Жол азабы азая ма?

Еңлік АБАҒАН

30.06.2021, 14:04

2113

Қаратал ауданындағы Көпбірлік ауылына облыс орталығы Талдықорған қаласынан үш сағатта әзер дегенде жетесің. Сапасы сын көтермейтін Алмалы – Көпбірлік арасындағы 28 шақырымға биыл тас жол салына бастады.

«Тас төгу жұмыстарына көзбояушылық танытып, мемлекет қаражатын текке шашты» деген тұрғындардың арыз-шағымын басшылыққа алып, облыстық «Жетісу» газетінде зерттеу мақала да жарияланған еді. Сол кезде көптеген кемшіліктер анықталып, жолға тас төгу жұмыстары қайта қолға алынды. Енді, міне, сол жолдың жыры қайта басталыпты. Алғашында «ауылға асфальт төселіп жатыр» дегенді естіп, қуаныштан бөркімізді аспанға аттық. Арада жыл өтпей, ауыл тұрғындарының өкпе-ренішін естіп, қуаныш су сепкендей басылды.

Тұрғындардың айтуынша, мердігер жол төсемінің жұқа қабатын тікелей құмға төсеген көрінеді. Күрекпен қаруланған тұрғындар асфальттың жерден қаншалықты оңай кететінін және оның қалыңдығы 2 сантиметрден аспайтынын айтып наразылықтарын білдіруде.

     – Біз жол жөндеу жұмыстарына 1 млрд теңге қаражат бөлінгенін анықтадық. Ойына келгендерін жасайды. Асфальтты жерге, оның үстіне құмға төсеу деген ақылға қонбайды ғой. Біздің ауыл аудан орталығы Үштөбеден алыс. Бұл жерде ешқандай жұмыс жоқ. Біз балық аулап, сатумен айналысамыз. Жолдың сапалы болғаны бізге ауадай қажет. Өйткені біздің нәпақа табуымыз тікелей соған байланысты, – дейді Талғат Жақсыбаев есімді балықшы.

Негізгі жолға тапсырыс беруші – облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.Өткен жылы астына қиыршық тас төгіліп, биыл үстіне асфальт төселуі керек-ті. Өкінішке қарай, былтыр қиыршық тас дұрыс төгілмей, жұмыс толығымен аяқталмай қалды. Ал маусым айының басында басталған асфальт төсеу жұмысы да сапасыз. Өз кезегінде ауыл тұрғындарының жауапты «Талдықорған жолдары» мердігерлік компаниясының жұмысына көңілдері толмайды. Тіпті құзыретті органдарға арыз жазған. Тұрғындардың қолы қойылған арызда «Екі ауылдың арасына жол салып жатқан кәсіпорын тасы жоқ құмның үстіне асфальтты құйып жатыр. Ертең-ақ салынған жол желмен ұшып кетеді» деген тұжырым айтылады.

«Талдықорған жолдары» ЖШС мердігерлік мекеменің учаске бастығы Асхат Өміржанның сөзіне сүйенсек, ол жұмыс істейтін мекеме тендерді былтыр жеңіп алып, мұнда Көпбірлікке дейінгі 28 шақырым жолды жөндейді екен.

– Бұл Байшегір–Көпбірлік жол арасындағы ағымдағы жөндеу жұмыстары. Асфальтты суыту технологиясы арқылы жасаймыз. Бір ай ішінде ол қатуы керек. Жол бойын жабамыз. Жол жиегіне тастан, құмнан сеуіп, уақытша жол жасаймыз. Барлығын технология бойынша істеп жатырмыз, – дейді мердігерлік компания өкілі.

Айта кетерлігі, жоба бойынша 28 шақырымға ені – 4,5 м, қалыңдығы 4 см асфальт төсеу жоспарланған. Осы орайда, бекітілген жобаның өзінен шикілік шығып жатқандай. Үлкен жолға 4 см асфальт, ені 4,5 метр деген де көңілге қонымсыз. Ойлап қарасаңыз, қарсы бағытта келген екі көлік бір жолға сыймайды. Ертең ертегіде айтылған ақ лақ пен көк лақтың кері келмесіне кім кепіл? Екі көлік соғысып, жолаушылардың өміріне қауіп төнбейтініне сенімділік бар ма? Жобаны жасаған жауапты мекеме екі ауыл арасындағы көлік қатынасы сирек деген шешімді негізге алған сияқты. Бірақ екі аралықта қауіпті бұрылыстар өте көп. Одан кейін астында негізгі қиыршық тасы жоқ борпылдақ құмның үстіне асфальт салу нағыз жауапсыздықтың ісі емей, немене? Бүгінгі салып кеткен асфальт күні ертең құмның астына батып кететіні анық. Иә болмаса қырық құрауға бөлініп, желмен ұшып кетеді емес пе?

Ауылда жол мәселесі ғана қолбайлап тұр ма десек, ауызсу мәселесі де сын көтермейді. Жергілікті тұрғындардың таза ауызсусыз отырғандарына бір айдан асқан көрінеді. 2012 жылы салынған су мұнарасы істен шыққан екен. Ауыл әкімі Мақсат Төлегеновтің айтуынша, жер астынан тұзды су шығады. Ал су мұнарасындағы су фильтрі істемей қалыпты. Әзірге су тазалау құралын сатып ала алмайтындықтан, стансаны уақытша жауып тастапты.

Жергілікті тұрғын Жанболат Баймұқанов ауыл маңында жерасты тұщы сулары бар екеніне сенімді. Бірақ оның теориясын растау үшін геолог мамандар келуі керек. Бұл туралы:

– Біздің ауылда бұрыннан кішкентай құдық бар. Қазір ауызсуды сол құдықтан тасып жүрміз. Қариялар жер астында таза су шығатын жерлер бар екенін айтады. Су, жол деп жүргенімізде 1 шілдеге дейін балық аулауға тыйым салынды. Себебі балық 15 сәуір мен 1 шілде аралығында уылдырық шашады. Енді, міне, тіпті тамақ үшін балық аулауға рұқсат жоқ. Біз осындай жағдайда қалай күн көреміз? Жүруге жол, ішуге су, жеуге балық жоқ болса?! – деп тұрғын наразылығын білдірді.  

Көпбірлік  ауылы – Қызылбалық ауылдық округінің әкімшілік орталығы. Қаратал өзенінің Балқаш көліне келіп құйылатын жерінде орналасқан. Аудан орталығынан 140 км қашықтықта орналасқан округте 1500 адам тұрады.

Тегтер: жол құрылысы кептеліс мәселе әкімдік жергілікті әкімшілік қаражат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 29.07.2021, 17:20
Сүт өнімдерін цифрлық таңбалау өзекті
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 29.07.2021, 08:48
Қорды сақтай алмаған Үкімет Қор болмақ
Еркежан АРЫН 27.07.2021, 11:40
Қазақстан суды көрші мемлекеттермен бөлісу мәселелерін қалай шешеді?
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 22.07.2021, 08:57
80 триллион? Көк тиыны жоқ Келімбетов қиялдап жүр
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 21.07.2021, 13:38
Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 21.07.2021, 08:43
Қазақ ауылының кежегесі неге кері тартып тұр?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15