01.06.2023, 10:11
3752
Биыл «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылғанда қуандық. Жобаның басты мақсаты – ауыл кооперативтерінің жұмысын жандандыру, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылды арзан несиемен қамту. Жоба бойынша алдағы уақытта ауылды дамытуға 1 триллион теңге бөлінбек.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев: «Жоба аясында 1 миллионнан астам ауыл тұрғыны қамтылады және барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысы кооперативтік кәсіпкерлікке тартылады. 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген» – деді.
Қазір ауылда 7,8 млн адам тұрады. Бұл – ел халқының жалпы санының 41 пайызы. Ауыл және қала тұрғындарының қаржылай табысының айырмашылығы 38 пайызды құрайды. Үкімет бұған дейін «Айырмашылықты жоямыз, ауыл халқы қаладағыдай өмір сүреді. Елдің тынысын ашамыз» деп біраз жоба қабылдап тастады. Кезінде «Ауыл жылын» жариялап та жылдар бойы ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге жетпедік. Арғысын айтпағанда бергісі «Ауыл ел бесігі» жобасының жарнамасы да жақсы еді. Ұлттық экономика министрлігінің тікелей бақылауында болған бұл жоба бойынша 3,5 мың ауылдың инфрақұрылымы толық жаңғыртылуы керек болған.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров үкіметте «бұл жұмыстар үшін 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды» деп есеп те берді.
Ал шынтуайтында жағдай мүлде басқаша. Шалғай ауылдарды қойып, ірі мегаполюс Алматының іргесінде тұрып инфрақұрылымнан жұрдай, жолы шұрық-тесік, ауыз суды өзеннен тасып ішіп отырған елдімекендер қаншама?! Астанаға тиіп тұрып, өркениеті өлеусіреген ауылдар да баршылық. Бұдан бөлек қазір ауыл шаруашылығында бірқатар бизнес банкрот болудың алдына тұр. Біздің министрлер үкіметке реформа ұсынып, ол жобалар үшін бюджеттен ақша сауып жүргенде отандық сарапшылар «биыл қазақ фермерлерін үлкен сынақ күтіп тұр» дегенді айтып жатыр.
«Ауылдағы халықтың табысын көтеру, ауылдың кәсіпкерлік қабілетін арттыру шараларын делдал компанияларға қарсы күреспен қатар алып жүру қажет. Ішкі нарықты делдалдардан тазартуды заң аясында, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жүргізу керек. Мысалы, Германияда нарықтағы делдалдардың тізбегі көбейген сайын олардың үлесін қысқартып отыру тәжірибесі бар. Егер соның бәрін заңдастырсақ, үлесінен қағылған делдалдар нарықтан өзінен-өзі ысырылып шығады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлігі неліктен елде өнім өндіру көрсеткіші төмендейді. Өнім өндірушілерге не жетпейді, осының барлығын толық зерттеп, үкіметке ашық ұсынуы қажет».
Десе де ауыл шаруашылығы министрлігі делдалдар мен өнім өндірушілердің мәселесін үкіметте сипай қозғайды. Саланы басқарып отырған Ербол Қарашөкеев үнемі позитивті мәлімдемелер жасаудан шаршамайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бізге берген деректеріне сүйенсек, 2023 жылғы 4 айдың қорытындысында ауыл шаруашылығы өндірісі 4 пайызға өскен. Бірақ сарапшылар «бұл өсімге негізінен ауыл өнімінің еселеп қымбаттауы салдарынан қол жеткіздік» дейді. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 9,1 пайызға артқан. Нәтижесінде, айналымдағы қаражат 9,3 трлн теңгеге жеткен. Әйтсе де Қазақстандағыдай инфляция мен баға серпіні тіпті соғысқа тартылған елдерде де жоқ. Мысалы, Украинада инфляция биылғы сәуірде – 14,8, Ресейде – 3,5 пайыз болды. Ал бізде сәуір айындағы инфляция – 16,8 пайыз.
Үкіметтің қордаланған мәселелермен сауатты күресе алмауы жағдайды осыған жеткізді. Қазір дайын бизнес пен коммерциялық активтерді сатуға-сатып алуға бағдарланған отандық және шетелдік салалық порталдар Қазақстандағы агробизнесін сататын кәсіпкерлердің хабарландыруларына толып кетті. Сөзіміз дәйекті болуы үшін сондай сайттарды біз де ақтарып көрдік. Мәселен, Ақмола облысында орналасқан, 1 мың гектар жері, 250 бас ірі қара малы, екі ірі базасы бар ірі шаруа қожалығын қожайыны небәрі 156 миллион теңгеге өткізуге дайын. Салыстырсақ, елордада кейбір аудандардағы тұрғын үй кешеніндегі 4 бөлмелі пәтердің өзі бұдан қымбат тұрады.
Сайтқа жарнама беруші кәсіпкерлердің мәліметінше, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын қолдан тежеп ұстау салдарынан көптеген отандық аграрлық кәсіпорындар банкроттың алдында тұр. Сондықтан оның иелері табысы төмен, шығыны көп бизнесінен тездетіп арылуға тырысуда.
Кәсіпкер Дамир Слямханов нақ осы мәселемен 2022 жылдың соңында бетпе-бет келіпті. Шаруа қожалығы бар кәсіпкер бүгінде қожалығын сатуды жөн көрген.
«Бес мыңнан астам қойым бар, екі жүз бас сиырым бар. Бірақ қазір мал өсіру машақатқа айналды. Мал азығы өте қымбат. Жем-шөптен қыста тарығамыз. Жазда жайылымдық жеріміз аздық етеді. Өзімнің жайылымдық жерім тар болғаннан кейін малымды сата бастадым. Енді қожалықты сатуға шығардым. Алған өнімді дүкендерге өткізіп жүргенмін. Қазір дүкендерді қырғыздар мен Ресейдің арзан өнімдері басып алды. Жұрт соны алады. Біздің өнімге нарықта қысым көп. Төлейтін салығымыз бар, алатын жем-шөбіміз бар. Кейде тіпті мемлекеттің арзан несиесін алғаныма өкінемін. Себебі шығын көп, кіріс аз», – дейді кәсіпкер.
Салада қалыптасқан ахуал фермерлік шаруашылықтардың күйреуіне жол ашуы мүмкін. Агросаланың дағдаруына үкіметтің лоббистік қызметі ықпал ететінін де мамандар жасырмайды. Мәселен, үкімет биыл ақпаннан бастап, елден шетелге күнбағыс экспортына шектеу енгізді. Өнімді сыртқа сатуға тыйым салған жоқ, бірақ 20 пайыз көлемінде баж салығын сала бастады. Салдарынан күнбағысты әлемдік нарыққа өткізу тиімсіз болып қалды. Елде бұл өнімнің көп қордалануы ақырында оның бағасына қысым жасап, құлдыратты. Осыдан барып, фермерлер табысының үлкен бөлігінен қағылып, кредиттерін өтей алмай, берешекке батқан. Ет экспорты, пияз экспортына қатысты шектеудің айналасында да мұндай мысалдар көп. Бұдан бөлек, көрші Ресей санкция астында қалып, өнімін өткізетін нарығы шектелгендіктен, енді өнімдерін Қазақстанға, Орталық Азияға әкелуде. Мұның барлығы келіп, қазақ кәсіпкерлеріне қысым жасауда.
Ал біздің үкімет мәселелерді жіті бақылап, шешімін табудың орнына әлі сол жиын өткізіп, қымбатшылыққа әкімдерді кінәлап әуре-сарсаң. Үкімет, Ұлттық банк, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрлігі, бәсекелестікті қорғау агенттігі, жергілікті әкімдер бар, барлығы жабылып әйтеуір бағаны бұғаттаудың жаңаша тетіктерін қарастырған болады. Қазір өзі қымбатшылықпен қай инстанция күресу керектігінен де шатасып кеттік. Бұдан «молда көп болса, қой арам өледінің» кері келмей, іс нәтижелі болса жақсы ғой, нәтиже де оңды болмай тұр. Соған қарамастан, үкімет биыл инфляцияны екі есеге түсіреміз деп екпіндеп отыр. Халық сол межелі күнді күтіп алаң. Ал агросектордағы кәсіпкерлер үкімет сауатты шешімдер қабылдаса деп мазаң...
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР