Жекешелендіру зардаптары

Бақытжан ТОБАЯҚ-ТЕГІ

29.10.2020, 02:59

795

1990 жылдардың  орта шенінен бастап, елімізде жаппай жекешелендіру жүргізілді. Оның  басы-қасында Н.Назарбаев пен сол тұстағы Премьер-министр Ә.Қажыгелдин тұрды. Бұл 1928 жылғы  тәркілендіруден де ауыр болды. Елдің малын тәркілеу қандай жабайылықпен, тартып алушылықпен жүргізілсе, жекешелендіру тіпті сорақы өтті: шаруашылықтары ұйып тұрған кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылып, зауыт-фабрикалар жекенің қолдарында кетті.  Еңбекшілердің, қара халықтың талай жылдан бергі еңбектері еш, тұздары сор болды. Әлі есімде, сол жылдары қаншама халық ауылдан қалаға көшіп, шаһардың жанындағы саяжайларды паналады. Содан барып жұмыссыздық, баспанасыздық  орнады. Ұрлық-қарлық көбейіп, жемқорлық  жайлап жүліктік жүйе құрылды. Осыған кім жауап береді? Әлі күнге дейін соның  зардабын шегіп келеміз. Билік  қателіктерін мойындап, халықтан кешірім сұраудың  орнына домбыт мақтанмен, даңғаза у-шумен, түкке қажеті жоқ  саммит, эксполармен айналысты. Оң  мен солды, ақ пен қараны, ауыр мен жеңілді таразылаудың  орнына сол баяғы большевиктік, шолақбелсенділік ұранмен барымыздан айрылдық қой. Оның үстіне жерасты, жерүсті байлықтарымыз шетел алпауыттарына сатылып, тістегеннің  аузында, ұстағанның  қолында кетті. Кең байтақ  жерімізді жайлаған төрт түлік малымыз қайда? Біразы жекешелендіруді қараулықпен пайдаланған бұрынғы кеңшар, ұжымшар басшыларының   жемсауында қалды. Мәдениет орындары, кітапханалар жаппай жабылып, ел сауатсыздыққа ұрынды. Талай жылдар бюджеттен қаржыландырылған шығармашылық одақтар қоғамдық болып қайта құрылып, қайыршылық халге жетті.  Академик Қ.Сәтбаев құрған, Кеңес одағы кезінде атағы дүрілдеген Ғылым академиясы тарам-тарам болып,  тоз-тозы шықты.   Көрінген көк иттер оған мүше бола қалды, самопал докторлар, шенеунік ғалымсымақтар көбейді. Қазір ғимаратында небір жылпостардың  кеңселері кең  етек жайған. Ал кезінде Сейфуллин, Әуезов, Мүсірепов уығын шаншыған Жазушылар одағы ше? Әйтеуір ғимаратының сақталғанына да шүкір дейміз. Осының  бәрі жекешелендіру деген тажалдың  кесірінен болды. Иә, нарықтық қарым-қатынасқа біраз әлем елдері көшкен, біз де мойындаймыз, бірақ  та осыншама сорақылықпен көшуімізге не сор?

Қаншама байлығымыз талан-тараж болды. Кезінде нарықтық қатынасқа көшкенде басшыларымыз біз Кувейттен де бай тұрамыз, өйткені бізде мұнай мен газдан басқа Менделеев кестесінің түгелге жуық элементтері, металдары бар деп бөсті. Бәрі өтірік болып шықты. Сөйтсек, басшылар өз қарындарының  тойғанын, бала-шағасын, туған-туысқандарын ойлап, бүкіл көрнекті деген активтерді жекешелендіріп алыпты, араммен жинаған ақшаларын офшорға салыпты. Осының бәрі қазір жария, елдің көпшілігі біледі, бірақ іштен тынады, ал ашық айтқандарды билік жазалап отыр. Кезінде қалай байығың келсе, солай байы деді жоғарыдағылар. Соны меңзегендер ұрлық-қарлықтың көкесін көрсетті, сөйтіп биліктің  өзі бандитттік амалдар жасады. Қазіргі таңда экономикамыз құлдырап, жұмыссыздық   шын мәнінде 4 миллион адамнан асты...

Ендігі жерде мына тәжтажал деген індет халқымызды бір уыс қауызға кіргізіп, обадан да жаман халге ұшыратты. Осы нәубетті бишігештердің  өздері ұйымдастырды ма деген күдік бар. Карантин, карантин дей береді, соны сылтауратып халықтың  наразылық  митингілерінен өлердей шошынып отыр. Ел жұмыссыздық салдарынан босып кетті. Қайта Жанболат бауырымыздың бастамасымен несиелік амнистия мәселесі көтеріліп, оны өне бойы аузын буған өгіздей болып, жақ  ашпай жүрген депутат-жепутаттар қолдағансыды. Өстіп-өстіп өсеміз ғой дегендей, ендігі тұста халықтың еңсесін көтеру үшін шіріген байшыкештердің офшордағы қаржысын халықаралық сот арқылы елімізге жеткізген жөн. Олар таза еңбегімен байыған жоқ, сатты-бұтты, жекешеледі, есірді, ақшасын шетке көшірді өңшең арамтамақ кәззаптар. Алдымен, олардың аты-жөндерін жариялау керек, білсін халық кімнің секіріп, кеңірдегінен кекіріп жүргенін.

Қазақ әділдікті сүйеді, жылқы мінезді. Жылқының шабын түрткілей берсе, ытырынып шығады ғой. Оған дәлел – желтоқсан көтерілісі. Сол сияқты халқымызды қойдан жуас дейді, керісінше көк бөрілер, түбіміз бір көктүріктер секілді шамына тиіп, шабына тисе, көргенсіз бишікеш пен байшыкештердің көкелерін танытады әлі. Сонда көреміз, олардың  шырылдап шырқырағанын...

Тегтер: жекешелендіру нарық халық зардап таразы мұнай газ нарықтық қатынас

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.11.2020, 13:30
30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
Қарлығаш Зарыққанқызы 27.11.2020, 09:25
Естір құлақ, епті үкімет қайда бар?!
Айжан БҮРКІТБАЕВА 26.11.2020, 15:59
Ұлттық қордың қызығын халық қашан көреді?
Қарлығаш Зарыққанқызы 26.11.2020, 13:52
Қазаққа малын көгендеп бағу ғана қалды
Қарлығаш Зарыққанқызы 25.11.2020, 12:49
Алматыда азық-түлік апта сайын қымбаттап жатыр, бұған тоқтам бар ма?!
Қарлығаш Зарыққанқызы 24.11.2020, 14:41
Қазақстан экономиканы сауықтыру үшін 1,5 млрд еуро қарыз алады

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36