Үкімет қазақтың күнкөрісін неге 42 500 теңгеге байлап отыр?

42 500 теңге еш өзгеріссіз, сол күйінше қалды

Қарлығаш Зарыққанқызы

07.01.2021, 09:53

3979

        Былтыр  халық қиналғанда жыртыққа жамау да бола алмаған 42 500 теңге биыл тағы да ең төменгі жалақы болып бекітілді.  Сарапшылар бірнеше жылдан бері «елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін орташа жалақының 70 пайызына теңестіру керек» десе де, 2021 жылы 42 500 теңге еш өзгеріссіз, сол күйінше қалды.

     Негізінде, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министрлігі 2025 жылға жеткізбей ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруды көздеп отырғанын айтқан еді. Бірақ осы жолы Біржан Нұрымбетов басқарған ведомоствоның жоғарыға сөзі өтпеді ме, әлде  халыққа беретін қаражатты көбейтуді бюджет көтермеді ме, әйтеуір, үкімет қазақтың ең төменгі күнкөрісін бұл жолы да  42 500 теңгеге байлап қоюды жөн көріпті.

      Ең қызығы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өсті. Енді 1 АЕК 2917 теңгеге тең.  Былтыр 1 қаңтардан ол 2651 теңге болса, 1 сәуірден 2778 теңгеге  ұлғайды, ал 2021 жылдан бастап 2917 теңгеге дейін өсіп отыр. Ал  базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болып бекітілді.

 

             «Нұрымбетов  42 500 теңгемен күн көре ала ма?!»

       Жалпы, әлеуметтік төлемдерге, ең төменгі жалақы шегіне қатысты сын айтатындар бізде жетіп-артылады. Мысалы,экономист-сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, қазіргідей қымбатшылық жағдайында Қазақстандағы ең төменгі жалақы 42 500 теңге емес, 70 мың теңгенің айналасында болуы керек. Мұны ескерсек, елдегі пандемияға байланысты табысынан айырылып, әлі де қиыншылықтан шыға алмай, батпақтап жатқандарға  70  мың теңге көлемінде жәрдемақы төленгені абзал еді. Алайда мамандар осылай дегенімен, мұны естір құлақ қайда?!

         Осы мәселенің тоқетерін шешуі тиіс министр Біржан Нұрымбетовтің пікірінше, рас, ең төменгі айлықты елдегі орташа жалақының 30-40 пайызына жеткізу қажет. «Қазір 200 мың теңгенің 42 500 теңгесі – шамамен 21 пайыз. Егер елде орташа жалақы өссе, ең төменгі айлық та ұлғаюы керек. Мәселен, егер бізде орташа еңбекақы 400 мың теңге болса, ең төменгі жалақы оның 30 пайызы, яғни 120 мың теңге болуы тиіс. Біз осылай болғанын қалар едік, осындай стандарттарға ұмтылуымыз қажет», – дейді министр.

      Депутаттардың айтуынша, Қазақстандағы ең төменгі жалақы ЕАЭО-ға мүше Ресейден – 34 мың, Беларусьтан – 22 мың, Армениядан – 13 мың, ал ТМД елдеріндегі Украинадан – 35 мың, Молдовадан – 25 мың, Әзірбайжаннан 16 мың теңгеге төмен. Бұған қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:

     – 42 500 теңге халықтың қажеттілігін толық өтейтін сома емес. Елдің әл-ауқатын көтеруге көмек болатын көлемді қаражатқа да жатқызуға келмейді. Дәрі-дәрмек, азық-түлік  өте қымбат. Нұрымбетов 42 500 теңгемен күн көре алар ма екен?!  Қазір белгілі болғандай,  республика халқының 60  пайызы қаражатын ас-ауқаттан үнемдеуге көшкен. Себебі қымбатшылық қатты иек алып барады. Тапқан табысы мен күнкөріс деңгейі қабыспайтындардың қатары қалың. Қала халқының төлейтін коммуналдық қызмет ақысы бар. Ауыл халқының жемшөбінен бастап, отын-суына дейін қымбаттаған. Алдағы уақытта да қымбатшылықтың одан әрі өршімейтініне қатысты ешбір инстанция кепілдік бере алмайды. Біз қазір әлеуметтік аз қамтылған топтарға үлкен салмақ түсіріп отырмыз. Соңғы екі жылда халықтың ақшаны тамақтан қатты үнемдеуі көп нәрсені аңғартады, – дейді.

              Сұраныс болмаса, экономика қалай өркендейді?

       Негізінде, экономиканың заңы бойынша халықтың қолында қаражат жоқ болса, экономиканың да болашағы бұлыңғыр деген сөз. Бұл ретте экономист-сарапшы Мақсат Халық: «Бүгінде экономикадағы үлкен проблема – жиынтық сұраныстың түсіп кетуі. Өйткені халықтың қолында қаражат жоқ. Қандай да бір тауарды алғысы келеді, бірақ сатып ала алмайды. Сондықтан ең бірінші кезекте осы мәселені шешу керек деп ойлаймын», – деген болатын.

       Маманның пайымынша, жиынтық сұраныстың түсіп кетуі осындай мәселеге әкеп тірейді. Сондықтан үкімет болашақта табыссыз қалғандардың қолына қаражат ұстату жағын мықтап қолға алуы керек. Ол үшін елдегі жұмыссыз қалғандарға «екі қолға бір күрек» ұстатып, жұмыс беруі тиіс болмаса бюджеттен бөлінетін жәрдемақының, ең төменгі жалақының көлемін арттыру қажет.

     

            Халық Ұлттық қордың шарапатын қашан көреді?

      Біздің билік қанша жерден халықты тарықтырмаудың амалдарын қарастырып жатырмыз дегенімен, мемлекеттік көмекке қолы жетпей, биліктен емес, қайырымды жандардан көмек сұрап  жатқандардың  саны көбейіп барады. Бұған қатысты экономист мамандар арасында  «Ұлттық қордан әр тұрғынға ақша бөлу керек» дейтіндер де табылды. Мәселен, экономист-сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, енді Ұлттық қордың шарапатын көретін кез келді.  Ойын ортаға салған маман былай дейді: «Ұлттық қорға қазір мұнайдан түсетін түсім, корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы,  пайдалы қазбаларды өндіру салығы, өнімді бөлу бойынша үлестер, экспортқа рента салығы және өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі, міне, осылардың барлығы Ұлттық қорға түседі. Біз бұл қаржыны «халықтың басына әлдеқандай жағдай туғанда тығырықтан алып шығады» деп сақтап отырмыз. Ендеше қазір сол кезең келді».

   

                                  Төрт тиімді тәсіл ескеріле ме?!

        Қалай десек те, қазір әлемді жайлаған індеттің ауыртпалығы ғана емес, экономикалық қиыншылықтары да таяу болашақта қатты сезіле бастайды. Қазір қарапайым халықты қойып, тіреп тұрған бизнесі бар, шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің де уайымы қалыңдап кетті. Өйткені олардың да бизнесінің бабы кете бастады. Экономист-мамандардың пайымдауынша, әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайдың өзі болашақта нақты өзгерістер болуы керегін көрсетіп отыр. Олардың ең қарапайым әрі тиімді тәсілі: біріншіден, инфляция жеп қойған халықтың ақшасы қайтуы үшін орташа жалақы көлемін өсірген жөн. Бұл әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген әлеуметтік қызметкерлерге қатысты айтылып отырған ұсыныс. Екіншіден,  үкімет монополистерге шектеу қоя білуі керек. Тариф бағасын қолдан көтеруге, газ, жанар-жағармай бағасын орынсыз қымбаттатуға жол берілмеуі тиіс. Үшіншіден, отандық өнім өндіретін кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктерден бөлек, тарифтік жеңілдіктер қарастырылса жөн болар еді. Себебі жылу мен жарық, жол тасымалы қымбаттаған сайын, олар да өнім бағасын өсіре қояды. Осы мәселенің алдын алу үшін отандық өнім өндірушілерге жеңілдікпен қолдау білдірген абзал. Төртіншіден, халық ең көп тұтынатын өнімдер арзан болу үшін мемлекеттік арзан дүкендер желісі ашылса жөн болар еді. Ол дүкендерге өнімдер зауыттан шыққандағы өз бағасымен жеткізіліп отырса, анағұрлым арзан болады.

      Міне, осындай ұсыныстарды алға тартқан экономист-сарапшылар «үкімет әлеуметтік жағдайы төмен елдің күнкөрісін 42 500 теңгеге матап қойып отыра бермей, алдымен осы амалдарды жүзеге асыруы тиіс» деп нықтап отыр.

Тегтер: жәрдемақы әлеуметтік жағдай аз қамтылған отбасы қоғам заман

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:22
"Қазақстан тұрғын үй компаниясы" басшысының экс-орынбасарына ірі көлемде айыппұл салынды
Бекқали ТОРҒАЕВ 14:27
Медицина қашанда стратегиялық маңызға ие
Қамал СӘТТІЛІК 22.04.2021, 09:18
Биткоинмен пара алғыштар неге абыржып жүр?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.04.2021, 08:55
«Инфляция 4-6 пайыз емес», үкімет шындықты бүркемелеп отыр
М.СӘУЛЕБЕК 21.04.2021, 08:59
Үшінші мегаполистің үлкен проблемасы
Еркежан Арын 20.04.2021, 10:56
«Жасыл кеңсе»: қанша тұрады және қаншалықты үнемді?

Аңдатпа


  • Жасымнан жол сілтеген шамшырағым
    09:03
  • Қонаевтың іс-әрекеттерін қалай бағалауымыз керек?
    21.04.2021, 09:13
  • Бердіқұлов тағылымы
    21.04.2021, 09:03
  • Жыры бітпеген электронды жүйе
    20.04.2021, 10:10
  • Артық мұнай қоры бітуге жақын - БАҚ
    19.04.2021, 10:25