Ұлттық қор болашақ ұрпаққа не қалдырмақ?

Айжан БҮРКІТБАЕВА

08.09.2020, 08:52

350

23 тамыз күні ҚР Ұлттық қоры туралы жарлыққа қол қойылғанына 20 жыл толды. Мемлекет басшысының пәрменімен қордаланған қаражатты болашақ үшін жинап, қысылтаяң уақытта ғана пайдалануға шешім қабылданған-ды. Бірақ...

Тұсаукесер жылдары қордағы ақша өсімі оң нәтижесін көрсетті. 2000-14 жылдары Ұлттық қор резерві 77,2 млрд долларды құраған. Алайда бұдан кейінгі жылдары қор қаржысы үмітті ақтай алмады.

Жарлық қабылданған кездегі жоспар бойынша биыл Ұлттық қор қаражаты 90 млрд доллар болуы тиіс еді. Бірақ бүгінде қор қоржыны 57,5 млрд долларды қанағат тұтып отыр.

Ұлттық қордың валюталық активтері 2020 жылдың мамыр айында сәуір айына қарағанда 1,5 пайызға төмендеген. Маусым айында бірінші тоқсандық көрсеткіш  2 трлн 933,4 млрд теңгені құрады. Бұл қордың өсімі 7,5 пайызға көтерілгенін көрсетеді. Дегенмен қуаныш ұзаққа созылмады. Қаржы министрлігінің мәліметінше, Ұлттық қордың валюталық активтері 1,6 пайызға құлдырап, яғни қаржы көлемі 452,3 млрд теңгеге азайған. Бұдан әрі де қордағы қаржыға тыныштық бермесе керек-ті. Себебі Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың мәлімдемесінде 2021-23 жылдарға жоспарланған республикалық бюджет жобасы Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемін арттыруды көздейтінін айтқан болатын. Бұған  мемлекет қазынасындағы шығын көлемінің көбеюі себеп екен.

Еліміздегі қаржы тапшылығы алдағы жылы – 3,4, 2022 жылы – 2,5, 2023 жылы 2,1 пайызды құрауы мүмкін. Сол себептен Ұлттық қордың сандығынан үстіміздегі жылға – 2,7 трлн, 2022 жылға – 2,4 трлн, 2023 жылға 2,2 трлн теңге алынады. Яғни  үш жылдан кейін қорда жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына тең қаражат  қалады. Ұлттық қор сандығында санайтынымыз қалмаса, не істеу керек? Қауіптің алдын қалай аламыз?

      Бұл туралы пікір білдірген ҚазНЭУ доценті, экономист Ілияс Исаев былай дейді: «Біз қазірдің өзінде Ұлттық қордың ең төменгі мөлшеріне жеттік. Сарапшылар тарапынан «2023 жылдан кейін қор қаржысы таусылады» деген пікір айтылып жатыр. Мемлекеттік бюджеттің 38-39 пайызын Ұлттық қордан жаптық. Себебі ішкі экономикадан түсіп жатқан салық т.б. ақша көздері мемлекеттік шығынды жабуға жетпейді. Бұрыннан-ақ Ұлттық қордан мақсатты трансферт ретінде ақша алып отырдық. Осыдан кейін Ұлттық  қор, әрине, төменгі мөлшерге жетеді. Бір жағынан, қорға түсетін кіріс те азайып жатыр. Себебі салықтан түсетін қаражат та кеміген. Қазір жұмыссыздардың саны артуда. Алдымен осы мәселені шешу керек. Жұмыссыздар көп болса, табыс салығын кім төлейді? Мемлекеттік бюджеттің кірісін көбейтудің бір ғана жолы – халықты жұмыспен толық қамту. Сарапшылар «Ұлттық қор қазірдің өзінде жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына жетіп тұр» дейді. Біз халық пайдаланатын ішкі тұтыну нарығымыздың 60 пайызын сырттан алдырады екенбіз. Неге соның бәрін өзіміз өндірмеске? Қазақ сүт, ет өндіре алмай ма? Мысалы, бидайды тонналап Ауғанстан мен Қытайға беріп жатырмыз. Соны терең өңдеуден өткізіп, экспортқа макарон ретінде шығаруымызға болады емес пе?! Ең бастысы, ауыл шаруашылығын дамыту керек. Мұнайдың ақшасына сеніп алғанбыз. Пандемиядан кейін оның да дәуірі аяқталады».

      Ал экономика ғылымының кандидаты, профессор, экономист Жангелді Шымшықов мемлекет халықтың сыртқа шығып кеткен қаржысын елге қайтаруға міндетті дегенді алға тартады: «Мемлекеттік бюджетті, халықтың байлығын жымқырып жүргендерді тыю керек. Ұлттық қор суалатын болса, шетелге кеткен қалталыларды елге қайтару керек. Еліміз шаттануы үшін сол азаматтарды тексеріп, зерттеп, зерделеп реттеген жөн. Бірінші кезекте мемлекет сыртқа шығып кеткен халықтың ақшасын елге қайтаруға міндетті. Екінші бір мәселе, өкінішке қарай, уранның үлкен бөлік акциясы, мұнайдың 50 пайызы Қытайға тиесілі. Осындай қордаланған мәселелерді қалпына келтіретіндей әрекет жасау керек».

      Ұлттық қор әуел бастан болашақ ұрпақтың несібесі үшін игі ниетпен ашылған жоба еді. Еліміздің жер қойнауындағы байлықта кейінгі буынның да үлесі бар. Алайда тосыннан келген әрбір қаржы тапшылығына тойтарыс беру үшін Ұлттық қордың қоржынына қол сала берсек, болашақ ұрпаққа қандай  несібе қалдырамыз?!

Тегтер: Ұлттық қор экономика болашақ ұрпақ акция

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 17:13
Жемқорлықты бақылау көрсеткіші артып келеді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 15:45
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:06
Доллар күрт төмендейді-сарапшы
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 12:13
Қазақстанда доллар қымбаттап жатыр
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 10:26
Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:35
Кәсіпкерлерді қолдайтын жобалардың бабын келістіре алдық па?

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43