Үкіметтегі шалағайлар жұт дегенді біледі дейсіңдер ме?

Қамысбай БЕРСІНБЕРГЕНҰЛЫ

06.08.2021, 09:24

2458

Бар пәленің  басы өткен  90-жылдардың  басындағы  колхоз-совхоздарды  жекешелендіріп, жылдар бойы  қалыптасқан  және өзіндік  жемшөп дайындау тәсілі  бар мал шаруашылығын ойрандаудан басталды (әрине, талан-тараждан да кенде болған жоқ). Яғни мал ұстап, тым жақсы  күн көріп отырған ауыл халқының тұрмыс-тіршілігінің   быт-шытын шығарды. Қалай өкінбейсің? Сол уақыттарда  мал азығын дайындауда ерте қамданып, жемшөп қорын  жинап, жылдағысын  қосып молайтып, алдағы жылдарға  сақадай дайын болатын еді. Жұт деген пәле айтып келетін, алдын ала болжайтындай  құбылыс емес. Қалай болғанда да, сол өткен кезеңдерде үкімет ауыл тұрғындарының, олардың шаруашылықтарының мәселесіне ерекше мән беретін.

Биылғыдай қуаңшылық Маңғыстауда  осыдан  7-8 жыл  бұрын да орын алған (әрине,  бүгінгідей  масштабта емес), ел іші  біледі. Жұрт  малдарын  сатып, тіпті  бір   тайдың  бағасы  20-25 мың теңгеге  дейін  түсіп  кетті. Осындай  арзан  малдарды  батыс  өңірден  келгендер  сатып  алып, өз жеріндегі  мол  жемшөптің арқасында  семіртіп, қайтадан  Маңғыстаудың  халқына  саудалаған. Әйтеуір, қуаңшылықтың  арты  жауын-шашынға  ұласып, жер көгеріп, малымыз қоңданып, ел еңсесін  көтерген болатын. Аймағымыздың әкімқаралары сол уақыттағы  жағдайдан сабақ алмады. Биылғы   құрғақшылықтың  түрі жаман, алдағы  қыста  ауа райы қандай  болады, «жығылғанға  жұдырық» дегендей,  арты  жұтқа  айналып кетпесе болар еді. Бір Аллаға  сыйынудан  басқа  амал жоқ.

Жалпы, Маңғыстау  аймағы еліміздегі  құрғақшылықтан  жапа  шегетін бірден-бір  өлке. Кезінде дұрыс  үкіметтің  бар  уақытында бұл өңірге  ерекше мән беріліп, яғни аймақтық коэффициент ерекшеліктері болған. Ауыл  шаруашылығына  30 пайыз аудандық  коэффициент  болса, өндірістегілерде  70 пайыз, ал «Маңғыстаумұнайгазбарлау» мекемесінің   саласында  70+40 (полевой) 110 пайызға жетіп жатты. Бұндай  жағдайларды  ескерген одақтық  үкімет  тектен-тек бере салған  жоқ шығар деп  ойлаймын.  Маңғыстаудың  бар байлығы – мұнайын  жылдар  бойы  сорып, жер  қыртыстарын  бүлдіріп,  жерімізді  тоздырып, бүгінгідей  жағдайға  соқтырып отыр. (Еліміздегі  тәуелсіздік  жылдары өндірілген 2,5 млрд тоннаның үстіндегі  мұнайдың  3/1 Маңғыстаудың  еншісінде, қазіргі  уақытта  бұл аймақ не  күй кешіп  отыр? )

Маңғыстау территориясында  Үстірт деген  үлкен аумақ бар. Біздің бала  кезімізде  осы  жерлерді  «Ұлы  қыр»  деп  айтатынын  естіп едік. Көктем  шыға Маңғыстау совхоздарының  малдары  қырға  жаз-жайлауға  шығатын еді. Бұл аумақ бір шеті  Ақтөбе  облысы, бір жағы  Өзбекстан, енді бір жағы  Түрікменстанмен  ұштасып жататын  сайын дала болатын. Осы үлкен  аумақ көп  жылдар  бойы  мал жайылымы ретінде  пайдаланылған  жоқ. Қырға  жеке  шаруашылықтардың  бірен-сараны болмаса, басқалар шыққан жоқ.  Тек  соңғы  жылдары  ғана  шыға бастады.  Айтайын дегенім,  ұлан-ғайыр  аумақта  жыл сайын  сан түрлі  шөп шығып жатты (әрине, әр жылда әртүрлі жағдай болады  дегендей). Жайылатын  мал жоқ болғасын, бұл жайқалған шөптер жыл сайын қурап  жойылып жатса, келесі жылы қайта  шығып,  жадырап жатты. Міне, уақытында  мал азығы үшін  таптырмайтын  шөпті уақтылы шауып, орып, теміржол  торабы бойындағы  Сай-өтес елді мекені маңына жинай бергенде  сауапты іс болатын еді, бүгінгідей таршылыққа тап болмайтын едік.

  Әрине, айтқыштар  табылар, техника жоқ, жанар-жағармай жеткізу керек, шалғай аумақ деп. Бұл елдік дүниені қолдауда үкіметтен  көмек сұрап, алдын ала қамдану керек еді. Сөйтіп, үкімет қаржы көзін  тауып, аймақ басшыларына тапсырма беріп, орындалуын  қадағалағанда, кім біліпті, жағдай басқаша  болар ма еді?! Ұлы қыр деп отырған  үлкен аумақта қаншама  шыңырау  құдықтар болды, мыңғырған  мал су ішсе де,  жетіп  жататын еді. Бүгінде бұл құдықтар қараусыз қалды, суы  тартылып, жарамсыз болып қалды. Осы  құдықтарды  қайтадан  жаңартып, тереңнен  су көздерін  тауып, қалпына  келтіруге  болмай ма? Жоғары сыныпта  оқып   жүргенімізде Ақшұқыр  шаруашылығына  жоңышқа  оруға  көмекке  барғанымыз  бар. Осы  жоңышқа  деген  шөпті  Маңғыстауда  өсіруге  болмай ма? Су шығаратын   скважиналар  арқылы  тереңнен су көздерін  табуға  болмай  ма? Мол су табылып жатса, жоңышқа  өсіретін  алқап Маңғыстауда  жетпей ме?

Бүгінде ауыл шаруашылығы  министрлігінде қызмет істейтін кейбір  департамент  басшылары, сондай-ақ  басқа да  жауапты  қызметкерлері кеше ғана  жоғары оқу орнын бітірген  қыз-қырқын (қайбір жылдары министрдің  орынбасарлығын  да нәзік  жандар  атқарды). Олар  ауылдың, малдың жағдайын, яғни  жай-жапсарын   қайдан  біледі? Көген, қи-тезек, шөп-шөңге дегеннің  не екенін  білмейтін тәжірибесіз  мамандар емес пе? Ауыл шаруашылығы саласының  өзіндік  күрделі  тұстары  бар емес пе? Тіпті  ауыл шаруашылығы  министрлерінің  кейбіреулері  қалада  туып, асфальтта  өскен, шаруашылықтан бейхабар адамдар. Ауыл шаруашылығы  министрі  болған заңгер де бар көрінеді. Бұл барып тұрған бассыздық қой. Осыдан кейін  ауыл шаруашылығы  қайтіп көркейеді?!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 25.05.2023, 06:23
Электромобильді кедендік бажсыз ресімдеу тәртібі туралы
Сайт әкімшілігі 23.05.2023, 15:51
Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға берілетін мерзім аталды
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.05.2023, 09:31
Шабан жалақы, жүйрік инфляция, тепеңдеген халық
Сайт әкімшілігі 22.05.2023, 12:02
Қаржы мониторингі агенттігі қаржы пирамидалары тізімін жариялады
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.05.2023, 15:45
Банкрот болдым дегенше...
Күлтегін БЕК 18.05.2023, 10:09
АҚШ-та дефолт болса, ҰЛТТЫҚ ҚОР бізді құтқара алмайды

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31