«Жаңғырмадық... қаңғырдық»

    Халыққа аядай үй қол жетпес арман болды

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

02.11.2021, 08:58

905

      «Аналитик» талдау және сараптау орталығының есебінше, биыл отандық нарықтағы баспананың бағасы екі есеге шарықтаған. Ал баспана тұрғызуға аса қажетті құрылыс материалдары былтырғымен салыстырғанда биыл 200-300 пайызға өскен. Енді баспана алу да, өз күшімен баспана салу да елге оңайға соғайын деп тұрған жоқ. Себебі тұрғын үй құрылысы саласындағы шарықтаған  бағаға үкіметтің тұсау салуы неғайбіл.

      Деректерге жүгінсек, Қазақстанда 2,5 млн адам, яғни халықтың 14 пайызы баспанаға аса мұқтаж. Бұл ресми дерек. Ал бейресми дерек бойынша елде баспанаға қолы жетпей жүрген бұқараның саны 5 млн-нан асып жығылады.

Негізінде, халықты баспанамен қамтуға қатысты БҰҰ-ның арнайы белгілеген стандарты бар. Осыған сәйкес, елдің әрбір тұрғынына 30 шаршы метр тиесілі болу керек. Алайда біз бұл стандартты тәуелсіздік алғалы 30 жыл болса да, әлі бағындыра алмай келеміз.

       Экономист-сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, баспана бағасын арзандатуға енді үкіметтің шамасы келмейді.

     – Біріншіден, бізде баспана салуға қажетті құрылыс материалдарының 90 пайызы сырттан әкелінеді. Импорт дүниенің қымбат болатынын біз осы уақытқа дейін түсіндік. Бірақ отандық құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындарын ашуға мүлде асықпадық. Қазір құрылыс материалдары қымбаттап кетті. Сондықтан «үйдің бағасы арзандайды» деп болжам жасай алмаймыз. Делдалдар да құрылыс заттарын шетелден қымбат бағаға әкелетінін желеу етіп, құрылыс заттары қымбаттай береді. Осы себептерді ғана алға тартсақ, әзірге баспана бағасы арзандай қоймайды және оны төмендетуге үкіметтің шамасы да келмейді, – дейді экономист-сарапшы Марал Төртенова.

           Ал сонда қарапайым халықты арзан баспанамен қамту мәселесі басы ашық күйінде қала бере ме?! Біздің билік бұған дейін бұқараны баспанамен қамтимыз деп, бірнеше бағдарлама легін ұсынды. «Қолжетімді баспана 2020», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «7-20-25» дейсіз бе, толып жатқан тұрғын үй бағдарламасы бізде жетерлік. Бұдан бөлек, баспананы 20 жылға жалға беру, жастарды баспанамен қамту, алғашқы жарнасыз 20-25 жылға жалдамалы пәтер беру, зейнетақы жарнасын алу арқылы баспана алуға мүмкіндік тәрізді жаңашылдыққа толы бағдарламалардан көз сүрінді. Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, әзірге мұндай реформалардың қызығын халық көре қойған жоқ.

    – Расында, біз жаңғырмадық, қаңғырдық. Негізінде, бізде құрылыс жүргізетін компаниялар жерді мемлекеттен жеңілдікпен алады. Коммуникацияны мемлекет есебінен жүргізеді. Салыққа жеңілдік беріледі. Ендеше инвесторлар неге салған үйлерінің шаршы метрін арзандатпайды? Бір сөзбен айтқанда, оларды бағындыруға үкіметтің шамасы келмейді. Себебі жекеменшік монополистер халықты емес, өз қалталарын ойлайды. Алматы мен Нұр-Сұлтанда үйдің шаршы метрі 300-400 мың теңгені құрайды. «Зейнетақы жарнасын пайдаланып үй алу» дейміз. Бұл реформаның қызығын да қарапайым халық көріп отырған жоқ. Жалақысы аз, тіпті жұмыс таба алмай жүрген кедей-кепшікті жарылқайтын бір реформа жоқ. Оның несін жасырамыз? – дейді қаржыгер Арман Мусин.

        Негізінен, сала мамандары «сауатты әрі салмақты тәсілін таппасақ, 2025 жылға қарай елде баспанасыздар саны екі есеге көбейіп кетуі мүмкін» деп  дабыл қағып отыр. Сондане істеу керек? Бір үйге мұқтаж жандардың мәселесі қашан шешіледі? Халық жалдамалы пәтер кезіп, қашанға дейін қаңғырады?

         «Аналитик» талдау орталығының әлеуметтанушы маманы  Наркенже Шаяхметовтің айтуынша, біріншіден,қазір нақ осы нарықта алыпсатарлық  өршіп тұр. Елде арзан үйлердің дені қарапайым халықтың игілігіне емес, тұрғын үй нарығындағы алыпсатарлардың пайдасына жұмыс істеп жатыр. Олар пәтерді қайтара сатқан кезде үйдің бағасын аспандатып жібереді. Міне, бізге бірінші кезекте  осы үдеріске тыйым сала білу керек. Екіншіден, нарық болғаннан соң, үкімет оны реттеу керек. Тұрғын үй инспекциясын құру, тұрғын үй қорының жай-күйіне арнайы мониторинг жүргізу, нысандардың нормативтік беріктіктерін қадағалау тәрізді жұмыстар жүргізілу қажеттігі жиі сөз болады. Алайда тыңғылықты ұсыныстар айтылғанымен, қайсыбірінің шешімін таппай жатқаны жасырын емес. Үшіншіден, үкімет Отбасы банкіне арзан бағдарламалар арқылы елді баспанамен қамтуға қатысты жаңаша  бағдарламалар ұсынуы керек. Бұған қатысты мамандардың пайымдауынша, егер мемлекет халықты арзан баспанамен қамтамасыз етуді мақсат тұтса, онда елде жалдамалы тұрғын үйлердің санаты көбеюі қажет. «Мұндай жалдамалы тұрғын үйлер жалпы алғандағы тұрғын үй нарығының 30 пайызын құрауы керек».     – Бұған қоса, мемлекеттік немесе муниципалдық тұрғын үйлер 8-10 пайызға жетсе, сонда ғана елде түйткілі аз, мәселесінің мәні шешілген тұрғын үй нарығы қалыптасады.  Міне, қазақтың баспана мәселесін шешу үшін ортақ айналымдағы тұрғын үйлердің шамамен алғанда 30 пайызы, тіпті одан да көбі халыққа қолжетімді, арзан болуы тиіс, – дейді әлеуметтанушы Наркенже Шаяхметов.

       Өкінішке қарай, мамандар айтып отырғандай, біздің үкімет 30 жыл бойы қолданысқа берілетін үйлердің 30 пайызын халыққа ыңғайлы әрі арзан бағада сатып алатын жағдай жасай алмады. Бұл ретте құрылыс саласында жүрген инвесторлардың көксегені тек өздері баю болды. Монополистердің мемлекеттен бөлінген қыруар қаражатқа сапасыз баспаналар тұрғызып кете барғаны да көпшілікке белгілі. Тіпті бүгінде мемлекеттік бағдарламалармен салынған қайсыбір үйлердің қабырғасы қақырап құлап, төбесінен су ағып, ел шулап жатқан жайттарды да кезіктіріп жүрміз. Осылайша қаншама жыл бойғы қаражатын тірнектеп жинап алған баспанасы халықтың көңілін су сепкендей еткен жайттар жетерлік. Мұндай әрекеттерге қарап, расында да, «жаңғырмадық… қаңғырдық» деуге негіз де бар. Бүгінде ауылдан жұмыс таппай, қаланы жағалаған қара халық елде баспана қымбаттаған сайын, «үйлі боламын» деген арманы қол жеткізбей жатқанына ашынады. Мұндайда «зәулім үйде, жылы әрі жайлы сарайда, жұмсақ креслода отырып алып жұмыс істейтін атқарушы билік өкілдері қашан халықтың мұң-мұқтажын түсінер екен» деп еріксіз қынжыласың...

Тегтер: баспана мәселе тұрғын үй кешен тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:00
Доллар қайта қымбаттады
Сайт әкімшілігі 11:02
Қазақстандықтардың мүлік салығы бойынша қарызы 3,2 млрд теңгеге жетті
Оразәлі СӘБДЕН 08:15
Әлеуметтік инновацияны дамыту идеясы
Сайт әкімшілігі 24.11.2021, 22:18
Еңбек министрлігінің атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту ұсынылды
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.11.2021, 09:10
Мамин «өсіп жатырмыз», сарапшылар «өшіп жатырмыз» дейді...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 18.11.2021, 08:57
Алақаны бар ақшамыз, алақан жайып кетпесе екен

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30