Біздің айлығымызға немістер мен британдар қызығады екен
21.01.2021, 09:27
1213
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Дүниежүзілік экономикалық форум-2020 аясында тұңғыш рет Жаһандық әлеуметтік мобильдік индексі (Global Social Mobility Index) жарияланғанын мақтана жеткізді. Өйткені ол рейтинг бойынша Қазақстан Ресей мен Қытайдан озып, 38-орынға жайғасқан екен.
«Әлеуметтік мобильдік» деген не десеңіз, ол елдегі қазіргі буын адамдарының аға буынға қарағанда сапалы өмір сүру қабілетін білдіретін көрінеді. Жаһандық әлеуметтік мобильдік индексі ең негізгі 10 әлеуметтік-экономикалық көрсеткішке негізделеді: денсаулық сақтау сапасы, білімнің қолжетімдігі, білім сапасы мен теңдігі, үздіксіз білім алу мүмкіндіктері, технологиялардың қолжетімдігі, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, жалақының әділдігі, еңбек жағдайы, әлеуметтік қорғалу, қоғамдық институттардың ашықтығы мен тиімділігі.
Сонымен, осы рейтингте 82 мемлекет қарастырылса, Қазақстан онда 64,8 ұпай алып, күтпеген жерден 38-орынға жайғастырылыпты. Ресей мен Қытайдан озған. Рейтингтің көш басында, әрине, Дания, Финляндия, Норвегия мен Швеция сияқты өмір сапасы шынымен жоғары, жайлы мемлекеттер тұр.
«Еңбек жағдайы» көрсеткіші бойынша Қазақстан Сингапур, Австралия мен Канададан озып, үздік 20 мемлекеттің ішіне кірген. «Жалақының әділдігі» бойынша Германия мен Ұлыбританиядан асып түсіп, 25-орында келеді екенбіз. «Жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріміз» бойынша 30-орындамыз, бұл Швеция мен Канададан да жоғары.
Білімнің қолжетімдігі бойынша Қазақстан 32-орында, Италия мен Португалиядан жоғарымыз. Білім сапасы мен теңдігі жағынан республикамыз 33-ші болып тұр. Экономикалық белсенді әйелдер үлесі жағынан да Қазақстан аса жоғары – 22-орында екен. Жоғары білімді азаматтарының арасындағы жұмыссыздық деңгейі бойынша бізге Ирландия, Жаңа Зеландия мен Дания қызығады екен.
Рас, қағаз жүзінде Қазақстан қашанда керемет болып көріне біледі.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР