13.04.2021, 13:57
947
Сарапшылардың пікірінше, 2050 жылға қарай «жасыл» экономикаға көшу Қазақстанға елдің жалпы ішкі өнімін кем дегенде 3 пайызға арттыруға және 500 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасы жақсарады. Бұл саланың дамуы біздің экономикамызға жыл сайын 3-4 миллиард доллар инвестицияның түсуіне ықпал етеді, бұл ЖІӨ-нің 1 пайызын құрайды. 2050 жылы «жасыл» энергия көздерінен өндірілетін энергия көлемі елде өндірілген жалпы көлемнің 50 пайызын құрауы керек.
Желтоқсан айында премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Республикасы президенті жанындағы «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі кеңестің отырысы өткен болатын. Еліміздің жаңа Экологиялық кодексі Еуропалық Одақ елдерінің тәжірибесі бойынша ең озық қолжетімді технологиялар (ОҚТ) индикаторларын пайдалану арқылы өндірісті жаңғырту үшін кәсіпорындарды ынталандыруды көздейді.
ЕО елдерінде ОҚТ режиміне көшудің арқасында ластаушы заттардың шығарындылары едәуір азайған: күкірт диоксиді үшін – 94 пайыз, азот оксидтері үшін – 69 пайыз, қатты бөлшектер үшін – 94 пайыз. Экологиялық реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру шеңберінде ОҚТ туралы анықтамалықтар әзірленуде.
Осы жылы халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы энергия тиімділігі туралы анықтамалық құрастыру жұмысын бастады.
2021-23 жылдары «Мұнай мен газды өңдеу», «Энергия өндірісі мақсатында ірі қондырғыларда отынның жануы», «Бейорганикалық химикаттар өндірісі», «Цемент пен әк өндірісі», «Мұнай және газ өндірісі», «Қара металдар өндірісі», «Түсті металдар өндірісі», «Бағалы металдар өндірісі» бағдарламалары жүзеге асырылмақ.
ОҚТ анықтамалықтары мен тиісті қорытындылар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі деп күтілуде.
2023-25 жылдары интеграцияланған экологиялық рұқсаттар беруге дайындық жұмыстары жүреді. 2025 жылға қарай ластаудың 80 пайыз құрайтын мұнай-газ, тау-кен металлургия, химия және электр энергетикасы салаларынан 50 ірі кәсіпорынның үздік технологияларына өту үшін жағдайлар жасалады.
Арнайы кеңес 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті, онда су ресурстарын пайдалану, қалдықтарды басқару, төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеу, сондай-ақ экологиялық жағдайды жақсарту және «жасыл» экономиканы барлық аймақтарда дамыту шаралары қарастырылған.
Бұған дейін екіжақты кездесулер шеңберінде Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары М.Баймұхан мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғ.Өзбеков серіктестік қатынастардың даму перспективалары мен DERA, RedpathDeilmannGmbH, B.T. InnovationGmbh, Vorwerk&Co., TeppichwerkeGmbH&Co. KG неміс компанияларының басшыларымен бірлескен жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Экология министрі Мырзағалиевтің айтуынша, жаңа Экологиялық кодекстің арқасында елде «жасыл» экономикаға көшу бойынша жұмыс күшейтіледі.
Бұған дейін мемлекет басшысы БҰҰ-ның климаттық саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстан 2050 жылға дейін төмен көміртекті экономиканың тұжырымдамасын дайындап жатқанын және 2060 жылға қарай еліміз бейтарап көміртегі ізіне қол жеткізуге, яғни мүмкіндігінше «жасыл» экономикаға ауысуға дайын екенін атап өтті. Елде жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану 2025 жылы кем дегенде 5 пайызды құрауы керек.
Ағаштарды кесу, қоқысты орынсыз жерге лақтыру, жануарларға қатыгездік жасау әрекеттері үшін жазаның қатаңдатылуы да осы құжатта көрініс тапқан. Мысалы, Қызыл кітапқа енген ағашты кескендерге жаза 6-дан 1000 АЕК-ке дейін көбейтілді (2 778 000 теңге), тіпті қамауға алынуы да мүмкін.
Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, «кодекс барынша жасыл құжат болып шықты». Министр өзі айтып өткендей, тұтастай алғанда соңғы жылдары елдегі халықтың экологиялық ахуалды жақсартуға деген белсенділігі едәуір өсті, қоршаған ортаны қорғау саласындағы азаматтар мен компаниялардың құқық бұзушылықтарына нөлдік төзімділік көрсеткіші қалыптасты. Бұл қуанарлық жағдай.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР