Жемқорларға жем болған Қазақстан

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

23.09.2022, 08:42

1941

Күні кеше ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еліміздегі ең жемір министрліктердің тізімін жариялады. Аталмыш агенттіктің есебінше, биыл жыл басынан бері елдегі министрліктердің 111 қызметкері сыбайлас жемқорлық жасаған.  Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда 20,7 пайызға артық. 

   Осы уақытқа дейін біз «Қазақстанды жеп жатыр, еліміздің қазынасына қол салды, бізде пара алмайтын шенеунік бар ма өзі» деп қанша ашынсақ та, жемқорлардың көрсеткіші азаяр емес. Ең сорақысы – әрбір мемлекеттік бағдарламаны, ұлттық жобаны, жаңа реформаны жүзеге асырып, халыққа пайдасын тигізуі тиіс министрліктердің  жемқор атануы қыжылды қайнатады. Сонда жемқорлар елді қашанғы жалмай бермек?!  Отыз жыл бойы жем болған Қазақстан енді қай уақытта көгеріп, өсіп өнбек?! Халық қашан байлықтың қызығын көріп, мамыражай өмір сүреді?! Нақ қазір бізді ғана емес, қарапайым халықты да осы сауалдар толғандырып жүргені анық. Алайда антикор ұсынған деректерге қарап биліктегі тойымсыз шенеуніктердің жемсауы әлі де тола қоймағанын аңғардық.

   Ең қызығы, жемір министрліктердің алғашқы үштігін Қаржы министрлігі бастап тұр. Мемлекет қаржысын шашау шығармай діттеген мақсатта жұмсалуын бірден-бір қадағалауы тиіс бұл министрліктің  биыл 33 қызметкері сыбайлас жемқорлықпен ұсталған. Одан кейінгі орындарда қорғаныс министрлігі (22 адам), ауыл шаруашылығы министрлігі (16 адам), индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (16 адам) бар. Бұлардың ішінде ішінде 102 қызметкер ауыр қылмыс, 4 адам ауырлығы орташа қылмыс, тағы 4 адам онша ауыр емес қылмыс, 1 адам ерекше ауыр қылмыс жасаған. Құқық бұзушылардың арасында 77 адам пара алу кезінде ұсталған. 

   Міне, «тойсаң тоба қыл» дегенді ұқпайтын министрліктердің тізімі осылай түзіледі. Мұндайда Абайшалап айтсақ, еріксіз «бетті бастым, қатты састым» деп қайран қаласың. Ел сенім артқан, атағы дардай министрліктің қызметкерлері әлі құлқындарын толтырудың қамымен жүр. Отыз жыл бойы осы жемқорлықпен алыстық. Тіпті қазірде Қазақстан әлемдегі коррупцияға малтыққан елдердің тізімінде көш бастап тұр. Еңсеміз төмен қарап, әлем алдында қызаратын деңгейге жетсек те, жемқорлар елді қанауын, қаражатты құлқынға қылғытуын қояр емес. Сонда не істемек керек?!

    2019 жылы үкімет бюджет қаражатын бөлу барысында талан-таражға, жемқорлыққа жол бермеу мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасын ойлап тапты. Ондағы мақсат – жергілікті бюджет қаражатын бөлу кезінде халықты қатысуын қамтамасыз ету болатын. Бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір министрлік немесе бірде-бір әкімдік бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқаны жөнінде қарапайым халықтың алдында шынайы есеп беріп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері біз әлі жемқорларды байытып келеміз. Аспаннан шұға жауса да кедейге ұлтарақ бұйырған жоқ. Бюджеттің қаражатын да, басқа инвесторлардан келген инвестицияның қызығын да тек шенеуніктер көріп келеді. Егер соншама қыруар қаражаттың бір бөлігі шын мәнінде халық игілігі үшін жұмсалғанда, елімізде зауыт-фабрикалардың жұмысы дүрілдеп, халық 100 пайыз жұмыспен қамтылып, өркениеттің биігін бағындырып отырар едік. Біз қазір «ақпараттық-технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз» дейміз. Бірақ технологиялық базамыздың жетілмегені, индустрия-инновацияны игере алмай жатқанымыз намысты қозғамайды.  Отандық өнім шығара алмай отырып, отандық бизнесті дамытқымыз келеді. Қаншама жер қойнауын, байлығын шетелдіктердің иелігіне беріп қойып, «бай мемлекетпіз» деп мақтанғымыз келеді. Біздің мақтануымыздың деңгейі  еліміздің Астанасының атауын қайта-қайта өзгертіп, соны бір ерлік жасағандай жыр қыламыз. Ал шындап келгенде, Қазақстанда мақтанар не бар өзі?! Ақиқатында халықты кімдер қанамады?! Еліміздің байлығының арқасында шылқып байығандар соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға, шамамен 140-160 млрд доллар шығарыпты. Бұл бүкіл елдің жылдық, жалпы ішкі өнімі мен сыртқы қарызына тең сома.  Қайран Қазақстан жемқор мен парақордың қос қолын бірдей кесетін көрші Қытай еліндегідей заңымыз болғанда, әлдеқашан дамып кетер ме едің?!  Әй, бірақ басынан шіріген жүйенің ондай қатал заңды тәжірибеге енгізе қоймасы тағы анық. Дегенмен қазаққа қазір парақор мен жемқорды тезге салатын бір мықты заң керегі анық. Болмаса жемқорларға тағы бір отыз жыл жем болмасымызға ешкім кепілдік бере алмайды…  

Оқи отырыңыз: Шыда, қазақ жемқоры. Шыдай тұршы...
Қарыздары триллион, жалақылары миллион
Әкімді әйел билесе...
Тегтер: экономика халық нарық кедейшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 30.09.2022, 20:13
Елдегі әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы дамыту жұмыстары
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 30.09.2022, 08:49
«Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
Еркежан АРЫН 29.09.2022, 20:17
МЖӘ жобалары бойынша міндеттемелер 1,6 трлн теңгені құрайды
Сайт әкімшілігі 29.09.2022, 20:15
Қазақстандағы гендерлік саясаттың жүзеге асуы
Еркежан АРЫН 29.09.2022, 17:00
Әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалған шығыстар өсті
Нұрлан ТОБАҚАБЫЛОВ 28.09.2022, 14:46
Жаңа Қазақстанның жүрдек пойызына қашан отырамыз?

Аңдатпа


  • Даниалдар «дань» төлемейді!
    30.09.2022, 08:34
  • Билік халыққа жау ма?!
    30.09.2022, 08:50
  • «Қуантыров қуантпайды, Пірматовтан пайда жоқ...»
    30.09.2022, 08:49
  • Тоны тозған қазақтың – тойы бітпес
    30.09.2022, 08:48
  • Әй, Әлихан, ер жігіттің екі сөйлегені өлгені!..
    29.09.2022, 08:37