Жамаубаевтың идеясы бюджеттің жыртығын жамай ма?!

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

09.09.2021, 08:46

782

      Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке мемлекеттік кірістерді арттыру керектігін жүктегелі біраз болды. Осы жолғы жолдауында даүкімет пен Ұлттық банкке жыл соңына дейін «Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын» әзірлеуді тапсырды. Ондағы мақсат – экономиканың өсуіне кедергі келтірместен бюджеттік кірістерді көбейтіп, Ұлттық қордағы қаржыны сақтап қалу. Идея өте жақсы. Бірақ біздің үкімет мемлекеттік қазынаның кірісін енді қалай көбейтпек? Қазіргідей дағдарыста бұл қолдан келе ме?

       Негізінде, үкімет бұған дейін «ел экономикасын көтереміз, инновацияға бет бұрамыз, «қарапайым заттар экономикасын» дамытамыз, индустрияның иін қандырамыз» деп, бірнеше жобалар мен бағдарламалар бойынша жұмыс істеді. Әттеген-айы, инновация бізге илікпеді. Индустрия екі иінінен әрең демалып тұр. Қарапайым заттарды әлі де қытай мен қырғыздан тасып, олардың саудасын қыздырып әлекпіз.

       Жалпы, Қазақстанның соңғы үш жылдағы нақты мақсаты отандық өндірісті қолдау еді. Тіпті президенттің пәрмен беруімен елде шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий да жарияланған болатын. Бірақ қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың пайымдауынша, бізге таяу болашақта осы мораторийді алып тастау керек. Бұған қатысты министр Жамаубаев: «Былтыр тексерістерге енгізілген үшжылдық мораторий кассалық тәртіпті төмендетті. Жауапсыз кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдауда. Осыған байланысты микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторийді алып тастау мәселесін қарастыруды ұсынамыз», – деді.

       Министрдің айтуынша, елдің қаржылық ахуалын жақсартуға бірден-бір мүмкіндік осы. Қаржы министрі шағын және орта бизнеске деген мораторийді алып тастап, тексеруге қайта көшіп, кәсіпкерлерге тиісті салығын салып, айыппұлын төлетіп,  бюджетті толықтырғысы келеді. Ал Жамаубаевтың бұл идеясы шынымен де ел қазынасының жыртығын жамай  ма?

       Сарапшылардың пайымдауынша, министрдің бұл ойы «суға кеткен тал қармайдының» керіне қатты ұқсайды. Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, қазіргідей қиын заманда үкімет, керісінше, отандық өндіріске, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуі тиіс.

­    – Президент үкіметке «бюджеттік кірістерді арттырыңдар» деп тапсырма бергелі үш жылдан асты. Үкіметтің бар ойлап тапқаны – жыл сайын қарапайым халық салық төлейтін айлық есептік көрсеткішті өсіреді. Сол арқылы салықты, айыппұлды өсіріп, халықтың есебінен бюджетті толықтырған болады. Келер жылы АЕК тағы 5 пайызға өседі. Биыл бір АЕК 2917 теңге болса, келер жылы 3073 теңге болмақ. Бұған қоса, қаржы министрлігі шағын және орта бизнестің мораторийін алып тастағысы келеді. Бұл бюджетті толықтыратын емес, экономиканы тарықтыратын, тұншықтыратын әрекет, – дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

     Маманның айтуынша, мораторий жарияланғанға дейін кәсіпкерлерге жылына 250 мың тексеріс жасалып келген.  Өздерін тексеріп келген ресми өкілдерге пара беріп құтылған кәсіпкерлер де болған. Сондықтан мораторийді алып тастаса, өзі өлеусіреп тұрған отандық өндіріс тоқырап қана қоймайды, бұл саланы жемқорлық жайлайды.

      – Қаржы министрлігі «2020 жылы отандық бизнестің кірісі 60 пайызға төмендеп кетті» дейді. Шындап келгенде, бұл мораториймен байланысты емес, мұның астары пандемияда жатыр. 2020 жылдың 16 наурызынан мамыр айының ортасына дейін бірқатар кәсіпкерлер жұмысын тоқтатты. Сенбі-жексенбі күнгі карантиндік шектеулер әлі бар. Мұның барлығы отандық кәсіпке кері әсер етті. Қазіргідей заманда бізді құтқаратын тек отандық өндіріс. Демек, мораторийдің межелі кезеңі 2023 жылға дейін жалғасқаны жөн, – дейді Жаңабай Алдабергенов.

       Сала мамандарынан бөлек, коронавирус салдарынан еліміздің іскерлік белсенділігі төмендегенін Дүниежүзілік банктің мамандары да растап отыр. Болжам бойынша 2020 жылы ел экономикасы 1990 жылдардан бері алғаш рет 3 пайызға төмендеді. Кедейшілік былтыр 12,7 пайызға өсіп, елде 800 мың адам кедейлер санатына енді. Жұмыссыздық екі есеге артты. Шағын бизнестің өзі пандемиядан кейін 30 пайызға қысқарды. Былтыр бюджеттің шығыны 14,2 трлн теңгені құрады, ал бюджетке енген кіріс 6,4 трлн теңге ғана болды. Бұған қоса, мамандардың айтуынша, алдағы уақытта мұнайдан бөлек, металдар, облигациялар мен алтын бағасы да түсе бастауы мүмкін. Сондықтан мұның арты үлкен дағдарысқа ұласып кетері белгілі.  Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтің айтуынша, мұндай жағдайда бізді құтқаратын тек отандық өнім, шағын бизнес болмақ.  

­     – Негізінен, отандық өндірісіміз дамып тұрғанда қиналмайтын едік. Мұнай қымбаттаса Ұлттық қорға қол сұғып, оны орталатып, сорлатуды доғару қажет. Бізде мұнайдан бөлек, Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар. Бірақ көп елден кедей тұрамыз. Неге 30 жыл бойы отандық өндірісті дамыта алмадық?! Өйткені біздің үкімет шала-жансар реформалармен жұмыс істейді. Міне, соның кесірі енді арқамызға аяздай батуда, – дейді экономист-ғалым.

       Сөйтіп, мамандар алға тартқандай, шағын бизнеске жарияланған мораторийді нақ қазір алып тастау піспеген, шала идея. «Бұл өзі суға кеткелі тұрғанды одан әрі батырумен тең». Демек, қаржы министрінің бұл идеясы бюджеттің бүйірін тоқ ете алмайды.

       Осындайда еріксіз «біздің министрлердің басына бұдан да басқа тың идеялар неге  келе қоймайды» деген ой туындайды. Мысалы, депутаттардың, министрлердің жалақысын қысқарту, үкімет мүшелерінің мемлекеттік бюджеттен берілетін бонустарын шектеу, министрліктерде құр қағазға көміліп отыратын департамент, басқарма қызметкерлерін орындарынан босату тәрізді шаралар да бюджеттің кірісін едәуір толықтырады ғой. Тіпті «шал-шауқандар мекені» атанып кеткен бір ғана сенатты таратса да, бюджет шығыны біршама азаяр ма еді?! Төрағалары мен бас директорларының жалақылары 1 млн мен 3 млн теңгенің аралығын құрайтын «санда бар, сапада жоқ» ұлттық холдингтердің санын азайтса да, бюджетке әжептәуір кіріс емес пе?! Әттеген-айы, мұндай ұсыныстарды айтуға келгенде біздің шенеуніктердің жүрегі дауаламайды. Олар, керісінше, «жалақымыз өссе, сыйақымыз көбейсе» деген ниетпен жоғары жаққа «бәрі ойдағыдай» деп есеп беруге дайын тұрады.

Тегтер: министр реформа халық пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 13:18
Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" меморандумы: мән-жайы анықталды
Еңлік АБАҒАН 16.09.2021, 12:30
Көгілдір отын неге қымбаттап кетті?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.09.2021, 07:53
Инфляция шарықтаса, Досаев қалтырайды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 14.09.2021, 16:30
Сыбайластықтың сара жолы
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 13:30
Су арналары: цифрландыру, реконструкция, жаңа суқоймалар
Еркежан АРЫН 14.09.2021, 10:30
Жер қатынастары туралы заңда не өзгерді?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39