Шымкентте полиция 20-дан астам белсендіні ұстады, арасында Ерлан Балтабай да бар

06.06.2020, 14:31

138

6 маусымда күндіз Шымкентте полиция «митинг орны» ретінде белгіленген Ордабасы алаңын қоршап, алаңға бара жатқан жолда 15 шақты адамды ұстады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, адамдар ешқандай ұран көтермеген.

Ұсталғандар арасында кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай да бар. Ол полиция қызметкері тұрғындардың бірін ұстап жатқан кезде араша түспек болған. Ұсталғандар Абай, Әл-Фараби аудандық ішкі істер бөлімшесіне әкетілген.

Түскі сағат 12-ге таман полиция белсенді Мұрат Аштаев, Нұрлан Әбілдаев және тағы бірнеше адамды ұстап әкетті. Белсенділердің бірі «Шал, кет!», «Диктатураға орын жоқ!», «Жер сатылмасын» деген ұран көтерді. Полиция қызметкерлері «неге ұстап жатсыңдар?» деп айқайлаған аялдамада тұрған адамдарды да көлікке отырғызды.

Оқиға орнында қолшатыр ұстаған белгісіз екі ер адам Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтірді. Олар журналистің камерасын қолшатырмен жауып, полицияның адамдарды ұстау сәтін түсірткізбеуге тырысты. Бұған қоса, Шымкент қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінде істейтін ер адам Азаттық тілшісінің әрекетін үздіксіз видеоға түсірумен болды.

Сенбі, 6 маусымда Шымкенттен бөлек, Алматы мен Нұр-Сұлтанда да полиция «митинг орнында» адамдарды ұстаған. Азаттық тілшілері оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты.

Түстен кейін бір топ белсенді жиналып, 4 маусым күні сотталып қамауға алынған төрт белсенді жатқан түрмеге барып наразылық білдірді. Олар белсенділерді қудалауды тоқтатуды, оларды босатуды, жердің сатылуына қарсы екенін айтты.

Бұған дейін тіркелмеген «Демократиялық партия» және шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы Мұхтар Әблязов жақтастарын 6 маусымда митингіге шығуға шақырған болатын.

Митингілер қарсаңында әр аймақта белсенділерге қысым күшейіп, ұстала бастаған. Бас прокуратура митингілердің заңсыз екенін айтып, жұртты наразылыққа шықпауға шақырған.

Осыған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігі карантинді пайдаланып, адам құқығын шектеп жатыр деп мәлімдеген.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01