Үй түгіл, үйшік сатып алу арман. Үкімет қашан оянады?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

07.07.2021, 08:50

1522

       Отандық нарықта баспана бағасы қатты шарықтап кетті.  Деректерге жүгінсек, баспана тұрғызуға аса қажетті құрылыс материалдары былтырғымен салыстырғанда 200-300 пайызға өскен. Бұған дейін баспаналы болуды ойлайтын халық жиған-тергеніне жер алып, шағын үй салуды жөн санайтын. Ал нарықтағы қазіргідей қымбатшылықта халықтың өздігімен үй салып алуға да шамасы жетпейін деп тұр. Егер үкімет тұрғын үй құрылысы саласындағы асау бағаға тұсау сала алмаса, қазаққа үй түгіл, үйшік сатып алу арман болатын тәрізді.

  

                      Қол жетпес 30 шаршы метр

        Жалпы, Қазақстанда 2,5 млн адам, яғни халықтың 14 пайызы баспанаға мұқтаж. Бұл ресми дерек. Ал бейресми дерек бойынша елде баспанаға қолы жетпей жүрген бұқараның саны 5 миллионнан асып жығылады.

       Негізінде, халықты баспанамен қамтуға қатысты БҰҰ-ның арнайы белгілеген стандарты бар. Оған сәйкес, елдің әрбір тұрғынына 30 шаршы метр тиесілі болу керек. Алайда біз бұл стандартты тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, әлі бағындыра алмай келеміз. Экономист-сарапшы Марал Төртенованың айтуынша,  баспана бағасын арзандатуға енді үкіметтің шамасы келуі неғайбіл.

      – Әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайға сәйкес, болашақта халықаралық банктер  біздің банктерден, ірі компаниялардан қарыздарын сұрай бастайды.  Осы тұста екінші деңгейлі банктер ипотека пайызын қымбаттатса, елдегі құрылыс компаниялары шығындарын жабу мақсатында  салған үйлерін қымбатқа сата бастайды. Бұған қоса, делдалдар да құрылыс заттарын шетелден қымбат бағаға әкелетінін желеу етіп, құрылыс материалдарын қымбаттатады. Осы себептерді алға тартсақ,  әзірге баспана бағасы арзандай қоймайды, – дейді Марал Төртенова.

                     «Жаңғырмадық, қаңғырдық...»

       Ал сонда қарапайым халықты арзан баспанамен қамту мәселесі басы ашық күйінде қала бере ме?! Біздің билік бұған дейін бұқараны «баспанамен қамтимыз» деп, бірнеше бағдарлама легін ұсынды.  «Қолжетімді баспана 2020», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Баспана-хит», «7-20-25» дейсіз бе, толып жатқан тұрғын үй бағдарламасы бізде жетерлік. Бұдан бөлек, баспананы 20 жылға жалға беру, жастарды баспанамен қамту, алғашқы жарнасыз 20-25 жылға жалдамалы пәтер беру тәрізді толып жатқан жаңашылдыққа толы бағдарламалар да бізде болды. Бірақ  қаржыгер Арман Мусиннің  айтуынша, әзірге мұндай реформалардың қызығын халық көре қойған жоқ.

      – Расында, біз жаңғырмадық, қаңғырдық. Негізінде, бізде құрылыс жүргізетін компаниялар жерді мемлекеттен жеңілдікпен алады. Коммуникацияны мемлекет есебінен жүргізеді. Салыққа жеңілдік беріледі. Ендеше инвесторлар салған үйлерінің шаршы метрін неге арзандатпайды? Алматы мен Нұр-Сұлтанда үйдің шаршы метрі 300-400 мың теңгені құрайды. Алпауыт инвесторлар халықтың жинаған тиынына үй түгіл, ит жататын үйшікті те сатпайды. Үй бағасы елде тым қымбат. Сондықтан баспана бағасын арзандатуға үкімет бел шешіп кірісуі керек, мемлекеттік жеңілдк берілген инвесторларға нақты талап қойылуы қажет, – дейді Арман Мусин.

  

                       Ынсапсыз инвестор, тоқпақсыз үкімет

         Сала мамандары «сауатты әрі салмақты тәсілін таппасақ, 2025 жылға қарай елде баспанасыздар саны екі есеге көбейіп кетуі мүмкін» деп  дабылдатып отыр. Бірақ мұндай дабылға мемлекеттен жеңілдік алып, тұрғын үй құрылысын жүргізіп отырған ірі компаниялар пысқырмайтын  да сияқты. Мысалы, өткен аптада BI Group құрылыс компаниясы үлескерлерімен жасалған брондау келісімшартын біржақты бұзатындарын мәлім етті. Олардың үлескерлерге қойып отырған талабы – «не пәтерді жаңадан қойылған қымбат бағаға аласың, не салған ақшаңды қайтарып аласың». BI Group компаниясының өкілдері «Әлемдік және жергілікті нарықтағы ахуал осылай жасауға мәжбүрледі. Құрылыс материалдары, техникасы мен монтаж жұмыстары 50 пайызға дейін қымбаттады. Осыған байланысты біз енді баспананы арзан бағаға сата алмаймыз» деп ақталады.

       Бір ғана  BI Group емес, елдегі өзге де құрылыс компаниялары мамыр-маусым айларында баспананың шаршы метрін тым шарықтатып жіберген.  Бұл ретте бәсекелестікті қорғау агенттігі соңғы бір айда ғана 25-тен астам ірі құрылыс компанияларына ескерту хатын жіберіпті.  Алайда бас пайдасын көздеген инвесторлар ескерту хатты да, басқа да шараларды ескеріп отырған жоқ. Осы орайда атап айтарлығы, инвесторлар мен компанияларға үкіметтің сөзі де, тоқпағы да өтпей тұр.

            

Тақырыпқа тұздық

               «Зәулім үйде отырғандар оянбай жатыр»

        Енді не істеу керек?  Қарапайым халықтың армандаған баспанасы құр қиял болып қала бере ме? Бір үйге мұқтаж жандардың мәселесі қашан шешіледі? Халық жалдамалы пәтер кезіп, қашанға дейін қаңғырады?Тақырыпқа орай, біз осы саланы зерттеп жүрген «Аналитик» талдау орталығының әлеуметтанушы маманы  Наркенже Баяхметовкесауалдарымызды жолдаған едік.

      –  Біз елдегі баспана машақатын, бір ұяға зар болып жүргендердің мұң-мұқтажын таяу болашақта шеше аламыз ба, бастысы, бұл саладағы бағаны тұрақтандыру мүмкін бе?

      – Нақ қазір осы нарықта алыпсатарлық  өршіп тұр. Елде арзан үйлердің дені қарапайым халықтың игілігіне емес, тұрғын үй нарығындағы алыпсатарлардың пайдасына жұмыс істеп жатыр. Олар пәтерді қайтара сатқан кезде үйдің бағасын аспандатып жібереді. Міне, бізге бірінші кезекте  осы үрдіске тыйым салу керек.   Нарық болғаннан соң,үкімет оны реттеуікерек.

       Кейбір сарапшыларнақ қазір біз үшін баспана мәселесін бабына келістіретін тағы бір тетік – арнайы маманданған тұрғын үй қорларын құру керегін айтып жүр. Бұл бізге қажет пе?

       – Негізінде, бізде тұрғын үй инспекциясын құру, тұрғын үй қорының жай-күйіне арнайы мониторинг жүргізу, нысандардың нормативтік беріктіктерін қадағалау тәрізді жұмыстар жүргізілу қажеттігі жиі сөз болады. Алайда тыңғылықты ұсыныстар айтылғанымен, қайсыбірінің шешімін  таппай жатқаны жасырын емес. Қалай десек те, баспанасын тірлігінің берекесі санайтын кез келген қауымның үйсіз күйі жоқ. Ендеше күйі кетпес үшін бұқара баспанамен қамтылуы керек. Ол үшін халыққа тиімді бастамаларға кіріскеннің артықшылығы жоқ деп ойлаймын.

      – Жалпы, үкіметтің баспанаға қатысты ұстанған бастамаларына қандай баға бересіз?

     – Ойлап қарасаңыз, қалалық жерде үйсіз-күйсіз жүргендердің көпшілігі өзіміздің қазағымыз. 1969 жылдары кеңестік идеология ауыл қазағын қалаға аса үйір қылмау саясатын ұстанды. Сол кездері өзге ұлт өкілдері қаладан қос-қостан үй алып жатқанда, ауыл қазағы малын бағып жүре берді. Ал енді қазір жұмыс жоқ, мал өсіруге қолайсыз аймақтар бар. Ондағы тұрғындар қалаға келсе, жалдамалы пәтерде тұрады. «Жыртық үйдің де құдайы бар» демекші, жалдамалы пәтерде көшіп-қонып, сол пәтер қожайынының қас-қабағына қарап жүрген елдің жағдайы қайдан оңалсын?! Олардың көпшілігі тапқан-таянғанын не тамағына, не киіміне, тіпті пәтерақысына да жеткізе алмауда.  Осы ретте қоғамдағы мұқтаж жандарды баспанамен қамтуда  үкіметте сауатты менеджерлер легі жетіспей тұр. Баспана –  халықтың ең жанды жері. Мұны үкімет ұғуы керек. Өкініштісі сол – бізде әдемі креслода, жарқылдаған кабинетте отырғандар осы жағын түсінбей жүр. Зәулім үйде отыратындар оянбай жатыр. Егер үкіметтің тұрғын үй нарығына қатысты ұстанған бағыты оңды болса, сіз бен біз жыл сайын «баспананың бағасы өсіп кетті, баспана алу арманға айналды» деп бас қатырмайтын едік. Сондықтан өз басым үкіметтің бұл салада ұстанып отырған істеріне көңілім толмайды.

Тегтер: баспана мәселе тұрғын үй кешен тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 14:24
Батыс Қазақстан башқұрттармен бизнес жасамақ
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:23
«Досаевқа – «2», үкіметке – «-1»
Сайт әкімшілігі 18.10.2021, 15:39
Ауыл шаруашылығы министрі ұн мен астық неге қымбаттағанын түсіндірді
Еркежан АРЫН 16.10.2021, 16:24
Қазақстандағы электрондық сауданың даму қарқыны жоғары
Айнұр ӘЛИ 14.10.2021, 13:00
Жалдамалы жұмыс жарылқай ма?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 14.10.2021, 09:00
Зейнетке шығу бір арман

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31