25.03.2022, 06:05
3083
Өткен жылы қолға алынған маңызды бастамалардың бірі «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы деуге болады. Бұл құжат ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға талпынуымен құнды. Өйткені бүгінгі күні қоғамымызда болып жатқан құбылмалы баға саясаты халықтың әл-ауқатына айтарлықтай әсер еткені рас. Сондықтан жоғары өнімді жұмыс орындарын құру арқылы халықтың табысын арттыру бағытына халықтың ықыласы зор болып отыр. Осы орайда дәл осы бағдарлама халықтың жарқын болашағының кепіліне айнала алса мақсатымыздың орындалғаны.
Атап өтерлік жайт мемлекет басшысы карантин кезінде ауылшаруашылығын дамыту мен Отандық өнім өндіруді арттыруға айрықша көңіл бөлу керектігін айтқан болатын. Кейін сол сөзінен айнымай 2020 жылы халыққа арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс» деп тағы да бұл мәселені қадап айтты. Мемлекет басшысының бастамаларынан елімізде ауыл шаруашылығын дамыта отырып, Отандық өнім өндіруді арттыруға, халықты жұмыспен қамтуға, Отандық өнімді халыққа арзан бағамен ұсыну арқылы өзімізді өзіміз қамтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға деген ықыласын байқадық. Демек мемлекет басшысының мақсаты айқын. Енді осы бағыттағы жұмыстар жедел қолға алынса ел экономикасы тезірек аяққа тұрып, халықтың да әл-ауқатын арттыру бағытындағы маңызды қадам болар еді. Қазір осы бағытта жұмыстар да іске асырылуда.
Жалпы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасын қаржыландыру үшін 15,9 трлн теңге керек көрінеді. Оның 402 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылса, 15,5 трлн теңгені жеке инвестициялар есебінен тарту көзделіп отыр. Демек қаржы көздері ойластырылған. Ендігі жерде нақты іс шаралар қолға алынса ұлттық жобаның көздеген мақсатына жетер күні алыс емес секілді. Осыны сезгендіктен халық та ұлттық жобаға үміт артып отыр.
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 2025 жылға дейін 102 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып, еңбек өнімділігі 20 пайызға өседі деп күтілуде. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі 1,5 есе ұлғайып, шикізаттық емес экспортты 41 млрд долларға дейін, яғни екі есе ұлғайту көзделгенін ескерсек жобаның ауқымы кең, мақсаты жоғары. Жалпы ауылшаруашылығына иек арта отырып, дамуды көздесек елімізде оған мүмкіндік мол. Кең байтақ даламыз да, ауылшаруашылығын өндіруге қолайлы табиғатымыз да бұл бастаманың негізсіз емес екенін айқындайды.
Шыны керек, көп өнімдерді шеттен тасудың машақатын дәл қазір сезініп отырмыз. Пандемия кезінде тарс жабылған шекаралардан тауар жеткізу қиындық тудырса, көрші елдердегі дүрбелең де шекара асып келетін тауар бағасына әсер ететінін байқадық. Сондықтан өзіміз тұтынатын өнімді өзімізде өндірсек бұл азық түлік қауіпсіздігін де арттырып қоймай, бағаны шектеуге, қажетті азық-түлік қорын жасақтауға да өзінің оң ықпалын тигізер еді.
Сондықтан алдағы уақытта шетел асып келетін азық-түліктерге шектеу қойып, өз өнімімізді көбейтуге тырысуымыз қажет. Сонда бағаны да бақылап, қымбатшылықтың алдын алуға, халықтың әл ауқатын арттыруға да мүмкіндік туады.
Осы орайда экономист Жанұзақ Әкім «Халықтың әл ауқатын артырамыз десек, жолдары көп. Мәселен жол салу ісін қайта қолға алуға болады. Кеше ғана Семей, Ұлытау, Жетісу облыстарын құрдық. Осыған дейін жол салынбаған Орал секілді өңірлерде, облыстарымыздың арасын қосатын маңызды жолдарды, ірі қалаларымыздың айналасындағы жолдардың, ауылдарға баратын жолдардың барлығын қалыпқа келтіруге тырысуымыз керек. Ауылшаруашылығын дамытуда да жолдардың маңызы зор! Жол салу арқылы ауылдарды жандандырып, ауылда жүрген жұмыссыз жастар екі қолға бір күрек алып, үйге табыс алып келе бастайды. Жол салу барысында керек жарағы, цементі бар барлығы отандық өнімнің негізінде жүзеге асуы керек. Сонда ақша шетелге кетпейді. Айналып келіп өзімізге құйылады. Осы елдің ішінде ғана қалады. Ең маңыздысы осы. Құрылыс саласында да құрылыс материалдарын көбінесе біз шетелден алып келеміз. Соның барлығын өзімізде өндіруге ден қою керекпіз. Өйткені қазір елімізде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал олардың барлығын шетелден таси берсек ол экономиканың көтерілуіне ықпал етпейді. Яғни құрылыс материалдарын да біз өндіре аламыз. Оларды өндіру арқылы үйлердің бағасының өспеуіне де ықпал етер едік. Егер осылардың барлығын қолға алсақ елдегі жұмыссыздардың саны да азаяр еді. Жалпы көздеп отырған жұмыстардың барлығы экономиканы дамытуға бағытталған. Егер де осы қалыпта ұлттық жобаны жасайтын болсақ, біз тек дамуға бет аламыз. Халықтың әл ауқаты көтеріліп қана қоймай, еліміз де қарқындап дамиды» дейді.
Сарапшы пікіріне сүйенсек ұлттық жобаның келешегі зор! Саланың майын ішкен сарапшылар жоғары баға беріп отырған ұлттық жобадан біз де тек оңтайлы өзгеріс күтеміз...
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР