Ұлттық қордың қызығын халық қашан көреді?

Айжан БҮРКІТБАЕВА

26.11.2020, 15:59

1115

Үкімет болашақ ұрпақтың «қалтасынан» алдағы үш жылға қанша ақша алатынын айтты. 19 қараша күні мәжіліс қана мақұлдаған заң жобасы сенаттан да қолдау тауып,  «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң президенттің қол қоюына жіберілді. Республикалық бюджет тапшылығының орнын толтыру үшін Ұлттық қордан 2021 жылы – 2 трлн 700 млрд, 2022 жылы – 2 трлн 400 млрд, 2023 жылы 2 трлн 200 млрд теңге қаржы бөлінбек.

Коронавирустың бірінші толқынында «халықтың әлеуметтік қажеттілігіне» деп, Ұлттық қордан талай теңгенің басын қайырған үкімет алдағы уақытта да алынар ақшаның үлесін үнемдемек емес. Осы жайлы кейбір экономистер қордан дәл осылай қаражат қағыла берсе, қыл үстінен құлар халде тұрған қойманың қаржысын алдағы бес жылда тауысатын түріміз бар екенін айтады.

Мемлекеттік бюджеттің сұраған қолын бос қайтармайтын Ұлттық қордың қазан айындағы активтері 56 млрд 34 млн долларды көрсетеді. Қыркүйек айында 57 млрд  328 млн долларды құраған қордың қаражаты бір ай ішінде 1 млрд долларды жаратып үлгерген. Сондай-ақ қордың қыркүйек айындағы инвестициялық кірісі де 470 млн долларға төмендеген. Ал акциялар портфелі 390 млн-ға құлдыраған екен.

Осы тұрғыда экономист Мақсат Халық былай деп пікір білдірді:

– Осы уақытқа дейін де мемлекеттік бюджетке Ұлттық қордан өте көп қаражат аударылды. Бұлай шексіз ақша ала беруге болмайды. Себебі Ұлттық қор өсу керек. Мысалы, қарапайым ғана Норвегияның Ұлттық қоры әлемде алғашқы орынды иеленеді. Олардың қорында трлн доллардан астам  қаражат бар. Бұл елде небәрі 5 млн-нан астам халық тұрады. Олар трлн доллардың үстінен  10 пайызын, яғни 100 млрд доллар жыл сайын мемлекетіне оп-оңай трансферт жасай алады. Олар жоспар бойынша 10  пайызын ғана алып отырады. Ал біз биылдың өзінде коронавирусқа байланысты Ұлттық қордан жоспарланған 2 трлн теңгенің үстінен тағы алдық. Егер осылай жоспарсыз ақша алына берсе, қордың түбі көрінеді. Тек үстіндегі 10 пайызын ғана аударып отырса Ұлттық қор бірқалыптылығын сақтайды. Егер түсімдер көбейсе, мұнай бағасы артса, қор қазынасы толысады. Сондықтан бізге қаржының шегін білу керек.

Ұлттық қорға құйылатын қаржының басым бөлігін мұнай түсімдері толтыратынын назарға алсақ, алдағы үш жыл ішінде «қара алтынның» бағасы 40 доллардан бой көтермейді деген болжам бар. Демек, республикалық бюджет жыртығының 40 пайызын жамап отырған қор қазынасына түсетін қаржы көлемі де алдағы үш жылда өлместің күнін кешкелі тұр.

Осы тұста Мақсат Халық алдағы жылдары мұнай дәуірінің ғұмырына тоқтау салынатынын айтады:

— Егер мұнай бағасы құлдырайтын болса, қорға түсетін пайда  да азаяды. Ал мұнай бағасы 50-60 доллардың үстінде болса түсім жақсарады. Бірақ алдағы уақытта мұнай дәуірі аяқталады деген болжам бар. Оның үстіне Байденнің АҚШ президенті болуына байланысты бұл болжам шындыққа ұласуы мүмкін. Себебі оның жасыл экономиканы дамыту туралы бағдарламасы бар. Сондықтан ол мұнай қорларын жабуы мүмкін. Халықаралық валюталық қор да келесі жылы «мұнай бағасы 32 пайызға төмендеуі мүмкін» деген болжам жасаған болатын. Егер осындай жағдай орын алса, мұнайдың Қазақстан экономикасына тигізер пайдасы болмай қалады. Тіпті мұнай компаниялары өз-өзін әрең қамтамасыз етуі мүмкін. 

Ұлттық банк басшысы Ербол Досаевтың дерегі көрсеткендей, Ұлттық қорға 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында инвестициядан 1,5 млрд доллар, яғни шамамен 650 млрд теңге табыс түскен. Жылдың қорытындысы бойынша қор активтерін басқарудан түскен инвестициялық кіріс шамамен 1,2 трлн теңгені жуықтайды деп есептесек, алдағы төрт жылда Ұлттық қорға бас-аяғы 4,8 трлн теңге шамасында ғана кіріс түседі екен. Есесіне үш жыл ішінде 7,3 трлн теңге тәркіге түспек. Бұл – 2023 жылы Ұлттық қордың қоймасы ЖІӨ-нің 25 пайызына тең, 16 трлн-ға жуық қаражатты қанағат тұтады деген сөз. Осыған дейін де қор қазынасынан шығындалған холдингтер мен банктерге, ірі жеке компанияларға қолдау көрсетілген еді. Егер дәл осылай араны ашылғандарды Ұлттық қордан бөлінген жоспарсыз ақшамен алдарқатсақ, ұрпақ алдында ұры атанарымыз анық.

Тегтер: экономика болжам пайым нарық халық ұлттық экономика Ұлттық банк

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 19.01.2021, 14:35
Баспана қашанға дейін қазақтың бас қайғысы бола бермек?
Сайт әкімшілігі 18.01.2021, 12:06
Қазақстанда баспана 15 пайызға қымбаттайды деп болжанды
Шыңғыс АТАЙ 15.01.2021, 09:32
Бізден бәсекелестіктің иісі де шықпайды
Қарлығаш Зарыққанқызы 14.01.2021, 10:43
Халықтың ашқұрсақ екенін мойындайтын кезең жетті
Оразәлі СӘБДЕН,академик 14.01.2021, 09:37
Бюрократиялық, автократиялық шикізат елі
Қарлығаш Зарыққанқызы 07.01.2021, 09:53
Үкімет қазақтың күнкөрісін неге 42 500 теңгеге байлап отыр?

Аңдатпа


  • Қазақ қызы АҚШ президентінің протокол басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды
    22.01.2021, 13:10
  • «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы
    21.01.2021, 13:59
  • Жәнібек пен Ордаға жол жететін күн бар ма?
    20.01.2021, 09:21
  • Шағаладай шарқ ұрған шақ
    20.01.2021, 09:32
  • "Сатаев - саудагер, бас серіктес - Райымқұлова"
    19.01.2021, 10:30