Тұралаған банктер мен қалжыраған қорлар елді қиындықтан құтқара ма?

Қарлығаш Зарыққанқызы

26.01.2021, 12:37

1973

        Осыдан 11 жыл бұрынғы дағдарыс кімнің де болса есінде. 2009 жылғы әлемдегі  қаржылық дағдарыс Қазақстанның біраз банктерін тұралатып кетті. Сол жылы еліміздегі  Альянс банк, БТА банк сияқты қаржы институттарына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан демеу қаржы беріліп, үкімет елдегі бірқатар банктерді қанатының астына алған болатын. Ондағы демеу қаржы сомасы 476 млрд теңгені құраған еді. Артынша бұл банктер қаржы нарығында өздерін банкрот деп жариялады. Содан бері қандай да бір қиындық туса, үкімет банктерді демеуді назардан тыс қалдырған емес.

      Зейнетақы қорынан банктерге қаржы бөлу, Ұлттық қордан демеу қаржы бөлу, «Самұрық-Қазынадан» банктерге үлес қаржы бөлу дейсіз бе, толып жатқан қолдау қаржылар банктерді сауықтыруға жұмсалды. Бірақ бұдан біздегі банк жүйесі халықаралық дәрежеге жете қойған жоқ. Тіпті өткен жылдың аяғында Халықаралық валюта қорының мамандары Қазақстандағы банк жүйесін сынап та тастады.  

                     Сауапты ісі де, сауатты маманы да жоқ

        Халықаралық сарапшылар алға тартып отырғандай, әлемде Қазақстан сияқты банктеріне шамадан тыс «қорғаныш» болып отырған мемлекет кезікпейді. Бұл ретте Халықаралық валюта қорының мамандары «Екінші деңгейлі банктерге зейнетақы қорынан қаржы бөлу дұрыс емес. Үкімет екінші деңгейлі банктерді қолдай бермей, оларға уақытша және қысқа мерзімді қайтарымды түрде көмек көрсетуі керек. Банктерге демеу қаржы бөлумен емес, оларды тұрақтандыру ісімен айналысқан жөн. Ол үшін халықтың банктерге деген сенімін арттыру керек» деген болатын.

       Отандық мамандардың пайымдауынша, тұралаған банктер мен қалжыраған қорларға қаржы құюмен іс бітпейді. Бұл мәселенің бетін ғана қалқып, түп-төркінін аңғармай, өте берудің бір түрі.

      – Біздегі банктерде сауатты мамандар жасақталмаған. Егер банк саласына сауатты менеджерлер келген болса, онда біз кез келген дағдарыста қиналмайтын едік. Қай салада болсын сауатты мамандардың жоқтығы сол саланы тұралатады. Банктерді дағдарыстан алып шығуға қабілетті сауатты топ-менеджерлер легінің қалыптаспауы елдігімізге сын. Біздегі банктер тек несие берумен ғана айналысып келеді. Банк пен өндіріс арасында жақындық жоқ. Олар экономиканың нақты секторын қаржыландырудан қашқақтайды. Халыққа несиеге беретіндері – депозитте жатқан қаржылары. Депозиттегі қаржыны ұзақ мерзімге несиеге беру үшін үлкен тәуекел керек. Біздегі банктердің жұмысын тұрақтандыру үшін банк пен өндіріс арасы тығыз байланыста болуы керек. Түсімі мол өндіріс орындарын қаржыландырып, ірі  жобаларға қаржы салынса ғана банктердің қаржысы қайтарымды болады. Сонда олар үкіметке алақан жаймайды, – дейді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.

                           Банк бір жақта, халық бір жақта…

       Маманның айтуынша, дағдарыс кезінде де банк секторының жұмысын жандандыруға болады. Олай етпесек, біздегі банктер «бел қайыстырмай, үкімет қолдайды» деп, отыра беретін күйге жетті.

       Бейсенбек Зиябековтің пікірін қаржыгер Арман Мусин де қуаттап отыр. Қаржыгердің байыптауынша, осы уақытқа дейін үкімет банктерді қолдап келді. Ендігі кезекте банктер де «алмақтың да салмағы бар» екенін сезінуі тиіс.

     – Банктердің қай салаға несие беретінін ескерсек, саудаға – 19,7, құрылысқа – 12,8, өнеркәсіпке – 11,5, көлікке – 3,2, ауыл шаруашылығына 2,1 пайыз арзан несие берген. Арзан дегендерінің өзі 7-14 пайыздың аралығын құрайды. Аңғарсақ, өнеркәсіпке бөлінген қаржы мардымсыз. Ауыл шаруашылығына бөлініп отырған қаржы да ауыз толтырып айтарлықтай емес. Қазір банктер үшін жекелеген адамдарға 28 пайызбен несие беру тиімді болып отыр. Біздегі банктердің қолынан келетін тірлігі осы. Алдағы уақытта осы мәселені үкімет банктерге төтесінен қоя білуі керек. Банктерді жекеменшіктің қолына тұтастай беріп қою да дұрыс емес. Осы арқылы біз арзан несие жүйесін қолданыстан шығарып алдық. Банк пен халық арасында алшақтық пайда болды. Елдегі ақша-несие саясатын жүйелемей, басымыздан дағдарыс кетпейді. Сондықтан бұл арада банк секторының жұмысын дұрыстау қажет, – дейді қаржыгер Арман Мусин.  

                                             Несие де саясат

      Қаржыгердің байыптауынша, «ақша-несие саясатын біз айналымдағы ақшаны көбейту» деп қана қарамауымыз керек. Ол ақшаны жұмыс істету жағын қарастыруымыз керек. Несиеге берілген қаржы да жұмыс істеп тұруы керек.

     – Кезінде халыққа дұрыс түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді. Қарапайым халық 2005 жылдары несиені тегін ақша тәрізді қаулатып алды. Артынша  оны банктерге қайтармай қашты. 2009 жылы бірқатар банктердің жағымсыз несие қоржыны еселеп көбейді. Осыдан барып дағдарыстың үстіне дағдарыс жамап алдық. Ал мұндайда үкіметтен қолдау қаржы бөле беру – ол уақытша дем беру. Осыны сезінсе банктер өндіріс орындарын қолдап, оларға арзан несие беріп,  оларға түскен түсімдерінен пайыздарын алып отыруы керек еді. Бірақ мұндай капитализмді біздің банктер меңгере алмай жатыр, – дейді Арман Мусин.

            Қорлар мен банктер ауылға қашан бет бұрады?

      Сондай-ақ, мамандардың байыптауынша, Қазақстандағы банктер республика халқының 43 пайызы ауылда тұратынын әлі ескермей жатыр.  Мамандар айтса айтқандай, республика халқының жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұратыны белгілі. Сөйте тұра, біздің банктер ауылда қалай жұмыс істеу қажет екенін шынымен де терең меңгерген жоқ. Шаруаларды арзан несиемен қамту әлі жолға қойылған жоқ. Кезінде кеңестік банктер тарапынан ең көп қаржыландырылатын сала ауыл шаруашылығы болған еді.

       Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, мұнайдан кейінгі экспортқа шығарып отырған негізгі өніміміз астық болғаннан кейін, осыған сай, түрлі идеяларды жүзеге асыруға болатын еді. Ауылдық жерлерде заманға сай астық терминалдарын, наубайханаларды, ұн тартатын диірмендер желісін құру, оларды және мал бордақылау орталықтарын қаржыландыру сияқты жұмыстар қайтарымсыз болмайды. Бірақ біздегі банктер тек шетелден қарыз әкелеп, оның үстіне үстеме қосып, халыққа несие беруді ғана жақсы меңгерген. Ал банктер қиналса, үкімет те оларды қолдауға дайын.

     – Бірақ бұл бізді дағдарыстан алып шығатын жол емес. Тұралаған банктер мен қалжыраған қорларға қолдау көрсете беру арқылы біз дағдарысты еңсере алмаймыз. Керісінше, біз оған бата түсеміз. Сондықтан елдегі банктерді, акционерлік қорларды, ұлттық холдингтерді ауылды қаржыландыруға, өндірісті арзан несиемен қамтамасыз етуге, шағын бизнеске қаржылай қолдау көрсетуге тереңірек бағыттаған абзал, – деп ой түйіндейді қаржыгер.

 

Тегтер: экономика болжам пайым нарық халық ұлттық экономика Ұлттық банк

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 09:05
Қазақстанға АЭС керек пе?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 09:04
Қазынада дефицит: Үкімет «тарта жесе, тай қалатынын» қашан ұғады?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 22.09.2021, 08:22
«Уәдеге тойып біттік»
Айнұр ӘЛИ 21.09.2021, 14:50
Жеңіл өнеркәсіптің жайы қалай?
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39