Жасыл экономикада жеткен жетістік көп

Азат ӘЛИХАН

08.08.2022, 11:39

775

Әлем елдеріндегі жасыл экономиканың үлес салмағын анықтап, соған сай инвестициялық анықтама әзірлейтін Жасыл болашақ индексі, яғни The Green Future Index-тің биылғы рейтингінде Қазақстан 33-ші орын алды.  

Жасыл технологияларға көшудегі жетістіктерді саралайтын бұл ұйым осылайша әлем экономикасының жасыл технологияларға өту үрдісіне жеке-жеке баға береді. Массачусетс университетінің Technology Review порталында жарияланған осы жолғы рейтингінде «жасыл жобалардың» үлесіне көңіл бөлінген. Нақтылап айтсақ, мемлекеттің баламалы энергия көздеріне қаншалықты инвестиция бағыттағаны және жасыл экономикамен байланысты инновациялық жобаларды қаржыландыруға қаншалықты көңіл бөлетіні назарға алынған екен. Осы тізімде біздің ел 4,9 ұпаймен 76 мемлекеттің ішінде 33-ші орынға тұрақтаған. Ал үздік бестіктің қатарында әдеттегідей Дания, Норвегия, Ирландия, Франция және Исландия елдері тұр.

Бұдан бұрын Үкімет отырысында 2030 жылға қарай Қазақстандағы жасыл энергияның үлесі 15 пайызға дейін жететіні айтылған еді. Ал 2060 жылға дейін шикізатқа тәуелділіктен арылып, жасыл экономикаға арқа сүйеуді қолға алған. Ол үшін баламалы энергия көздерінің үлесін арттыруға күш салынуда. Екі жыл бұрын отандық энергетикадағы қайта қалпына келетін энергия көздерінің үлесін 3 пайызға арттыру көзделгенді. Одан кейінгі жылдары көрсеткішті 6 пайызға көтеру мақсат етілді. Ал 2030 жылға қарай жасыл экономиканың энергетикадағы үлесі 15 пайызға жеткізілмек.

Осы мақсатқа жету үшін елімізде жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Құжатта жасыл экономикаға басымдық беретін компанияларды Батыс елдерінің тәжірибесі негізінде мемлекеттік деңгейде қолдау құп алынған. Бұл бойынша «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидаты, өндіріс қалдықтарын басқаруды жетілдіру, жобаланатын нысандардың қоршаған ортаға ықпалын бағалаудың бастапқы кезеңіне қоғамның кеңінен қатысуы да ескерілгенін айта кету керек. Бұл ретте табиғатты пайдаланушы залалдың құнын өтеп, қоршаған ортаны бастапқы деңгейіне дейін қалпына келтіруге міндетті болатын норма қарастырылды. Себебі соңғы 10 жылдан астам уақыт ішінде Кодекске 80-ге тарта өзгерту енгізілді. Барша әлемде экология мәселелері басымдыққа ие екенін, сондай-ақ заңнама мен экологиялық реттеу эволюцияға ұшырайтынын ескерсек, жаңа құжатты жүзеге асыру маңыздылығы осы себепті туындады. Жаңа құжатты даярлау кезінде шетелдің тәжірибесі қарастырылды. Бұл мемлекеттерде ластанған және ластаушы кәсіпорындарға қадағалау жүргізіледі. Қоршаған ортаға әсер етуді бағалаумен байланысты қадамдар, кәсіпорынды жаңғыртуға әрі қалдықтарды басқару жүйесін қайта қарауға қатысты мәселелердің барлығы заманауи трендтерге сай келеді.

Ең озық қолжетімді технологияларды енгізеді деген шартпен бірінші санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу ұсынылды. Сондай-ақ жаңадан іске қосылатын кәсіпорындар үшін кешенді экологиялық рұқсаттар алу міндеттілігі қарастырылды. Ең озық қолжетімді технологияларды енгізудің арқасында еліміздегі экологиялых ахуал жақсарады. Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты 50 ірі кәсіпорынды ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған болатын. Осы 50 кәсіпорынға жалпы ластанудың 80 пайызы тиесілі.

Сол себепті озық қолжетімді технологияларды енгізу талабымен қауіптілігі бірінші санаттағы нысандар үшін кешенді экологиялық шешімдерге көшу қарастырылды. Озық қолжетімді технологияларды енгізу арқылы қазіргі экологиялық проблемалар бойынша ахуалды өзгертуге мүмкіндік бар. Себебі технологиялық процестерді жаңғырту тұрғысында қоршаған ортаға эмиссияның төмендеуі болады. Мысалы, бұрын табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссия үшін түскен төлемдерді мақсатты жұмсау міндеттелмеген. Салдарынан жергілікті атқарушы органдар келіп түсетін қаражаттың тек 45 пайызын ғана қоршаған ортаны қорғауға бөліп келді. Ендігі жерде жергілікті атқарушы органдар түсетін экологиялық төлемдердің есебінен 100 пайыз көлемінде қаржыны табиғат қорғау іс-шараларына бөлуге міндетті екендігі нақтылап көрсетілген. Екіншіден, ең озық қолжетімді технологияларды енгізу кәсіпорындарға еліміздің өнеркәсіптік өңірлерінде қоршаған орта сапасының жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Кодекске сәйкес, ең озық қолжетімді технологияларға өтетін кәсіпорындар үшін ынталандыру қадамдары қарастырылған. Яғни бұл кәсіпорындар экологиялық төлемдерден босатылып, бұл қаржыны өздерін жаңғыртуға бағыттай алады.  Мысалға «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында ауасы лас қалаларда орналасқан өндіріс ошақтарының шығарылындарын 20-30 пайызға азайту қолға алынған. Бұл бойынша бірінші санаттағы өндіріс ошақтарын кешенді экологиялық рұқсаттарға көшіру міндеттеледі.

Заңсыз қоқыс тастау мәселесін жүйелі түрде шешу үшін Экология кодексінде қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату мәселесі көзделген. Сөйтіп орманды алқаптарды сақтауға қатысты жаңа талаптар пайда болды. Осы ретте ағашты заңсыз кескені үшін жауапкершілік күшейтілді. Атап айтқанда, ағашты отағаны үшін әкімшілік айыппұл 5 есеге артты, ал бұл жағдай қайталанса немесе ерекше қорғалатын аумақтан ағаш кескен жағдайда айыппұл 1500 АЕК-ке дейін жетеді. Келтірілген залал 100 АЕК-тен асса, заң бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

 Қажет кезінде қабылданған құжат қазір тиімді нәтижесін көрсетіп келеді. Атап айтсақ, экологиялық тазалықты сақтап, жасыл экономиканың жандануына жұмыс істеп келеді. Былайша айтқанда, жасыл экономикаға көшу «бір оқпен екі қоянды алған» жұмыс болды. Себебі, өндіріс ошақтарына экологияны қорғауға міндеттей отырып, кәсіпкерлігін жандандыруға мүмкіндік беріліп отыр. Қалай дейсіз бе? «Жасыл Қазақсан» ұлттық жобасы мен Экологиялық кодекске сәйкес, кешенді экологиялық рұқсатнамаға көшкен кәсіпорын иелеріне мемлекет тарапынан ынталантыру жұмысы бар. Еер өндірістік компаниялар ең озық қолжетімді технологияны қолданысқа енгізіп, кешенді экологиялық рұқсат алған жағдайда эмиссия үшін салықтан босатылады.

Жалпы алғанда жасыл экономикаға көшуі жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған Тұжырымдама өз нәтижесін беріп, елімізде қайта қалпына келетін энергия көздеріне сұраныс артты. Айталық, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 4,83 есеге ұлғайып, электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 3% — ға дейін, газ электр станцияларының үлесі 20,2% — ға дейін артты. Қалаларда орталық ауыз сумен жабдықтау жүйесіне тұрақты қолжетімділігі бар су пайдаланушылардың үлесі 97,5%-ға, ауылдық жерлерде-90,1%-ға жетті. ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы көрсеткіштен 33,1% — ға төмендеді. Атқарылған іс көп. Алайда алда істелер міндет те жетерлік. Жасыл экономикаға бет алған елімізде қол алынған ұлттық жоба тиімді жүзеге асуын тоқтатпаса,  Жасыл болашақ индексі рейтингінде сатылай көтерілері сөзсіз.

Тегтер: жасыл экономика энергия электр станса

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2022, 12:06
Михаил Ломтадзе Kazakhstan Growth Forum таңдауы бойынша тағы да үздік CEO атанды
Еркежан АРЫН 23.09.2022, 09:56
Жаңа Қазақстанда қауіпсіз жұмыс
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 23.09.2022, 08:42
Жемқорларға жем болған Қазақстан
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.09.2022, 08:51
Кедей жаритын, халық дамитын күн туа ма?!
"Жас Алаштың" сараптама орталығы 20.09.2022, 08:37
Қайтқан малда қайыр бар. Jusan банк Ксell акцияларын қайтаруы тиіс
Сайт әкімшілігі 19.09.2022, 09:22
Астана атауын қайтаруға қанша ақша жұмсалады?

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41