Жеке тұлғаларды банкроттау заңы керек пе?

Айжан БҮРКІТБАЕВА

24.09.2020, 09:30

706

Банк алдындағы берешектік әупірімдеп, күн көріп отырған халықтың берекесін қашырып жүргені анық.  Айлығы шайлығына жетпейтін жұрт арыз айтар ағадан, жүгінетін жездеден мақұрым. Қысылтаяңда қызыл есікке бас сұғып, пайызы пайымдауға келмейтін несиені алуға мәжбүр. Банктердің пайыздық үстемесін толық түсіне бермейтін жұрт қарызға қаржылық сауаттылықтың төмендіген қол сұғады.

Осы орайда, Алматы қаласының тұрғыны Ардақ Сатыбалды несие қайтарымын 3 есеге артық төлегенін айтады:

– Банктен 3 жылға  150 мың теңге несие рәсімдеткенмін. Ай сайынғы төлемі – 11 500 теңгеден келді. Соңғы айын төлеп болған соң, өзім есептеп көрдім. 36 айда 11 500 теңгеден төлеген болсам, сонда мен банкке 414 мың теңге қайтарған екенмін. Біз, негізі, несиеге келгенде, өте сауатсызбыз. Халыққа несиені пайызбен емес, нақты «2-3 есе артық қайтарасың» десе, расымен біраз тыйылатын едік.

Елімізде тұтынушылық несие мөлшері 4,5 трлн теңгені құрайды. Қазақстандағы экономикалық белсенді адамдардың саны – 9,23 млн адам болса, оның 7,5 млн азаматының банк алдында берешегі бар. Бұл Қазақстан халқының жартысынан астамы несібесін несиеге төлеп отыр деген сөз.

Несие тәуелділігіне қалай тойтарыс береміз

Бүгінге дейін түйіткілдің түйінін шешуге 2 қадам қарастырылды. 2019 жылдың 26 маусымында ҚР Президенті азаматтардың борыш жүктемесін азайту туралы Жарлық қабылданған болатын. Жарлық негізінде әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдерінің 300 мың теңгеге дейінгі берешегі кешірілген тұғын. Оған бюджеттен 105 млрд қаржы бөлінді.

Екінші реттік шара – 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жалақысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие беруге тыйым салынды.

Аталғандарға тұздық болатын тағы бір шешім 6 жыл бұрын айқындығын аңғартқан. 2014 жылдан бері  «Ақ жол» партиясы жеке тұлғаларды банкроттауға байланысты заңға өзгерістерін ұсынып әлек. 2015  жылы «Жеке тұлғаларды банкроттау жөнінде» заң жобасы Үкіметтің ведомствоаралық комиссиясында да таныстырылды. Алайда «Ақ жол» партиясы ұсынған өзгеріс аттылардан қолдау таппады.

Кейінен  ұсынысты ұтымды деп, ұзақ ұйғарса керек, 2019 жылы Парламенттің төменгі палатасының пленаралық отырысында ҚР Мәжіліс депутаты Дания Еспаева «жеке тұлғаларды банкроттау туралы заң керегін» айтты.

Осы тұста экономист Арман Байғанов былай деп пікір білдірді:

– Жеке тұлғаларды банкроттау туралы заң көрші Ресей елінде, Германия, АҚШ-та қолданылып келеді. Біздің елге де аталмыш заң қажеттілік тудырады. Жалпы, жеке тұлғаларды банкрот деп жариялау дегеніміз – несие төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарды банк алдындағы берешегінен босату. Және қарыздан босаған азаматты «банкрот» деп танып, жеке тұлғаның кейбір жүріс-тұрысына шектеу қойылады. Мысалы, келесі жолы несие рәсімдеуге мүмкіндігі болмайды. Сонымен қатар, ел шекарасынан асуға тыйым салынады, т.с.с. шек қою шаралары қолданылады. Халыққа да пайдасы зор болар еді. Ең бастысы, банк қызметкерлері іздеу салып, хабарласуын тоқтатады. Алайда, заң қабылданатын болса, борышкерлерді «банкрот» деп, жарияламас бұрын жақсылап тексеру қажет. Барлық берешек адамдарды банкроттауға болмайды. Себебі, банктің өзі «банкротқа» ұшырауы мүмкін. Тағы бір айта кетелік, халыққа екінші мүмкіндік беру міндетті. Мысалы, «банкрот» деп жарияланған азамат бірнеше жылдан кейін қарызын төлеуге шамасы келіп, шектеулерді алуын өтінсе, рұқсат берілгені дұрыс.

Былтырғы есеппен, банктердегі төлем уақыты 90 күннен асып кеткен қайтарылмаған қарыз көлемі 5,7 пайызға артқан. Бұл жалпы берілген несиенің 10 пайызға жуығын құрайды. Халық алған қарызын қайтармаймын демейді, қайтаруды қалтасы көтермейді. Сондықтан, шарасыз қалған борышкерлердің «көрпесіне қарай көсілуіне» жағдай жасалуы тиіс.

Бұған қатысты Алматы қаласының тұрғыны Жазира Ырысбек былай деп, пікір білдірді:

Балам ЖОО-ның ақылы бөлімінде білім алады. Өзім жалғыз басты анамын. Жалдамалы пәтерде өмір сүріп жатырмыз. Мейрамханада еден жуушы болып қызмет атқарамын. Жалақым 80 мың теңгені құрайды. Оның 40 мыңын пәтер ақысына беремін. 10 мыңнан астамы коммуналдық қызмет ақысына кетеді. Қалған ақшаны азық-түлік, жол ақысы, жалпы, күнкөріс ретінде үнемдеп пайдаланамыз. Бар айлығым осылай өз орнын табады. Сондықтан, ұлымның оқу ақысын төлеу үшін несие алғанмын. Табысым тарлық еткендіктен, ай сайынғы мөлшерін төлей алмадым. Төлеуге жағдайым да келмейді. Азаматтарға «банкрот» жариялау туралы заң қабылданса, біраз жеңілдер едім.

Халықты банктер арқылы тонауға тосқауыл қойылу қажет. Тығырыққа тіреген мәселенің шешімі биліктің емес, игілік пайдасына қарай реформалануы тиіс. Елдің күліп алған несиесін, жылап қайтаруына мәжбүр етпейік!

Тегтер: несие кредит кешірім амнистия депутат сауал нарық халық экономика

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш Зарыққанқызы 19.10.2020, 13:35
Теңгеге валюта алыпсатарлары қашанғы қысым көрсетеді?
Сайт әкімшілігі 17.10.2020, 09:10
Пандемиямен күрес: қаражаттың жұмсалуына қатысты заңбұзушылық анықталды
Сайт әкімшілігі 16.10.2020, 11:18
Сенатор елдегі Баспана беру ережесін жеңілдету керектігін айтты
Қарлығаш Зарыққанқызы 15.10.2020, 09:31
Теңгені тығырықтан шығаруға Мамин үкіметінің қауқары жете ме?!
Сайт әкімшілігі 14.10.2020, 13:20
Шпекбаев Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілімен кездесті
Айжан БҮРКІТБАЕВА 13.10.2020, 11:27
Жалға алған жерді неге сатып жатырмыз?

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38