Үкіметте байшікештердің көп болуы бақ па, сор ма?

Қарлығаш Зарыққанқызы

07.12.2020, 09:05

1516

      Отандық сарапшылардың пайымдауынша, біз үшін нақ қазір алаңдауға тиіс мәселелердің бірі – халықтың тұрмысқа сай табыс табуына, сол табысын мамыражай тіршілік кешуге жұмсауына жағдай жасау болуы керек. Ал  қазіргі нарықтың болмысында көптеген адамның айлығы шайпұлына жетпей, «шақшадай басы шарадай» болуда. Біреулер кедейленіп жатса, енді біреулерге қымбатшылық майдай жағып, еселеніп байып жатыр. Бұл үрдісті сарапшылар «халықтың тұрмыс-тіршілігінің әртүрлілігінен, тұрмыс пен тіршілік арасының қабыспауынан» деп түсіндіреді. Ал сонда әртүрлілік дегеніміз не? Біз бүгін осыны сараптап көрелік.

                   Әлеуметтік теңдікті жөнге салу керек

       Ресми деректерге жүгінсек,  біздің елімізде бай-манаптардың көрсеткіші шамамен 15 пайызды мөлшерлейді. Ал елдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен таптың көрсеткіші 30 пайызды құрайды. Республика халқының қалған 45 пайыздайы айлығын шайпұлына ғана жеткізе алатын орта шаруалар болса, ендігі бір 10 пайыздық меже күнкөріс жағдайы тіптен төмен адамдардың еншісіне бұйырыпты. Қазір көптеген ел бай-манаптарының қалай байығанына, шынымен де адал еңбек, маңдай терімен дәулетке қол жеткізді ме, болмаса тағы басқа жайттар әсер етті ме деген мәселеге айрықша назар аударуда. Сондықтан, мамандардың пайымдауынша,  мұндай жүйені бізге де дереу қалыптастыру керек.

      Негізінде, біраздан бері табыс декларациясын жария ету, байлардың сән-салтанатына салықты еселеу, орташа жалақы деңгейін көтеру, жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік көмекті ұлғайту жайы қозғалып-ақ келеді. Былайша айтқанда, біздің атқарушы билік кедей-кепшіктің жағдайын жасау жолында біршама реформаға реңк бергендей болды. Бірақ қоғамда сауатты әлеуметтік теңдіктің қалыптаспай отырғаны жасырын емес. Бұл ретте әлеуметтанушы Аймара Тілеукина: «Біраз елдермен салыстыра қарасақ, Қазақстандағы жағдайдың өзгешелігін байқау қиын емес. Мысалға, Швеция халқының 5 пайызы байлар болса, 10 пайыздайы – кедейлер, қалғаны орта таптағы адамдар. Швецияда орташа өмір сүретін адамдар саны көп те, жарлылар мен байлар саны аз. Осыдан болар, олардың халқының жағдайы жақсы. Тірліктері мамыражай. Бір сөзбен айтқанда, Швеция – халқының тұрмыс-тіршілігін теңестіре білген ел. Сондықтан бізге бұған мән беріп, әлеуметтік теңдікті реттеу қажет», – дейді.

      Шенеунік қызметте жүріп, бизнеспен айналыспауы қажет

         Жалпы, әлеуметтік теңдік турасында сөз еткенде мамандардың дені «Кеңес өкіметінің тұсында облыстық басылымдарда бір ауданның басшысы жайлы, оның шалқыған әл-ауқаты жайлы жазылатын болса, оны дереу тексерудің астына алатын. Егер жазылған жайт шындыққа саятын болса, әлгі басшы дереу орнынан алынып, партиядан қуылатын. Кеңес өкіметінің бір жақсы жері – олар бай-манаптарға бақылау қоя білді» деп отыр. Ал қазір елімізде мұндай жүйені дамытуға жеткілікті мән берілмей жатқанын, нақ қазір бізге қарапайым, тойымды көзқараспен баюды үйрену керегін алға тартқан мамандар «алдымен мемлекеттік қызметкерлерге бақылауды күшейткен жөн» деседі.

      – Егер біз елдегі жағдайы төмен отбасылардың көрсеткіші мен бай-манаптардың санын азайтамыз десек, онда бірінші кезекте орынсыз жерде қазақшылық танытуды, яғни көп мәселеде жауырды жаба тоқитын әдетімізді қоюымыз керек. Әрине, байлардың санын азайту дегеніміз революция жасау, баяғыдай «бай-құлақты жою» емес, барынша өркениетті жолмен жүруге тиіспіз, – дейді Аймара Тілеукина.

       Маманның пайымдауынша, егер елдегі 30 пайыздық тұрмысы төмен таптың көрсеткішін соңғы екі жылда кем дегенде 22 пайызға төмен түсірсек, халықтың әл-ауқатына жан бітер еді.

     – Біздегі мемлекеттік шенеуніктердің басым бөлігінің өз бизнесі бар. Олар кейде сол өз бизнесіне «кесірі тиіп кетеді» деп, халыққа қажетті заң жобаларын қабылдамай да қояды. Бизнесі бар мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мінбеден сөйлеп, жақсы көрініп кетеді де, мінбеден түскеннен кейін өз бизнесін дөңгелетуді ғана ойлайды. Демек, бұл арада депутаттардың, министрлердің, сенаторлардың бизнесі бар ма, жоқ па деген тақырып өзекті болуы керек. Үкіметте байлардың болуы  басымызға қонған бақ емес, керісінше, олар халыққа жабысқан сор болып отыр. Міне, осы жайттарға ерекше салмақпен қарайтын кез жетті, – дейді әлеуметтанушы маман.

                         ҰСЫНЫСТАРДЫ ЕСКЕРУ КЕРЕК

       Мамандар нақ қазір елде тұрмысы төмен отбасылардың көрсеткішін азайтып, орта таптағы шаруалар легін көбейту мәселесі өзекті екенін алға тартуда. Бұл тұрғыда экономист сарапшылар көшті түзейтін мынадай бағыттарды ұсынып отыр. Мысалы, экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов: «Біріншіден, бай-манаптарды, мемлекеттік қызметкерлерді бақылау қажет. Осы арқылы монополистік үстемдіктерге ие субъектілер тарапынан қоғамның орынсыз қаналуына жол бермеген жөн. Екіншіден,  қолайсыз, өркендеуі төмен аймақта тұрып жатқан халыққа мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы берілуі керек. Мәселен, АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, Оңтүстік Африкада құнарсыз, су тапшы, нәрсіз жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса, үстеме төлемақы төленеді. Үшіншіден, үкіметтің дамуы кемшін қалаларды дамыту, бірсалалы қалаларды жандандыру, моноқалаларды өркендету іспетті бағдарламалары сауатты орындалмады. Ал бұл  орта шаруалардың көбеюіне өзіндік үлес қосып, қолайсыз аймақта тұрып жатқан шаруаларға қолайлы жағдай туғызатын дүние еді. Мұны қайта қолға алу керек. Төртіншіден, жұмыссыздық мәселесіне мән берілуі қажет. Жұмыссыздық деңгейін жалған цифрлармен көрсетпей, керісінше, ашып айтқан абзал. Ұлттық жұмысшы табын қалыптастыруға тырысқанымыз жөн. Бұрынғы кәсіптік-техникалық оқу орындарының ісін қайта жандандыру қажет. Бесіншіден, халықтың зейнетақысы мен жәрдемақысын қажетті деңгейде индекстеп отыру қажет.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы жәрдемақы мен зейнетақыны индекстеуге бюджеттен 3 трлн теңге бөлінетінін мәлім етті. Бірақ бұл жыртыққа жамау болмайды. Үкіметтегі байлар халыққа бөлінген қаржымен күндерін көре алмайтын еді. Мәжіліс пен сенатта қазір неліктен зейнеткерлер жасы келсе де, орын босатпай отыр? Өйткені олар біздегі тағайындалған зейнетақымен күн көре алмайды. Сондықтан айтарым, халыққа келгенде әділетті бөлініс болуы керек», – деп ой түйіндеді.

Тегтер: үкімет депутат сенат қоғам әлеумет саясат реформа

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 19.01.2021, 14:35
Баспана қашанға дейін қазақтың бас қайғысы бола бермек?
Сайт әкімшілігі 18.01.2021, 12:06
Қазақстанда баспана 15 пайызға қымбаттайды деп болжанды
Шыңғыс АТАЙ 15.01.2021, 09:32
Бізден бәсекелестіктің иісі де шықпайды
Қарлығаш Зарыққанқызы 14.01.2021, 10:43
Халықтың ашқұрсақ екенін мойындайтын кезең жетті
Оразәлі СӘБДЕН,академик 14.01.2021, 09:37
Бюрократиялық, автократиялық шикізат елі
Қарлығаш Зарыққанқызы 07.01.2021, 09:53
Үкімет қазақтың күнкөрісін неге 42 500 теңгеге байлап отыр?

Аңдатпа


  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30
  • Ата-ананы өзекке тебетін заң қазаққа қажет пе?!
    19.01.2021, 09:15
  • Бір тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны мыңнан асты
    18.01.2021, 10:57
  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33