Жер Қазақстан халқының меншігі болуы керек

Сұхбаттасқан Берік Бейсенұлы

01.04.2021, 08:56

1780

25 наурызда жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді» деп нақты айтты. Дегенмен Жер кодексіне қандай өзгерістер керек? Ендігі оқиғаның өрбуі қалай болмақ? Біз осыған байланысты кезінде «Қазақстан Республикасының Жер кодексі» бойынша мәжілістің жұмыс тобының мүшесі болған, үкіметке талай ұсыныстарын айтқан экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповке бірқатар сауалдар қойған едік.

— Тоқтар аға, комиссияның алғашқы отырысында пікірлер екіге жарылды. Бірінші пікір: «Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тек мемлекеттің құзырында болуы керек». Екінші пікір: «жер жекеменшікке берілуі тиіс». Ал осыған байланысты сіздің пікіріңіз қандай?

— Кейбір азаматтардың айтуынша, кез келген нысанның өз иесі болуы керек, оның ішінде жер де бар. Жердің иесі болған кезде ғана оның тиімділігі де, өнімділігі  де артады. Негізі, дұрыс айтылған ой сияқты. Бірақ, меніңше, жерді кез келген объектіге теңестіруге болмайды. Біріншіден, ол кез келген объект сияқты адам еңбегімен жасалмайды. Жер – жаратылыстың пайда болуынан пайда болған табиғи объект. Екіншіден, оның құны жоқ. Құнсыз объектіні қалай сатуға не сатып алуға болады? Үшіншіден, жердің кез келген объектіден айырмашылығы – оны күтіп-баптап отырса ғана ол құнарын жоғалтпайды, қайта арта түседі. Төртіншіден, Құнанбай бабамыздың «Ел өседі, мал өседі, бірақ жер өспейді» деген сөздерін қалай еске алмасқа? Демек, бар жерді қадірлеп, оны ешкімге сатпай, сақтауымыз керек. Сақтай отырып, оның құнарлығын арттыруымыз қажет. Сонда ғана еліміздің жері де, елі де байи түседі. Жердің тұтастығы, ұлтымыздың бірлігі, өсіп-өнер ортасы сақталады. Бесіншіден, жер кез келген объект сияқты тозбайды. Ол бір емес, бірнеше ұрпаққа қызмет етеді. Жер жүздеген, мыңдаған жылдар бойы өз функциясын атқара береді. Демек, мұндай құнды баға жетпес байлықты қалай бір адамға немесе бірнеше адамға жекеменшікке беруге болады? Сонда жекеменшікке алынған жер сол адамдардың өздеріне және ұрпақтарына ғана қызмет ете ме? Бұл нағыз әділетсіздік емес пе? Әлеуметтік әділетсіздік.

         Ел Конституциясында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет» деп жазылған. Әлеуметтік принципті ұстау әлеуметтік теңсіздіктерді болдырмаудан бастау алуы керек. Ал ауылшаруашылық жерлерін  жекеменшікке беру нағыз әлеуметтік теңсіздіктің бастауы болатыны ешкімге құпия емес.  Оған мынадай басты себептерді жатқызуға болады: а) жер құнарлығына байланысты әртүрлі топтарға бөлінеді. Мысал ретінде оны жоғары, орташа және нашар жерлер деп бөлінетінін айтуға болады. Бірінші және екінші топтағы жерлер үшінші топтың жеріне қарағанда өнімді көбірек беретіні де шындық. Жоғары өнімдер алатындар жоғары табыстар табатыны да белгілі. Бұл жоғары табыстардың экономикалық негізі – дифференциалдық рента. Дифференциалдық ренталар алынатын жердің иеленушілеріне дифференциалдық табыс болып «құйылады». Осындай әртүрлі мөлшерлі табыс алатындар  ауылшаруашылық жер иелерінің әлеуметтік жіктелуінің негізі болмай ма? б) Жер құнарлығы жағынан жоғары, орташа және нашар топтарға  ғана емес, олардың шектелуіне байланысты пайда болатын монополиялардың объектісі де болып табылады. Жердің шегі болған соң, құнарлылығы әртүрлі жерлердің де шектеулі екені ғажап емес. Мысалы, жоғары құнарлы жерлердің көлемі әр елде, әр облыста, әр ауданда және әр ауылда белгілі. Оларға иелік еткендер дифференциалдық рента арқылы қосымша табыс (добавочный доход) алады. Бұл жағдай оларды құнарлылығы жоғары жерлердің монополист иесі етеді. Ал монополияның игілігін оның иесі ғана көретіні айқын нәрсе.  Бұл олардың байлығын асыра, арттыра түседі. Нәтижесінде байлар одан сайын байи түседі, ал кедейлер  не абсолюттік, не салыстырмалы кедейшілікке ұшырайды. Алтыншыдан, ұлан-байтақ даламызды ұлтымызға қалай қызмет етуін халқымыздың өзі шешеді. Өйткені халық жердің иесі болып табылады. 

— Енді өткенге тағы бір көз жүгіртсек, жалпы, біздің елде жер реформасы қай кезден бастау алды?

— Жер туралы әңгіме біздің елімізде өткен ғасырдың 90-жылдарының басынан бастау алды. Қазақстанда жекешелендіру 1991 жылы 22 сәуірде ҚР Мемлекеттік мүлік комитеті құрылудан басталды. Сол жылдың 22 шілдесінде «ҚР Мүлкін мемлекет меншігінен алу және жекешелендіру туралы» заң қабылданды. Содан кейін осы заңды жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарламалар жазылды. Олардың арасында президенттің жарлықтары, үкіметтің қаулылары да бар.

      Жерге қатысты елімізде 1990-92 жылдары қажетті заңдар қабылданды: Жер кодексі (1990), «Мемлекеттік ауылшаруашылық кәсіпорындарының мүлкін жекешелендірудің ерекшеліктері туралы» (1992), «Шаруа (фермер) қожалықтары туралы» (1990), «Жер реформасы туралы» (1991), «Жер салығы туралы» (1992).

      1994 жылы  жас бизнесмендер «нарықтық экономикаға толық көшу үшін ауылшаруашылық жерлері міндетті түрде тауарға айналып, сатылуы керек» деген бастама көтеріп, президентке, парламентке ашық хат жазды. Содан кейін 1995 жылы президенттің «Жер туралы» жарлығы шықты. Оған «жер тек мемлекет меншігінде ғана емес, жекеменшікте де болуы мүмкін» деген норма енгізілді. Соның негізінде 1998-99 жылдары ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беру туралы заң жобалары әзірлене басталды. 1999 жылы «Жер туралы» жаңа заңның жобасы дайындалды. Онда елімізде алғаш рет ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беретін нормалар қарастырылды. Үкімет жасаған заң жобасы парламентке түсіп, ол 1-ші және 2-ші оқылымнан өтті. Ал ең шешуші – 3-ші оқылымның алдында талқылаулар қыза түсті. Сол жылы бір күні маған статистика агенттігінің төрағасы Жақсыбек Құлекеев телефон шалды. Біз екеуміз Нархоз университетінде мұғалім болып қызмет атқардық. Ол маған: «Үкіметте жерге жекеменшік енгізу мәселесі қаралғалы жатыр. Бұл асығыс шаруа. Оның уақыты әлі келген жоқ қой. Оны өзің де айтып, жазып та жүрсің. Сондықтан біз екеуміз үкіметке хат дайындайық» деп ұсыныс жасады. Сонымен не керек, екеуміз сенбі, жексенбі күндері 22 беттік хат дайындадық. Дүйсенбі күні ол Астанаға ұшып кетті де, сейсенбіде болған үкімет отырысында негізгі баяндамашы болмаса да, үкімет мүшесі ретінде ол бір сағат бойы қосымша баяндама жасады. Сол кездегі премьер-министр Нұрлан Балғымбаев істің мән-жайын түсінген соң, оны өз кабинетіне шақырып алып,  тағы екі сағат сөйлеседі. Сол кезде Нұрлан Балғымбаев «бұл заңның мұндай зардабы болатынын білмеппін» деп айтады. Сосын, Балғымбаев Түркияда демалып жатқан президентке телефон шалып, бәрін түсіндіреді. Ал апта соңында, яғни жұма күні «Казахстанская правда» газетінде Балғымбаевтың мәлімдемесі шығып, онда заңды қайтарып алудың бес себебі түсіндіріледі. Осылайша Құлекеев пен Балғымбаевтың азаматтығының арқасында ол заң жобасы кері қайтарылды.

— Жалпы, бізде қазіргі уақытта қанша құнарлы жер бар? Негізінен, бұл қай облыстарға тиесілі?

-  Қазақстанда жер аз емес. Негізі, 2,7 млн шаршы шақырым жеріміз бар. Ауылшаруашылық жерлерінің сол кездегі көлемі 91 млн гектар болған. Соның 30,5 млн гектары құнарлы жер, яғни үштен бірі. Ал осы 30,5 млн гектар құнарлы жер, негізінен, үш облысқа тиесілі. Олар: Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстары. Кезінде тың игеру де сол аймақтарда өтті. Астықты да ең көп беретін сол өңір. Басқа облыстарда да құнарлы жерлер бар, бірақ аз. Оның 57 пайызы жаңағы аталған үш  облысқа келеді. Енді осы құнарлы жерді Қазақстан  тұрғындарына бөлетін болсақ, әрқайсысына 4,80 гектардан келеді екен. Оның ішінде СҚО-ға – 12,3 га, Ақмола облысына – 11,3 га, Қостанай облысына – 12,1 га, Павлодар облысына – 9,5 га, ал Маңғыстау облысына – 0,03 га, Атырау облысына – 0,7 га, Қызылорда облысына – 1,1 га, ОҚО облысына – 0,81 га, Алматы облысына – 1,5 га, Жамбыл облысына 2,1 гектардан тиеді.

— Ал жер жекешеленетін болса, оны кімдер алуы мүмкін? 

— Егер жер жекешеленетін болса, сол құнарлы жерлер кімдерге тиетінін ойлай беріңіз. Мұның  қазақ үшін зардабы үлкен. Егер сол заң қабылданғанда біз тарихи әділетсіздікті заңдастырар едік. Сол кезде біз «алдымен ішкі көші-қонды реттеп алуымыз керек» дедік. «Халқы тығыз қоныстанған, жұмыссыздары көп ОҚО, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан елді жүйелі түрде көшіріп барып, жерді жекешелендіруге кірісу керек» деген ұсыныс жасадық. Бұл мәселе қазір де өзекті. Әсіресе соңғы геосаяси қақтығыстарды еске алсақ, оның маңыздылығы тіпті арта түседі. Ал енді «үкімет сол кезде неге ішкі көшті бастап жібермеді» деген сауалға келсек, менің ойымша, олар сол құнарлы жерлерді халыққа, дәлірек айтсақ ауыл тұрғындарына, бөліп бергісі келмеді. Олар сол жерлерді өздері иеленгісі келді. Олар сол мақсаттарына жетті де. Оның дәлелі – сол облыстарда пайда болған астық компаниялары. Олар кейіннен алпауыт латифундистерге айналды.

— Олардың сонда қанша гектар жерлері бар?

— «Олардың әрқайсысында қанша жер бар?» деген мәлімет біздің елде әлі күнге  дейін жабық информация. Баспасөз беттерінен кейде ондай мағлұматтар белгілі болып жатады. Қазіргі кезде 1 миллион гектар жері бар компаниялар бар. Шәкіртім екеуміз 2001 жылы астық компаниялары туралы кітап шығардық. Қолға түскен мәліметтер бойынша 30-40 астық  компаниялары туралы жазған едік. Одан бері бірталай өзгеріс болып жатыр. Олардың саны да, аты да өзгеруі мүмкін. Зерттеудің басты нәтижелерін уақытында мерзімдік баспасөз бетінде жарияладық та. 

      1999 жылы премьер-министр Балғымбаев «Жер туралы» заң жобасын кері қайтарып алған соң, 2000 жылы ол заңның жаңа жобасы шықты. Оны «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері жариялады. Қайтадан талқылаулар басталды. Біз де өз ұсынысымызды айттық. Ал жерді сатуды қолдайтындар «Біз ауылшаруашылық жерлерін дұрыс пайдаланбай жатырмыз. Жердің иесі болу керек. Ол жетім баланың күйін кешпеуі тиіс. Жерді тиімді пайдаланудың бір-ақ жолы бар, ол – жекеменшікке беру. Жердің иесі болғанда ғана ол табыс әкеліп, бәрімізді асырайды» дегендей уәж айтып жатты. Бірақ олардың «бізді тек жекеменшік құтқарады» дегендері шындыққа сай келмейді. Бұл біржақты пікір. Ауыл шаруашылығына қашанда мемлекеттің қамқорлығы, субсидиялары керек. Мысалы, 2000 жылдардан бастап ауылға тікелей көмектесе бастағанда ғана ауыл шаруашылығында өсім байқалды. Оған дейін «жер мен мүлік үлесіңді алдың, енді өз күніңді өзің көр» деген принцип ұсталып келді.

Қысқасы, 2001 жылы жерге қатысты тағы бір заң қабылданды. Онда «ауылшаруашылық жерлері жекеменшікке беріледі» деген бап болған жоқ. 2003 жылы Жер кодексі қабылданды. Бұл кодекстің бұрынғы заңдарға қарағанда ең басты айырмашылығы – ауылшаруашылық жерлерін тауар, жекеменшік нысан ретінде танып, мемлекет сатуға шығарды. Билік мұны «90 миллион гектардан астам ауылшаруашылық жері дұрыс пайдаланылмай жатыр. Жерді тиімді пайдаланудың бір ғана жолы бар, ол – жекеменшікке беру, жердің нақты иесі болмай, жердің құнарын ешкім арттырмайды. Оны өз меншігіндей қарамайды» деп түсіндірді.

— Ал әлемдік тәжірибеде қандай?

— Әлемдік тәжірибеге қарасақ, кейбір елдерде бір гектар жер де жекеменшікке берілмеген. Бұған мысал ретінде Қытай, Израиль, Беларусь, Өзбекстан сияқты мемлекеттерді айтуға болады. Дегенмен көптеген елдерде жердің бір бөлігі мемлекеттің қарамағында болса, бір бөлігі жекеменшікте. Мысалы, АҚШ-тың  әр штатында әртүрлі, 40-50 пайызға дейін мемлекеттің меншігінде. Сондықтан «тек қана жерді жекеменшік құтқарады, одан басқа жол жоқ» деген шындыққа сай келмейді. Кеңес Одағының кезінде өзімізде де кеңшар, ұжымшар болды, ал жекеменшікте жер болған жоқ. Жер жаманды-жақсылы пайдаланылды. Нарыққа өту 90-жылдардың басынан басталды. Сол кезден 2016 жылға дейін жер жалға беріліп пайдаланылды. Одан кейін де жалға беру жалғасатын болды. Қазақстандық тауар өндірушілер тауарларын базарларға әкеліп сатып, бір сөзбен айтқанда, жерді пайдаланды.

      «Жерді тек қана сатып игере аламыз» деген пікір, біздіңше, біржақты. Екіншіден, ауылға ең керегі жердің жекеменшікте болуы емес, ол – мемлекеттің тікелей қамқорлығы, көмегі, субсидиясы т.б. 2000 жылдардан бастап ауылға қолдау жасау үшін арнайы бағдарламалар қабылданды. Сол жылдардан бастап ауыл шаруашылығы экономикасында өсім байқалды. Оған дейін біздің үкіметте «жер үлесіңді, мүлік үлесіңді алдың, саған басқа не керек?» деген саясат болды. 2003 жылы Жер кодексі қабылданып, ауылшаруашылық жерлері сатылатын болып, жекеменшік нысаны болды. Сол кездегі үкімет басшылары «10-15 жылдың ішінде 10-15 миллион гектар жер жекеменшікке сатылады» деп болжам жасаған. Содан бері қазір 13 жылда 1,3 миллион гектардан сәл-ақ астам жер сатылды. Қалған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жалға берілген. Яғни бұл – бүкіл жердің 98,7 пайызы. Сонда кешегі Жер кодексі не үшін қабылданды? Жоспарланған, көздеген мақсатқа неге жете алмадық? Демек,  Жер кодексі шикі болып шықты ғой. 2003 жылы шаруаға жерді неге тегін бере салмадық? Басқа елдерді қарасаңыз, ТМД елдерінде Өзбекстаннан басқа 12 мемлекеттің бәрінде жер шаруаға тегін бөліп берілген. Кеңшар, ұжымшарда тұрып, әртүрлі салада жұмыс істегендердің бәріне де жер үлес ретінде тегін берілді. Тек қана біздің Қазақстанда шаруаға жер сатылады. Содан кейін ауылда үлкен жер алпауыттары мен жерсіз қалғандар пайда болды.

       2016 жылдың 1 шілдесінен бастап ауылшаруашылық мақсатында пайдаланылатын 98 миллион гектар жердің бәрі де сатылуға қойылмақшы болды. Бұл  әлемде жоқ тәжірибе. Мысалы, дамыған елдерде ауыл шаруашылығымен айналысатындарды фермерлер деп атайды. Фермерлердің өз жерлері бар. Егер қосымша тағы жер қажет болса, олар жерді мемлекеттен немесе басы артық жері бар жер иелерінен жалға алады. Ал біздің елде жерді жалға алу деген ұғымды заңнан алып тастайын деп жатыр. Сонда біз әлемдік тәжірибеге қарсы келетін әрекетке барайын деп отырмыз ба? Біздің шаруаларымыздың 500-1000 гектары болса, ол жері жетпесе қосымша жерді енді жалға ала алмайды. Заң бойынша жалға 49 жылға дейін ала алатын еді. Жаңа Жер кодексі бойынша ондай мүмкіндік болмайды. Жерді енді тек жекеменшікке сатып алып пайдалануға болады. Осындай мақсаттар мен жолдарды көздеген болатын бұрынғы үкімет. Бұл қатерлі жолдан бізді 2016 жылы жер митингілеріне шыққан отандастарымыз сақтап қалды. Сол жылы  дер кезінде  елбасының 2021 жылдың соңына дейін күші бар жарлығымен қабылданған  Жер кодексінің кейбір нормаларына арналған мораториясы да елі мен жерін сақтауға үлкен қолдау болды. Өзекті мәселелерді уақытша болса да, шешуге тікелей атсалысқан үкімет құрған жер комиссиясы да өз міндеттерін абыроймен атқарды деп ойлаймын.

        Дегенмен бес жыл бұрын қабылданған шешім бойынша ауыл шаруашылығына тиесілі бүкіл жерді сату қандай шарасыздықтан туып отыр? Біз 99,5 миллион гектар ауылшаруашылық жерін бірден сатуға бекінгенбіз сонда. Ал қазір қанша жерді сатпақшымыз? Қосымша қордағы 102 миллион гектар жердің 85 миллион гектары да сатылатын болған. Сонда осы күнге дейінгі тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихында 1,3 миллион гектар жерді зорға сатқанбыз. Енді қалған жерлердің бәрін сатып бітіруге не итермелеп отыр? Қандай мұқтаждық бар сонша жерді сатуға? 5-10 миллион гектарды сатса түсінеміз, ал тұтас ауылшаруашылық жерлерін сатудың қаншалықты қажеті бар? Ол жерлер жай жатқан жоқ, ауыл тұрғындары пайдаланып жатыр. Жалға алынса да, сатып алынған болса да, тауар өндірушілер сол жерлерде жұмыс істейді. Олардың өндірген тауарларын халық тұтынып отыр. Ең маңыздысы осы емес пе?

       Қазір дүниежүзінде халық саны артып, азық-түлік проблемасы қиындап бара жатқанда Жер шарын болашақта болуы мүмкін аштықтан құтқару үшін ірі державалардың көзі Ресей, Украина мен Қазақстанға түсіп отыр. Сондықтан егер біреулер «бізді солар осындай қадамға итермелеп отыр» десе, мен оған таңғалмас едім. Қытай қазірдің өзінде Ресейдің Қиыр Шығысындағы талай жерін жалға да, сатып та алып жатыр.

      Ал «осы аукционға шығарып отырған жерлерді кімдер сатып алуы мүмкін» деген сұраққа келсек, әрине, қарапайым елде оған ақша жоқ. Біздің үкіметтің есебі бойынша 92 млн гектар жерді сатудан 1,2 трлн теңге түседі екен. Запастағы 85 млн гектар жерді қоспағанда. Оны АҚШ валютасына шақсақ, 3,5 млрд доллар болады. Бұл ауылдағы шаруалар үшін үлкен ақша. Ал біздің олигархтарға немесе шетелдіктерге ол тиын. Мысалы, Қазақстан жыл сайын 10 млрд доллардың ар жақ-бер жағындағы ақшаны оффшорлық аймақтарға шығарады  екен. Оны соңғы 10-15 жылға көбейтіңіз. Біреулер оны – 150, екіншілері 300 млрд доллар деп жүр. Сол олигархтар жерді сатып алса, олар оны мемлекеттік, кадастрлық бағаға сатып алады. Ол дегеніңіз – нарықтық құнынан бірнеше есе төмен. Содан кейін олар сол жерлерді нарықтық бағаға сай қайта сатса, қандай байлыққа кенелетінін ойлай беріңіз. Және сол қыруар ақша қайтадан оффшорлық аймаққа кетеді. Бұл өзіміздің олигархтарға қатысты, ал шетелдіктердің бүкіл Қазақстанды сатып алуға шамалары жетеді.

        Қазақстан ең көп қарызды Қытайдан алғаны баршаға белгілі. Қазақта «Алмақтың да салмағы бар» деген сөз бар. Сондықтан бір күні сол алынған несиелердің орнына  жерімізді беріп, кредитті  жауып жүрмесек болғаны. Ең үлкен қауіп – осы. Жақында әлемдік және аймақтық БАҚ  «сыртқы қарызын өтей алмаған соң, Тәжікстан аумағының бір бөлігі Қытайға жалға берілді» деп жазды. Қатер де осы. Шынында да, жер болмаса, мемлекет пен халық та болмайды.

        Біз «жер емген» халықпыз. «Жердің қадірін білмеген елдің ырысы кем болады» деген де сөз бар. Жер – сондай-ақ мемлекетіміздің, тәуелсіздігіміздің символы, ең құнды биік тұғыры. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Яғни жер сатылса, онда біз тұтастығымыздан да, тәуелсіздігімізден де айырыламыз. Сондықтан жер  Қазақстан халқының меншігі болуы керек.

— Әңгімеңізге рақмет.

Тегтер: жер реформа комиссия ереже өкім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 16.04.2021, 09:15
«Халық қартайып, қажып барады»
Б.ЕРНАЗАР 15.04.2021, 13:19
Қазақ-өзбек қатынасы жаңа белеске көтерілді
Сайт әкімшілігі 14.04.2021, 12:06
Жанармай бағасы қалыпқа келе ме?!
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ 14.04.2021, 09:13
Орташа жалақы: бүгінгі статистика нақты мәліметтер бере алмайды
Еркежан Арын 13.04.2021, 13:57
«Жасыл» экономика өмір сүру сапасын жақсарта ма?
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 13.04.2021, 09:53
Ел алғысын арқалаған азамат

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24