Үшінші мегаполистің үлкен проблемасы

Шенеуніктер оны үш-төрт жылда шешуге уәде етіп отыр

 

М.СӘУЛЕБЕК

21.04.2021, 08:59

2180

Осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған Шымкенттің халқы бүгінде 1 миллионнан асады. Үшінші мегаполистегі тұрғындардың саны Алматыдан аз болғанымен, жер көлемі жағынан оңтүстік астанадан 2-3 есеге көп. Осы себепті шаһардың коммуналдық саласында өзекті мәселелер жетерлік.

Шымкентті мегаполиске айналдыру, жерінің, халқының санын көбейту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. Соңғы рет 2013 жылы көршілес Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан 40-тан астам елді мекен қалаға өтті. Соның ішінде бір ғана Сайрам ауданынан 110 мыңға жуық халқы бар 30-дан астам елді мекен кірді. Бұл онсыз да инфрақұрылым мәселесі әлі толық шешілмеген Шымкенттегі жағдайды күрделендірді десек, қателеспейтін сияқтымыз. Себебі қазіргі уақытта сапалы жарықпен,  табиғи газбен қамтылмаған, әлі күнге құдықтан су ішетін, тас төселмеген көшелердің дені осы қалаға жаңадан қосылған елді мекендерде. Коммуналдық қызметпен толық қамтылмау үшінші мегаполистің ең үлкен проблемасы деп айтсақ та болады. 

Бұл мәселе Ақорда мен үкіметтің бақылауында тұр. Қайбір жылдары Шымкенттің әкімін қабылдау барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірінші кезекте қалаға жаңадан қосылған 41 елді мекендегі инфрақұрылым мәселесін толық шешуді тапсырғаны белгілі. Алдымен ауызсудан бастасақ. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бізге берген мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта  мегаполистегі 81 елді мекеннің 69-ы сапалы ауызсумен қамтылған. Бес елді мекенде су кестемен беріледі. Жеті шағынауданда тасымалданады. Қала іргесіндегі кейбір ауылдар суды құдықтан тұтынады. Басқарма мамандарының айтуынша, бұл бағытта соңғы жылдары біраз ірі жобалар қолға алынды. Мәселен, биылғы жоспар бойынша үш магистральды және тоғыз тұрғын алаптың ауызсу құбыры жүргізіледі. Бұл жұмыстарға қазынадан 15,6 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. Жоба жүзеге асқан соң,  қала тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98 пайызға  жетеді деген жоспар бар.  Жыл басынан бері «Тұран», «Асар-2», «Солтүстік саяжай», «Ынтымақ-2» және «Жаңатұрлан», «Батыс» пен «Жаңаталап» шағынаудандарының ішкі ауызсу жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар 4,48 шақырымды құрайтын Көмешбұлақ, 9,37 шақырым және 10,61 шақырым болатын үш магистральды суаққының құрылысы басталған.

Шаһардағы күрмеуі қиын мәселенің бірі – электр энергиясы. Коммуналдық саладағы арыз-шағымдардың көпшілігі осы жарыққа қатысты. Кейбір елді мекендердің тұрғындары электр қуатын  жекеменшік трансформаторлардан алады. Аты айтып тұрғандай,  жекеменшік трансформаторлар уақтысында  халықтың өз ақшасына сатып алынып орнатылған. Электр желілері де осындай жолмен тартылған. Мемлекеттік талаптарға сәйкес келмейді. Осы себепті ол не қалалық әкімдіктің, не монополист мекеменің балансына өтпеген. Жекеменшіктегі жарықтың жағдайы айтпаса да түсінікті. Электр желілері үзіліп немесе қондырғылардан ақау шыққан жағдайда халық ақша жинап, өз күштерімен жөндейді. Талап, тәртіп болмаған соң, трансформаторларға қосылған үйлердің саны тым көп болады. Мұның бәрі де, айналып келгенде, жарықтың сапасына кері әсер ететіні белгілі. Дегенмен Шымкентте  соңғы жылдары сапасыз жарықтың мәселесі біршама шешілді. Былтыр 13 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, 23,5  мың адам сапалы электр қуатымен қамтылды. Нәтижесінде қала бойынша көрсеткіш 93 пайыздан 95 пайызға жоғарылаған. Басқарманың берген мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні жарық проблемасы 16 елді мекенде бар. Биыл 10 тұрғын алапта электр желілерінің құрылысы пайдалануға беріліп, 21 мыңнан астам адам сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Осы арқылы жарықпен қамту көрсеткішін 97 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға республикалық және жергілікті бюджеттен 12 миллиард теңге қаржы қарастырылған.

– Биыл қаладағы «Ақжар», «Жалын», «Достық», «Жаңаталап», «Қайнар бұлақ», «Солтүстік саяжай», «Ынтымақ», «Айкөл», «Игілік» және «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алаптарында электр желісінің құрылысы жүргізіледі. Сонымен бірге қуаттылығы 220 кВ «Бозарық» қосалқы станциясы  мен әрқайсысының қуаты 110 кВт болатын «Ақжар» және «1-М-1» қосалқы станциялары салынуда. Қаланы үздіксіз электр энергиясымен қамту мақсатында 2022-25 жылдары төрт қосалқы электр станциясын салу жоспарланған. Оның ішінде «Ынтымақ», «Қызылсу», «Южный» және «ВЛ» қосалқы станциясын салу мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қарастырылып отыр, – дейді басқарма мамандары.

Шенеуніктер  Шымкенттегі сапасыз жарық  мәселесін алдағы 3-4 жылдың көлемінде толығымен шешуді көздеп отыр. Көрсеткіш 2025 жылы 100 пайызға жететін болады. Мұндай мәліметтер жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Жиында энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Б.Болатбеков қаланы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағыты бойынша 85 жоба жүзеге асырылатынын атап өтті. Оған республикалық және жергілікті бюджеттен  48,6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Б.Болатбеков осы салаға бірінші тоқсанға жоспарланған 6,1 миллиард теңге қаржының толығымен игерілгенін мәлім етті.

Шымкентті табиғи газбен қамтуда да  ұзақ уақыт бойы түсініксіз, жөн-жосықсыз тірліктердің жасалып келгені рас. Көптеген елді мекендерде көгілдір отынды әр отбасы 250-300 мың  теңгеден қаржы шығарып өз күштерімен, «ҚазТрансГазбен» арадағы делдал компаниялар арқылы тартты. Мамандардың айтуынша, бұл мәселе алдағы екі жылдың ішінде толығымен шешімін табады. Шымкентте биыл сегіз тұрғын алабында газ құбырын тарту жұмыстары басталып, бесеуінің құрылысы аяқталады. Осының есебінен 11 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылып, көрсеткіш 93 пайызға жетеді. Жалпы, қазіргі уақытта  мегаполистегі 81 елді мекеннің 40-ы табиғи газбен қамтылса, 33-і жартылай, ал қалған сегіз елді мекен тұрғындарының қолы көгілдір отынға жетпей отыр. Қала басшыларының құрған жоспарларына сенсек, 2023 жылы Шымкентті газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді.

Сонымен бірге қалалық әкімдік елді мекендердегі ішкі жолдардың мәселесін де таяу жылдары толығымен шешуді көздеп отыр. Алдын ала зерделеу жұмыстары жүргізіліп, шалғайдағы елді мекендерде тас төселмеген 172 шақырым жолдың бары анықталды.  Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының таратқан мәліметіне қарағанда, биыл оның 153 шақырымына тас төселеді. Бұл мақсатқа 600 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алулар конкурсы ұйымдастырылып, жеңімпаз мекемемен келісімшарт түзілген. Жоспар бойынша бұл жұмыстар шілдеде аяқталады. Мамандардың айтуынша, бұл салада шешілмеген біраз мәселе бар. Инженерлік коммуникация құрылысынан кейін тас төселген немесе асфальтталған көшені қалпына келтіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Қазірдің өзінде осындай себептермен 180 шақырым көшенің жағдайы нашарлаған. Оларды қалпына келтіруге  800 миллион теңге қажет.

Үшінші мегаполисте коммуналдық саладағы қызметтерді цифрландыру бағытында тың жобалар да қолға алынуда. Мәселен, осы бағытта «Iqala» жобасы енгізілуде. Бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесі негізінде қолға алынған.

«Қазіргі таңда өнім беруші компания анықталып, қолданыстағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстары басталды. «Спецавтотранспорт», «Энергепоток», «Оңтүстік Жарық», «Су ресурстар Маркетинг» «СПК-Шымкент» мекемелерімен  келіссөздер жүргізілуде. Аталған жоба «бір терезе» қағидаты бойынша коммуналдық шаруашылық секторындағы және мемлекеттік қызметтерді біріктіреді. Жоба аясында коммуналдық қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдету, барлық қызметтерді онлайн цифрлық түрде көрсету, құжаттарды қысқа мерзімде ұсыну, өтініш күйін бақылау және құжаттардың сақталуы бойынша оң нәтижелерге қол жеткізіледі деген жоспар бар», – делінген Шымкент қалалық әкімдігі таратқан мәліметте.

Яғни Шымкентте ұзақ жылдардан бері өте өзекті болып келген коммуналдық саладағы проблемалар алдағы 3-4 жылдың көлемінде шешілуі тиіс. Алайда бұл халқының өсімі жағынан Қазақстан ғана емес, бүкіл ТМД бойынша бірінші орында келе жатқан Шымкентте осымен бәрі бітті деген сөз емес. Көлік кептелісі, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, ретсіз сауда орындары, тағы басқа да мәселелер, қат-қабат шаруалар жетерлік.

Тегтер: жарық жылу мәселе төлем желі көгілдір отын жанармай

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 09:39
Оңтүстіктен солтүстікке инвестиция бара жатыр
Еркежан Арын 11.05.2021, 10:19
Отандық автомобильдер экспорты дамып келеді
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 11.05.2021, 09:15
Экономиканы дел-сал ғып, Ұлттық қорға қол салдық
Сайт әкімшілігі 10.05.2021, 09:33
Қазақстандықтардың банктерге қарызы 7 трлн теңгеге жетті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08.05.2021, 09:27
«Барлығы майдан үшін»: Қазақтардың тылдағы еңбегі соғыстағы ерліктен кем болған жоқ
Есбол ҮСЕНҮЛЫ 05.05.2021, 08:58
Каспи банктің миллиардер қожайындары мен «Миллион» борышкері

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06