Жалған кәсіпкерлер, алаяқ аналар

Еркенұр ҚОНЫСБАЙ

06.06.2023, 09:00

3285

Соңғы үш жылда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, декреттік демалысқа шыққан, әлеуметтік төлем алған аналардың саны 300% көбейіпті.

Жалпы статистика жеке кәсіпкерлердің елімізде жыл санап көбейіп келе жатқанын айғақтап отыр. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша республика көлемінде 1,5 млн жеке кәсіпкер тіркелген. Бұл 2021 жылға қарағанда 20,4%-ға көп көрінеді. Ал биыл жыл басынан бері бұл көрсеткіш тіпті көбейген. Әрине, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендердің барлығы жеке кәсібін дөңгелетіп, еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосып жатса, қанеки?! Осы орайда ресми статистикажұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер үлесі – 92, 2%, яғни 1,4 млн субъект екенін көрсетіп отыр. Шыны керек, елімізде 1,5 млн жеке кәсіпкер кәсібін дөңгелетіп отырса да әлі күнге неге киімнен бастап, сіріңкеге дейін шеттен тасып отырмыз деген көңілде күдік көлбеңдейді. Күдігіміз негізсіз де емес. Өйткені соңғы кездері елімізде «ИП» ашу мен алаяқтық егіз ұғымға айналып бара жатыр. Бірақ бұған көз жұма қараған үкімет, алаяқтықтың өршуіне өзі итермелеп отырғандай.

Аналарды алаяқ еткен «ИП»

Аналарымыз жоғары жәрдемақы алу үшін «ИП» ашып, жеке кәсіпкер атанып отыр. Мақаланың басында айтып өткендей, елімізде соңғы үш жылда жеке кәсіпкер аналардың саны үш жүз пайыз көбейген. Нақты статистиканы білу үшінЕңбек және халықты әлеуметтік қорғауминистрлігіне ресми сауал дажолдадық.2020 жылы 10 477, ал 2021 жылы 16 150 әйел жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, әлеуметтік төлем алған. Ал өткен жылы жыл бойына 41 877 ана жеке кәсіпкер ретінде декретке шықса, биыл төрт-ақ айдың ішінде 24 717 ана жеке кәсіпкер ретінде төлем алған. Яғни былтыр жыл бойына тіркелген статистиканың тең жартысына биыл төрт-ақ айдың ішінде жетіп алып тұрмыз. Бұл қарқынмен жыл аяғына дейін «кәсібін дөңгелетіп» отырған аналар саны тіпті арта түспек. Алған қаржысын да санамалай кетсек, былтыр 41 877 анаға 37,2 млрд теңге сомасында декреттік төлем төленсе, биыл төрт айдың ішінде 24 717 кәсіпкер келіншек 24,9 млрд теңге сомасында декреттік төлем алған.

Жасыратыны жоқ, «декретке миллионмен» курсы қазір әлеуметтік желіде өте кең таралған. Тіпті депутат Дәулет Мұқаевтың өзіне осы курсы талай жыл «нан болды» десек те болады. Өйткені әлеуметтік желідегі 2 миллион 400 мыңдық парақшасы арқылы талай рет «Декретке миллионмен» курсын аяғы ауыр аналарға сатқан болатын. Кейін Дәулеттен көріп алып, талай пысықай заңды айналып өтіп, декретке миллионмен шығудың жолдарын жұртқа үйреткіш болып алды. Заңда тыйым салынбаған десек те, жоғары әлеуметтік жәрдемақы алу үшін аяқасты «ИП» ашып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеле қойып, зейнетақы қорына үстемелеп қаржы аударып, мемлекеттен аз уақыттың ішінде миллиондап жәрдемақы алу мемлекетті алдау екені сөзсіз. Талай жұмыссыз, жылдап үйде отырған аналар Дәулеттің үйретуімен дәл осылай миллиондарға қарық болды. Ал үкімет мемлекеттің жалған ИП-ларға тоналып жатқанымен ісі жоқ, «жеке кәсіпкерлердің үлесі артып келеді, елімізде кәсіпкерлік дамып келеді» деп сүйіншілеуде.

Жеке кәсіпкер аналардың үш ақ жылда еселеп өсуі-ақ талай жайтты аңғартады. Рас, бір ай бұрын үкімет есін жиып, енді жеке кәсіпкер аналардың декреттік төлем алу жолын барынша қиындатуға тырысып жатыр. Алайда жыл басынан бері төрт-ақ айдың ішінде өткен жылдағы көрсеткіштің жартысын орындап тастағанымызды аңғарсақ, үкіметтің енді қашанғы тоналары жылдам шешім қабылдауына қарай болайын деп тұр. 

Несие мен грант алу үшін де «ИП» ашу шарт

Дәл қазір елімізде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындарын құру және инновациялық бизнес идеяларды қолдау мақсатында 5 000 000 теңге грантқа өтінім қабылдау басталды. Грантқа тек заңды тұлға ретінде қатыса аласыз, яғни жеке кәсіпкер (ИП) немесе ЖШС (ТОО) болуы керек. Әлеуметтік желіде «қайтарымсыз несие», яғни Алматы қаласы бойынша «5 млн теңге грант әперуге көмектесем» деген жарнаманы көріп, көрсетілген нөмір бойынша қоңырау шалдым. Одан әрі әңгімеміз былай өрбіді.

— Бизнес план құрып беремін, атыңызда ИП болуы керек, «Бизнес Бастау» сертификаты керек, жеке куәлігіңіздің көшірмесі және тағы майда-шүйде жұмыстар бар, оның барлығын өзіміз реттейміз. Тек комиссияның алдына бизнесіңізді өзіңіз кіріп қорғап шығасыз. Қызметім үшін гранттың он пайызы, яғни 500 мың теңге алдын ала төлейсіз. Бизнес планыңыз өтпей қалған жағдайда қызмет көрсеткенім үшін төленетін қаржы қайтпайды. Бірақ менің алдымнан өткен барлық кеңес алған адам грант ұтпай қалған емес. Кірер алдында комиссия алдына тағы өзім дайындаймын.

–Менде «Бизнес Бастаудан» сертификаты жоқ еді, ИП-да жоқ.

— Оның барлығын онлайн өзіміз реттейміз. ИП-да сіздің атыңыздан өзіміз ашамыз. Айтпақшы, есепшотыңызда екі миллиондай ақша болуы керек. Туған-туысыңыздан уақытша қарызға алып, кейін комиссия алдынан өткен соң қайтара салсаңыз болады оны.

— Ал оны кейін тексере ме, мәселен, ісім жүрмей қалса.

— Жоқ, тексермейді. Тіпті екі жыл бұрын туыс інім «нәски сатам» деп грант алған болатын. Одан бері ешкім тексермеді оны. Сіз секілді алдымнан өткен тағы бір азамат «терезе жасап сатқым келеді» деп грант ұтты. Тағы бір апай торт пісіріп, сату жобасын да қорғады. Бәрі өтті. Тіпті ақшаны басқа мақсатта жұмсап жіберсеңіз де қорықпаңыз. Тексермейді ешкім. Тексерген күнде ашам деген өндірісіңізге қатысты қондырғы сатып алсаңыз болғаны. Кәсібіңізден тыс киім алып немесе құда жайлап кетпесеңіз болды.

— Мен нан цех ашып сатсам ба деп ем, үйімнің жан-жағында тұрғын үйлер көбейді, жақсы өтетін секілді. Комиссия құптай қояр ма екен?

— Ол өте жақсы ұсыныс, жалпы азық-түлік өндірісі сөзсіз өтеді. Мұндай гранттарда ондай өндірістер қолдауға ие.

– Жарайды, ойланып көрейін.

— Еш уайымдамаңыз, жыл сайын талай адамға дәл осылай көмектесіп жүрмін. Өтпей қалғаны сирек.

Осымен әңгімеміз тәмамдалды. Жалпы, онлайн ИП ашудан оңай нәрсе жоқ секілді. Ашып ал да жалған аударымдар жасап, үкіметті алдап, жәрдемақы ал, немесе грант ұтып ал да қалағаныңды жаса. Бұл орайда мамандар не дейді?

Маман пікірі

Жандос Әкім, экономист: «Ашылған «ИП-ның» көптігімен еліміздегі өндіріс артып кетті деп айтуға болмайды»

– Рас, кәсіпкерлерді қолдау деп оңды-солды қайтарымсыз несие таратып жатырмыз. Бірақ оның нәтижесі қалай болып жатқанына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Бұл мәселе бірнеше жыл бұрын сенат отырысында да сөз болды. Сол кездегі сенат депутаты Дана Нұржігіт «Өрлеу», «Бастау» сияқты бағдарламалар бойынша қаржы алдым, бизнес бастайтын болдым деп ақшаны алады, ал кейін үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, я болмаса, құдайы беріп, құда шақырып, сондай өзінің жеке басының шаруаларына ақшаны жұмсап жібереді екен. «Ал үкіметке қандай есеп бересің? Қалай есеп бересің? десе, көршінің бұзауын әкеліп, көрсете саламын» деп, ақшаны далаға шашқан болып шығады. Қаржылық сауаттылықты көтермей, ауыл шаруашылығындағы бизнес бастау жобаларын жіті бақыламай, нақты сұрақтарды қоя білетін адамдар алдына келмей, ақшаны бөлудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Міне, осыған жіті назар аударылса екен» деген болатын. Қазір де 5 миллиондық, 1 млн 800 мыңдық қайтарымсыз несиелер сол бағдарламалардың кейпін киіп жатыр. Кәсібімді, өндірісімді өркендетем деп алып, сол қаржысын беталды жұмсап жүргендер көп. Шыны керек мұндай бағдарламалардың шикілігі байқалса да, үкімет жылы жауып қоя ма деймін, әйтпесе қайтарымсыз несиеге киім алып, ауыл шаруашылығы мақсатында алған қаржысына той жасағандар жетерлік. Көзіміз көріп отыр. Ал үкімет ол қаржыларға сұрау салған емес. Қайта кәсіпкерлік дамыды деп мәз. Ашылған «ИП-ның» көптігімен еліміздегі өндіріс артып кетті деп айтуға болмайды. Бөлінген қаржы қаншалықты өз мақсатына жұмсалды, мәселе – осында. Дәл қазір қаптаған «ИП» алаяқтықтың бір жолына айналды.

Айтпақшы...

Аз жалақы күрмеуге келмей, қосымша жұмыс іздеп бардым. Жұмыс берушім болмашы жалақы ұсынды. Онлайн жұмысты да қимай, аз жалақыны да місе тұтпай тұрғанымды көріп, «ИП-ың бар ма» деді. «Жоқ» дедім оның не қатысы бар деген оймен. «Аша сал, каспий арқылы да ашуға болады бес минутта. Есесіне, мен ұсынып отырған 100 мың теңге шашауы шықпай қолыңа барады. ИП-ға аударсақ, көп төлем ұсталмайды, бостан-бос мемлекетке жем болма, мен де артық шашылмайын. ИП арқылы төлеп отырайын» деді. Ал елімізде қанша жұмыс беруші осындай жолмен салықтан жалтарып отыр? Оны да қадағалап отырған ешкім жоқ. Яғни жалақы төлеуде де «ИП» әдісінің табыс салығы мен зейнетақы аударымдарын айналып өтуде де «таптырмас құрал» екеніне көзім жете түсті.

Халықты масылдық пен алаяқтыққа итермелеп отырған жүйе

Шыны керек, дәл қазір жеке кәсіпкерлерге берілген мүмкіндік елімізде алаяқтықтың өршіп, көлеңкелі ақшаның көбеюіне, жалған жеке кәсіпкерлікпен әлеуметтік төлемдер төлеп, мол жәрдемақымен мемлекетті тонауға, қайтарымсыз грантқа бөлінген ақшаның өз иесіне емес жалған «ИП-лардың» жетегінде кетуіне жол ашып тұр. Ең бастысы, халықтың алаяқтық жолмен масылдыққа бет бұруына ықпал етіп отыр. Соңғы кездері халықтың масылдық психологияға бейімделіп бара жатқанын президент бірнеше рет қайталап айтқанымен, бүгінгі жүйенің өзі халықтың оңай жолмен табылатын ақшаға бейімделіп, тіпті жалған жеке кәсіпкерлік арқылы қаржы аударымдарын жасап, мемлекеттен жәрдемақы алғанға шімірікпеуіне де ықпал етіп отыр. Масылдық – психологияның артуына ықпал ететін «ИП-лардың» көбеюі мемлекеттік басқару машинасының қателігі ме, жоқ әлде халықтың тоғышар пиғылы ма? Кімді кінәлайтыныңды да білмейсің. Дегенмен жалған жеке кәсіпкерлердің жолын кесетін кез жеткен секілді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.09.2023, 11:30
АҚШ қаржы министрлігі Ресейге қатысты санкция тізімін ұлғайтты
Айтбала Сүлейменқызы 15.09.2023, 13:00
Қарағандылық өңдеуші кәсіпорындар экспорт көлемін ұлғайтуға үлес қосуда
Айтбала Сүлейменқызы 15.09.2023, 10:56
Қарағандыдағы өңдеуші өнеркәсіптер экономикаға серпін береді
Сайт әкімшілігі 15.09.2023, 09:20
Депутат шетелдік сериалдарға шектеу қоюды сұрады
Сайт әкімшілігі 11.09.2023, 15:45
Қазақстанда студенттерге берілетін грант саны артады
Сайт әкімшілігі 11.09.2023, 15:00
Қазақстан үкіметі моноқалаларды дамытады

Аңдатпа


  • Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
    16.09.2023, 13:50
  • Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен 2 адам ұсталды
    16.09.2023, 13:15
  • Алматыда Астана алаңы мен Сәтбаев көшесінің бір бөлігі жабылады
    16.09.2023, 12:52
  • Ет туралы ертегі
    16.09.2023, 12:33
  • Біздің қоғам шындықтан қорқады
    16.09.2023, 10:55