Жасыл энергияға көшу – әлем көшіне ілесудің кепілі

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

04.06.2021, 10:38

2875

Экономика мен экология бір ұғымға айналған шақта жаhан жұрты үшін «жасыл энергияға» көшу өмір сүру салтына айналғалы отыр. Тіршілік салтымызға болашақта дендеп енетін жаңа жүйе алдымен адамдардың әл-ауқатын ұзақ мерзімге жақсартуды кепілдендіретін экономика болмақ. Мұндай ауқымды бағдарламаны тұңғыш рет 2008 жылы БҰҰ қабылдады. Ол бойынша энергияны күн, жел, су және биологиялық тетіктер арқылы өндіру қолға алынды. Дамыған елдердің алдын ораған Оңтүстік Корея ішкі жалпы өнімнің 60 млрд долларын «жасыл» сектордың дамуына бөліп отыр. Бұдан қалыс қалмаған алпауыт АҚШ енді тоғыз жылдан кейін тұрғындар тұтынатын энергияның 65 пайызын, жылудың 35 пайызын күн құрылғылары арқылы алуды жоспарлап қойған. Еуроодақ елдері энергетика, қоғамдық көлік, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату салаларын «жасыл» шараларға жұмылдырған. Қытай 2020 жылдан бастап энергия қуатының 15 пайызын жаңартылған энергия көздерінен игеруді, Швеция мұнайдан  арылып, көмір және ядролық энергияны қолданыстан шығаруға шешім қабылдап отыр. Ал Қазақстанның жасыл энергетикаға ойысудағы қадамы қандай?

Біздің елде де бұл салада бірқатар шаралар жүріп жатыр. Бірақ қарқын баяу. Әйткенмен Қазақстанның жасыл энергетиканы өркендетуге мүмкіндігі мол. Еліміздің кең-байтақ даласы мен геосаяси жағдайы жасыл технологияны дамытуға сұранып тұр. Жаңартылатын энергия көздері жолындағы жылжу көрсеткішіне көз салсақ, көңіл көншітпейді. Бізде электр қуатын өндіру құрылымы бойынша жылу электр станциялары мен газ турбиналары әлі басым күшке ие. Демек, ел жарықтың 88 пайызын ЖЭС пен газ арқылы алып отыр. Мұның бер жағында гидроэлектростанциялардың үлесі – 9 пайыз, ал жаңартылған энергия көздерінен небары 3 пайыз ғана қуат келеді.

Енді қайтпек керек?

Күн энергиясының тиімділігін зерттеген ғалым, химия ғылымының докторы Азамат Едрисовтың пайымына жүгінсек, Қазақстан жасыл энергияны игерудің тетігін тапса, орасан зор мүмкіндікке қол жеткізеді. Алайда ол үшін қарекет қажет.

– Еліміздің  аумағында  күн мен желдің өтінде тұрған елді мекендер көп. Жылдың он екі айында үздіксіз болып тұратын табиғат байлығын меңгеру өзімізге байланысты. Әлбетте, неғұрлым ширақ қимылдасақ, өкініште қалмайтынымыз аян. Кезінде отандық ғалымдар Қазақстанның күн шуағына бай  400 шаршы шақырым жеріне  күн станциясын құрса, елге қажетті энергияны толық жабуға болады деген тұжырым жасаған. Жарыққа жарытатын жағрафиялық аумақтар санатына енетін оңтүстік өңірге – күн, Сарыарқаға жел станцияларын тұрғызсақ, үлкен олжаға кенелеміз. Бір ескерерлігі, электр станцияларын елді мекендерге жақын жерде орналастырса, онда электр желілерінің шығыны қысқарады. Осы ілкімді бастама бізде  іске асатын болса, келешекте көмір мен мұнай өздігінен қажет болмай қалады. Қазір көмірден алатын электр энергиясының құны өте арзан болып тұр. Оның үстіне  пайдаланып отырған қара отынды тұтыну кезінде бөлініп шығатын көмірқышқыл газының қоршаған ортаға зияны айтпаса да түсінікті. Көмір кенін өндіретін мемлекеттер оны түсініп, таскөмірден құтылуға бел шешіп кірісуде.

Бүгінде Еуропаның көптеген елдері көмірді мүлдем пайдаланбайды. Өзен бойындағылар судан, қайсыбіреулері жел мен күннен  келген жарықты тұтынып жатыр. Мәселен, жасыл энергияны игерудің тетігін тірнектеп ізденген Исландия қажетті жарықты жанартаудан алуда. Ендеше біз көз алдымызда көрініп тұрған табиғаттың жомарт сыйын дер шағында пайдалануымыз ләзім. Қазір электр қуатын жалғыз-ақ күн батареясынан алу қымбатқа  соғуы мүмкін. Бұл жолда инвестиция жұмылдыруға тура келеді. Бірақ қажетті инвестиция 10-20 жылда өзіндік құнын толық өтеп шығады. Оның үстіне жылма-жыл күн батареясының бағасы төмендеп жатыр. Есесіне оның игілігін болашақта еселеп көретін боламыз.

Қазір Қазақстанға көмір энергиясының мол қорына арқа сүйеуге болмайды. Олай болған жағдайда жасыл экономикадан кенжелеп, халықаралық ұйымдар бізге экологияға қауіпті көмірқышқыл газын таратқанымыз үшін айыпұл салып, қаржылық айыптан басымызды көтертпейтін болады. Себебі Қазақстан жаhаннан бөлініп кете алмайды. Аспан мен жер адамзатқа ортақ дегендей, бәріміз бір ауамен тыныстаймыз, – дейді профессор.

Жасыл экономикаға көшу әлдеқайда тиімді әрі ұтымды екенін еуропалықтардың тәжірибесінен көріп отырмыз. Қазақстанда да «жасыл технологияға» ену тұжырымдамасы жасалды. Бағдарлама аясында экономиканың 10 басым секторын инвестициялау көзделген. Осы тұжырымдама аясында елімізде «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» ҰАҚ жұмыс істеп жатыр. Бұл бағытта аймақтардың еңсеретін үлесі зор болмақ.

Қарағанды облысында қазіргі уақытта  қуаты 200 МВт-тық күн электр станциясы жұмыс істеп тұр. Алғаш игерілген жоба Саран қаласына, Ақтоғай ауданының Күлшатыр елді мекеніне, Шет ауданының «Ағадыр» станциясына, Жезқазған өңіріндегі «Кеңгір» станциясына қойылған. Бұдан бөлек, Абай және Бұқар жырау аудандарындағы «Ынтымақ» суқоймасына шағын гидроэлектростанция орнатылған. Аймақтық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ұлантай Үсеновтің мәлімдеуіне қарағанда, қатарға қосылған баламалы тоқ көздерінің күші 227,97 МВт энергияны құрап отыр. Үсеновтің айтуынша, облыстағы жасыл энергияны дамытуға отандық және шетелдік инвесторлар бейілдік танытуда. Аталған жобаны үйлестіруге 102 млрд теңге инвестиция құйылған.

 Қауқары 100 МВт болатын ауқымды күн электр станциясы Балқашта салынып жатыр. Ол биыл пайдалануға берілмек. Чехиялық инвесторлар Саранда 100 МВт-тық күн электр станциясын тұрғызуға уағдаласып отыр. Шетелдік инвесторға 18 гектар жер аумағы бөлінген. Жергілікті атқарушы биліктің хабарлауынша, отандық инвесторлар алдағы уақытта Ақтоғай ауданының Торанғалық ауылына күн станциясын, сондай-ақ Жезқазған қаласының маңына биоэлектростанция салуға сұраныс білдірген. Ендігі меже – жаңа талаптан туындаған жобаларды іркіліссіз бастау.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 08:40
Ерғалиевтің «ерен» реформасына ел не дейді?
Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА 07.06.2021, 10:03
Халықты асырайтын ауыл болады, үкімет мұны қашан сезінеді?!
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 04.06.2021, 08:48
«Қазақтелеком» қан қақсатып тұр
Сайт әкімшілігі 03.06.2021, 12:55
Ashyq жобасы - Kaspi.kz қосымшасында
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 03.06.2021, 12:06
Шенділердің қырсыздығы шаруаларға қашанғы қолбайлау болады?
Еркежан АРЫН 02.06.2021, 09:06
Аймақтық құқықтық актілерді шығаруды жетілдіру мәселелері

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02