллиардтап субсидия бөлініп, мемлекет тарапынан қаншама дотация берілген. Осындайда еріксіз «бес жылдың ішінде бөлінген 2 трлн теңге сауатты әрі мақсатты түрде жұмсалғанда, біз экс-министр айтқандай, ажиотаж кезең туғанда, көрші елден азық-түлік сұрап, солардың импортына тәуелді болып отырар ма едік деген сауал туындайды.

Минусқа кетірген вирус па, әлде...

  Жаздағы өнім жетіспеушілігінің зардабын біз әлі тартып отырмыз. Қазірдің өзінде қымбатшылық дендеп, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы аспандап тұр. Мұны ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрлігі әлемдік экономикадағы қалыптасып отырған ахуалмен байланыстырады. Бірақ сала мамандары айтып отырғандай, мәселе тек әлемдік нарықта ғана емес. Бұл жерде бәлені сырттан іздемей-ақ, ішкі агросаясаттағы сауатсыздықтың барын жасырмау қажет.

  – Министрлер экономиканың қиналуын әлеммен байланыстырады. Тіпті, коронавирустың жаңа штамы келген сайын, мұның да салқыны барын айтып зар қақсайды. Бірақ ішкі саясаттағы қателіктерді мойындауымыз керек. Біздің үкімет ауылға бөлінген қаражаттың нақты діттеген жеріне жетіп, сауатты жұмсалғанын бақылай алмай отыр. Субсидияны шаруалар емес, жеке кәсібі, тамыр-танысы барлар алады. Ауыл шаруашылығын тоздырып, тоқыратып отырған бірден-бір себеп осы, – дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

 

Субсидия неге ұрлана береді?

  Рас, маман сөзінің жаны бар, жуырда еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияның басқа мақсаттарға жұмсалып келгенін де анықтады. Агенттіктің мәліметінше, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстарында ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге еш қатысы жоқ сән салондары, фармацевтика компаниялары, жылжымайтын мүлікті жалға беру агенттіктері, автокөлік жөндеу орталықтары ауыл шаруашылығына тиесілі мемлекеттік субсидияны алып келген.Дерек бойынша жалпы жиыны 279 кәсіпкерлік субъектісіне асылтұқымды мал шаруашылығын қолдау саласы бойынша 1 млрд теңгеге жуық субсидия берілген. Бұған қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов: «Бұл зұлымдықпен біз барынша күресетін боламыз. Субсидия беру кезінде сыбайлас жемқорлықты жою, бюрократия деңгейін төмендету, бизнесті жүргізуге әкімшілік кедергілерді болдырмау маңызды», – деген болатын-ды.

  Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменовтің айтуынша, субсидия бар жерде әу бастан ұрлық бар. Ол коррупцияға жол ашады. Сондықтан үкімет тегін қаражат бөлуді тоқтату керек, бәрінің қайтарымы бар.

  – Қаражатты мүмкіндігінше, ұзақ мерзімге, «каникулмен» берілгеннің жауапкершілігі бар және ол тиімді болмақ. Бұл ретте, фьючерлік келісімнің келешегі бар. Қазір біз үшін аграрлық саясатты нықтау маңызды. Салмақты жергілікті әкімдерге салу керек. Сағым қуғанды қойып, өлшемі бар талаптар қойылуы тиіс. Жаңа инвестициялық қадамға барған жөн, – дейді Атамұрат Шәменов.

 

Сағым күндер...

  «Сағым қуған» дегеннен шығады. Ақиқатында, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты үкіметте бір-бірінен туындап жатқан бағдарламалар өте көп. Бірақ соның барлығының арты, түптеп келгенде, сағымға айналып кете баратыны ащы да болса шындық. Мысалы, кезінде «Агробизнес-2020» бағдарламасымен «ауылды өркендетеміз, мал шаруашылығын дамытуға басымдық берілді», деп біраз алаулатып-жалаулаттық. Бұл бағдарлама сауатты орындалғанда, 2020 жылы біз агросаланың дамып, өркендеп кеткенін көзбен көретін едік. Бірақ әттеген-айы, нақ сол былтыр, яғни 2020 жылы тиісті инстанциялар жағдайдың қалай боларын болжай алмады, шаруашылық дамымады, саланың кетеуі кетті. Артынша, биылғы картоп пен сәбіз жырынан бөлек, елдегі қуаңшылық пен жұттың салған ылаңын халық әсте ұмыта қоймас. Халықтың қаншама малы қырылып, ел жұтап, артынша, экс-министр Сапархан Омаровтан бастап, біраз шенеуніктің отставкаға кетуіне дейін жол жеткізген бұл құбылысты ел қазір бір тарихи кезең ретінде де қабылдап жүр.

  Сөйтіп, триллиондар бөлінгенімен, ауыл шаруашылығы саласы әлі сол тоқыраудан шыға алмай отыр. Шаруалар «итшілеп қайыршы болуға шақ қалдық», деп ашынуда. Өйткені мал өсірейін десе, оны әрі қарай өрбітетін жағдай жоқ, мал азығын дайындау да қазір оңайға соқпай отыр. Молынан өнім алып, егін шаруашылығымен айналысайын десе, оны тамыр-таныс болмаса, ішкі нарыққа өткізу де оңай емес. Ал сыртқы нарықты жаулайын десе, оған тағы да әлеует жоқ. Осылайша, шаруалар агросаясаттағы олқылықтан опық жеп жүр.

Тақырыпқа тұздық

 

Тозған техникамен инновацияға қалай жетеміз?

  Күні кеше агро-министр Қарашөкеев мырза азық-түліктің, агроөнімдердің қымбаттығын, жалпы, экономикадағы сәтсіздіктерді пандемиямен байланыстырды. Қазір экономикадағы минусты вирусқа жабуға министрлер әбден дағдыланып алды. Бірақ біздегі кез келген сала вирусқа дейін де минусқа белшеден батып жатты емес пе!? «Тойсаң, тоба қыл», дегенді білмейтін шенеуніктердің салдарынан, қаншама қаражат желге ұшты? Қазір дамығаны бөлек, дамушы елдердің өзі «ауылға дамитын қабілет беру керек, медиатехауыл мәселесін тасада қалдырмауымыз керек», деп жанталасып жатқан кезең. Бұған қатыстыэкономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков:«Елдегі әрбір екінші адам ауыл тұрғыны болғандықтан, адам капиталын дамытуда урбанизацияны сауатты жүргізу, тұрғындардың білімге және кәсіпкерлікке араласуына жағдай жасау керек. Егер біз болашақта ауылдың акционерлік қабілетін арттырар болсақ, бұл ауыл индустриясының дамуына оң ықпал етпек», – дейді.

  Алайда біздің үкімет ауыл индустриясын дамытуға асығар емес. Ауылдағы шаруалар әлі сол 90-жылдардан қалған тозығы жеткен техникамен жұмыс істеп жүр. Мал бордақылау, мал азығын дайындау, тозығы жеткен жерлерді тыңайту, егістіктерді қалпына келтіру, ауылға қатысты индустриалды-инновациялық жаңашылдықтар бізде атымен жоқ. Осыдан кейін «ауылға бөлінген қаражат мақсатты түрде жұмсалды», деп қалай айта аламыз? Әрине, мұндайға үкіметтің жауабы дайын болар. Бірақ ауылдағы ағайынның өркениетке жетер күнді әлі күнге дейін тек аңсаумен келе жатқаны өкінішті-ақ.

 

Тегтер: экономика министр ауыл шаруашылығы қаржы қаражат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.08.2022, 16:59
Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды
Сайт әкімшілігі 05.08.2022, 09:17
Баспана аспандады, азық-түлік шарықтады, үкімет өз жөнімен қалықтап жүр...
Сайт әкімшілігі 04.08.2022, 14:51
Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкерлер салықтан босатылады
Әділ АҚЫЛБАЙ 04.08.2022, 10:40
«Жасыл Қазақстан»: Жел мен күннен қуат алу 5 жылда 10 есеге көбейді
Әділ АҚЫЛБАЙ 03.08.2022, 17:51
Жасыл экономика жаңа дағдыларды талап етеді
Әділ АҚЫЛБАЙ 02.08.2022, 16:04
Қазақстанның «жасыл» экономикадағы жетістіктері

Аңдатпа


  • Баспана аспандады, азық-түлік шарықтады, үкімет өз жөнімен қалықтап жүр...
    05.08.2022, 09:17
  • АЭС-тің арты жақсы бола ма?!
    04.08.2022, 08:55
  • «Қазақстан халқына» қорынан халыққа пайда бар ма?!
    03.08.2022, 08:59
  • «Аллаһу акбар деп айқайлаған»: Жамбыл облысында сотталушы түрменің үш қызметкерін жаралады
    02.08.2022, 08:47
  • Халықты жоқшылық қысып барады...
    01.08.2022, 13:40