"Жаңаөзендегі елдің қыжылы жалпы халықтың мұңы"

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

04.01.2022, 11:14

2560

Біз мұнай қорымыздың молдығы жағынан әлемдегі мұнайлы деген 15 мемлекеттің қатарына енеміз. Елдегі мұнай қорының көптігіне байланысты осы уақытқа дейін кеудемізді кере мақтандық, масаттандық. Бірақ соңғы кездері осынша мол мұнай қорымыз бола тұра  үнемі мұнай өнімдерінің тапшылығына ұшыраймыз. Жыл сайын жанармай қымбаттайды.  Газ қымбаттайды. Тапшылық туындайды.

Жыл басталғалы Жаңаөзен халқы толқыды. Қазір Маңғыстау мен Ақтаудағы елдің қыжылы қайнап тұрған тұс. Рас, Үкімет бұған қатысты белгілі бір шараларды қабылдап жатыр. Жаңаөзендегі жағдайды шешу үшін үкіметтік комиссия да құрылды. Бүгін Ақтауға үкіметбасының орынбасары Ералы Тоғжанов барады.

Бірақ қазір елді бұдан бұрын «осы қазақтың мұнайы қайда кетіп жатыр» деген сауал  жиі-жиі толғантып-ақ жүр. Жаңа 2022 жыл басталғалы «бензин 240 теңге болады деген» болжам тарады. Маңғыстауда газ бағасы 99 теңгеден 120 теңгеге қымбаттап сала берді. Жыл сайын қайталанатын бұл жайттың бір шешімі болар-болмасына ешбір инстанцияның кепілдік берер түрі көрінбейді. Ал енді қарапайым халыққа, расымен де, қайтпек керек? Болашақта мемлекеттік тұрғыда не істелінуі керек?

    Қашанғы өзгеге жалтақтаймыз?!

Бұған қатысты химия ғылымының докторы, профессор, Хакім Суербаев:

Ең өкініштісі, бізде мұнай қоры көп бола тұра біз бензинді, дизель отынын, ұшақтарға қажетті отынды, жағармайларды көршілес Ресей елінен импорттаймыз. Қанша байлығымыз бола тұра өзгенің өніміне көз сүзіп жалтақтаймыз. Міне, осы мәселелерді шешу үшін тез арада мұнай-газхимиясын жетілдіруді қолға алғанымыз жөн. Әрине, бұл үшін біраз уақыт кетер, десек те, химия кірмейді менің миыма деген енжарлықтан арылатын уақыт жетті. Өзгелер химиялық жолмен мұнайдан неше түрлі өнім алып жатқанда, біздің бір ғана жанар-жағармай ала алмауымыз өте қынжыларлық нәрсе. Мұнай химиясына бойлап ену үшін бұл үрдісті үйренетін кезең әлдеқашан жетті,-дейді.

  Қазақтың газын ысырап етіп отырғандар кімдер?!

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, біздің мұнайымыздың бір ерекшелігі, мұнайымыздың құрамында күкірт қосылыстары көп. Осы жағынан алғанда мұндай мұнайды өңдеп одан өнім алу күрделілек. Бұған қоса, біз табиғи газға бай елміз. Біздің газымыздың басым көпшілігі мұнайымызға ілесіп шығады. Өкініштісі, қазірде осы мұнаймен ілесіп шығатын ілеспе газды ұқсату жағы да бізде өте төмен. Бұған қатысты мамандар «тек қана пайда табуды көздейтін шетелдік алпауыттар бұл жерде қазақтың мұнайын ғана емес, газын да ысырап етіп отыр» дейді.

Бұл рете экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов:

Жаңаөзендегі елдің қыжылы, жалпы халықтың мұңы. Мысалы, көп кеніштерде ілеспе газ ашық аспанда еш пайдаланылмай жанып жатыр. Газдың бұлай ашық аспанда жануы экологиялық тұрғыда өте зиянды. Осы ретте айтарым, осы мәселеге қатысты салмағын бойына жиған шешімдер қабылдауы керек. Осы саладағы бақылау пакетінің басым үлесі Қазақстанның еншісінде болуы қажет. Былайша айтқанда, «жіліктің майлы басы біздікі» болуы керек қой. Ең бастысы, мұнай-газ химиясын жетілдіруге күш салуымыз керек. Қазақстандағы мұнай қорының болжамы 20-25 млрд тонна. Қазақстандағы жалпы газ коры 6 трлн м3. Сондықтан бұл жерде мәселені төтесінен қою керек. Ол дұрыс.  Жерінде бір түйір мұнайы жоқ Жапонияның қазіргі жағдайы қалай? Оларда біздегі тәрізді бензин мен газ «безгегі» ай сайын, жыл сайын орын алмайды. Себебі олар мұнай-газ химиясын меңгерді,-дейді.

Жалпы, мамандардың пайымауынша, біз кезінде, Тәуелсіздік алған жылдары мұнай өндіру, мұнай өңдеу салаларын өзіміз игеріп кете алмадық. Бұл түсінікті де еді. Ол кездері халықты жаппай кедейшілік жабырқатты. Білікті мамандар мен технологиялық базамыз мүлде жоқ болды. Осыдан барып біздің мұнай-газ саласына шетелдіктер дендеп ене бастады.

— Басында олар табалдырығымыздан имене аттаса, қазір тіптен билеп-төстеуге айналды. Бұған дәлел, қазірде сол шетелдік мұнай өңдеуші компаниялар еліміздің экологиялық заңнамаларын өрескел бұзып отырғаны өз алдына, қазақтың құқын бұзып, қол астындағы жұмысшыларының еңбегін қанауға дейін барып жатыр. Әлбетте, оларға қазақтың мұнай-газ химиясының өркендегені қажет емес. Ойланасың, Қынжыласың. Сонда қазақ мұнайдың қызығын қашан көреді?!-дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

    Үкімет нені ескеру керек?!

Жалпы, өзге елдер осы мұнай-газ саласына айрықша назар аударады. Мұнайды ақырына дейін өңдеу әдісіне бүгінде Германия, Израил тәрізді елдер қатты назар аударуда. Тіптен алысқа бармай-ақ көрші Ресейді мысалға алайық, Ресейде тек қана осы мұнай химия өнеркәсібіне қатысты мамандар дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар. Ең қызығы, біз соншалықты мұнай қорымыз мол бола тұра, осы салаға қатысты бірді-екілі факультеттер ашумен ғана шектеліп отырмыз. Ол факультеттердің өзінде мұнай химиясын тереңдеп оқытпайды. Сондықтан мәселеге ғылыми тұрғыда мән беретін болсақ, мұнай-газ саласын өркендету үшін мынадай жайттарға назар аударған жөн:

а) Маман біліктілігін арттыру керек. Ол үшін көрші елдердегі тәрізді арнайы мұнай химия өнеркәсібін тереңдетіп оқытатын оқу орындары ашылуы керек. Технологиялық базамыз қуатты болуы керек. Біліктілікпен қоса, отандық өндіріс қуаттылығы да артуы қажет;

ә) Мұнай өндіруші, мұнай өңдеуші компанияларды мемлекет қарамағына алғаны жөн. Өйткені біз барлық тізгінді шетелдік алпауыттарға беріп қойдық. Мұның ақыры «жаман үйдің қонағы билейді» дегенге әкеліп отыр;

б) Бұдан соң қандай шешім қабылданса да халықтың мүддесі ескерілуі керек. Егер әркімге бір жалтақтап, өзге жұрттың бабын таба берсек, онда күні ертең келер ұрпақтың алдында дидарымыздың төменшіктеп қалатыны хақ;

в) Заң қатайтылуы керек;

г) Бұдан соң мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялауды бастау керек. Бұл — мұнай химия өнеркәсібіне жан бітіретін үрдіс.

Тегтер: Жаңаөзен Ақтау Маңғыстау митинг ереуіл халық наразылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 14:13
Сенатор Ақылбек Күрішбаев: «Жалған статистика ауылдағы нақты жағдайды көрсетпей отыр»
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:50
Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
Сайт әкімшілігі 18.01.2022, 11:40
Жаңа министр Қазақстан экономикасын қалай қуаттандыратынын айтты
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 18.01.2022, 08:38
Қазақты байытпаған «Самұрық-Қазына» «Жаңа Қазақстанға» жеткізе ме?
Сайт әкімшілігі 17.01.2022, 09:49
Тимур Құлыбаев "Атамекен" ҰКП төрағасы қызметінен кетті
Сайт әкімшілігі 17.01.2022, 09:12
"Қазақстан халқына қоры" халықты жарылқай ма?!

Аңдатпа


  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48
  • Жарылысқа жол ашқан – биліктің мақтаншақтық идеологиясы
    19.01.2022, 09:05
  • Аренадан Алаңға дейін...
    18.01.2022, 08:39
  • Қазақты байытпаған «Самұрық-Қазына» «Жаңа Қазақстанға» жеткізе ме?
    18.01.2022, 08:38