Тұтынушының құқын қорғай алып жүрміз бе?

Еркежан АРЫН

29.10.2020, 04:22

1066

Бүгінгі күні Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қалпына келтіру бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінде бірқатар функциясы бар 65 қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Олар әр сатыда: сотқа дейінгі дауларда және қоғамдық бақылауда тұтынушылардың қорғаушылары ретінде әрекет етуге құқылы.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі барлық мамандандырылған қоғамдық ұйымдарды бір қауымдастыққа біріктіруді талқылауды бастады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әсел Абубакирова ұйымдарды біріктіру қажеттілігі туралы:

– Біз бірқатар елдің тәжірибесіне үңіліп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі өзара іс-қимылдың нақты схемасын ескеруі керек екенін байқадық. Мысалы, Сингапурда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі бір қауымдастық (CASE) болса, Германияда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 30-дан астам ірі ұйымдарды біріктіретін тұтынушылар одағы бар.

Яғни, бұл ұйымдар тұтынушылардың дауларын шешуге үкіметтің қатысуын барынша, азайту үшін құрылған. Біздің жағдайда, бұл даулар тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің алғашқы үш кезеңінде шешілетіндігін білдіреді.

Шілде айында күшіне енген «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңнамаға енгізілген өзгертулер тұтынушылардың құқықтарын қорғау процесіне азаматтық сектордың көбірек қатысуын көздейді.

Бүкіл жүйе тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету алгоритмі бойынша қайта құрылып жатыр. Осы мақсатта тұтынушылардың шағымдарын қарастырудың үш сатылы жүйесі енгізіліп отыр.

Бірінші кезеңде сатушы сатып алушының талабын өздігінен немесе тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарын тарту арқылы қарастыруға міндетті.

Екінші кезең мемлекет қатысуын көздейді. Шағымды уәкілетті органға жіберу туралы шешімді тұтынушының өзі қабылдайтынын түсінген жөн. Тұтынушының бастамасы оның жауапсыз кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту ниетіне байланысты. Сотқа жүгіну, іс жүзінде, соңғы саты. Енді сот жүйесінің тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін қайта құрылуы өте маңызды.

Сондай-ақ тұтынушылардың құқын қорғаудың біртұтас ақпараттық жүйесі арқылы тұтынушылар мен қауымдастық арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз ете алуы  қажет. Жүйені тестілеу пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтанда қазан айында басталды. «Келесі жылы бұл жүйе бүкіл елде жұмыс істейді» деп жоспарланып отыр. Онда тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері қосылып, осы платформаның көмегімен  қауымдастық мүшелері тұтынушылардың мүдделерін білдіріп, өзара дауларды соттан тыс шеше алады.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин 2020 жылдың 1 қарашасына дейін Қазақстанның сауда және интеграция министрлігіне тұтынушылар құқығын қорғаудың ажырамас жүйесін құру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берген болатын. Оның айтуынша, жыл соңына дейін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық ұйымдардың қауымдастығын құру, үкіметтік емес ұйымдардың негізінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізу мәселесін пысықтау, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қорғау тақырыбына реттеушілік әсерін талдау бойынша міндетті талапты қамтамасыз ету қажет.

Сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Ұлттық Банк Басқармасының» Шағын несие беру туралы шартының мазмұнына, рәсімделуіне, міндетті шарттарына, микрокредитті өтеу кестесінің нысанын қоса алғанда, микрокредит беру туралы шарт жасасу тәртібін бекіту туралы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар» енгізді. Яғни, түзетулер микрокредиттер бойынша жеке қарызды сотқа дейінгі реттеу тәртібін белгілейді. Микроқаржы ұйымы қарыз алушыны микрокредиттеудің кешіктірілгені туралы оның пайда болған күнінен бастап, күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей, хабарлауға міндетті.

Қарыз алушы қарызды кешіктірген күннен бастап, 30 күнтізбелік күн ішінде қарызды өтеу мәселесін реттеу туралы өтінішпен МҚҰ-ға жүгінуге құқылы. МҚҰ 15 күнтізбелік күн ішінде қарыз алушының өтінішін қарайды және шешім туралы жазбаша хабарлама жасалады. Қарыз алушының сұранысы болмаған немесе қарыз алушымен келісімге келмеген жағдайда, МҚҰ қарызды нотариустың атқарушылық жазбасының негізінде өндіріп алуға құқылы. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржылық қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев:

– Микрокредиттік қарыздарды сотқа дейінгі реттеудің міндетті рәсімінің болмауы МҚҰ-ның кешіктірілгеннен кейін қарызды өндіріп алу шараларын қабылдауға және қарыз алушыларға мәселені шешудің нұсқаларын ұсынуға мүмкіндік бермейтіндігіне әкеледі, бұл, өз кезегінде, әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкеп соғады. Микрокредиттер бойынша жеке қарызды сотқа дейінгі реттеу тәртібін белгілеу әлеуметтік шиеленісті және проблемалық міндеттемелердің өсу қаупін азайтады, – дейді.

Жалпы, маңызды жұмыстар қарастырылды. Себебі, мемлекет және мамандандырылған үкіметтік емес сектор, барлығы, бірігу арқылы осы саланы одан әрі дамыту үшін бірыңғай тәсілді әзірлеуі қажет. Ортақ мақсат – азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту, қазақстандықтарды сапалы тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғау.

Ол үшін үкіметтік емес ұйымдардың кәсібилігі ғана емес, сонымен бірге, азаматтардың өз құқықтары туралы хабардар болуы да маңызды. Ұсынылып отырған Қауымдастық, ең алдымен, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік жобаларды іске асыру, сондай-ақ уәкілетті және мемлекеттік органдарға ҚР тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңнамасын жетілдіру бойынша көмек көрсететін ауқымды шараларды жүзеге асырады, деп сенеміз.

Тегтер: тұтынушы құқы сұраныс ұсыныс заң қорғау отандық өнім мүдде

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 09:05
Қазақстанға АЭС керек пе?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 09:04
Қазынада дефицит: Үкімет «тарта жесе, тай қалатынын» қашан ұғады?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 22.09.2021, 08:22
«Уәдеге тойып біттік»
Айнұр ӘЛИ 21.09.2021, 14:50
Жеңіл өнеркәсіптің жайы қалай?
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39