«Әділеттілік қайда?» павлодарлық дәрігерлердің үніне құлақ асар ешкім жоқ

Мариям МАҚСАТ

24.12.2020, 15:17

1388

Павлодар қаласындағы №1 аурухананың дәрігерлері соңғы екі ай бойы коронавируспен күрес үшін берілетін өтемақыны тиісті көлемде ала алмай келеді. Бас прокуратура, президент әкімшілігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі медицина қызметкерлерінің жанайқайын құлаққа да ілмеді. Сондықтан ақ халаттыларға мемлекет басшысына тікелей бейнеүндеу жазудан басқа амал қалмады.

Павлодар облысында қауіпті індетке қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерге төленуі тиіс өтемақыға қатысты мәселенің бітер түрі жоқ. Осыдан екі айдан астам уақыт бұрын 200-ден астам павлодарлық дәрігер 2 млн теңгелік өтемақыны ала алмай қиналып еді. Енді бұл мәселе №1 қалалық аурухананың инфекциялық акушерлік стационары қызметкерлерін титықтатып отыр. Олардың айтуынша, өтемақы тиісті көлемде төленбей келеді.

«Біз жұмыс барысында COVID-19-ға қатысты ПТР-тест қорытындысы оң нәтиже беріп, қауіпті індетке шалдыққан, вирустық пневмония белгілері бар жүкті әйелдер, балалармен жұмыс істейміз. Осы жылдың сәуір-тамыз айлары аралығында барлығына бірдей екінші категория бойынша өтемақы төленді. Ал қыркүйектен бастап дәрігерлер, акушерлер мен мейірбикелер – бірінші, санитарлық қызметкерлер – екінші, буфет пен сәлем-сауқаттарды қабылдайтын қызметкерлер үшінші категория бойынша өтемақы ала бастады», – дейді бейнеүндеу жазған дәрігерлер.

Ақ халаттылардың өзегін өртеп отырған басты мәселе – тиісті қолдау қаржыны төлейтін кезде әділеттіліктің болмауы. Қазан-қараша айлары аралығында жүкті әйелдер патологиясы, босанғаннан кейінгі, балалар мен ересектер реанимациясы бөлімдері мен зертхана қызметкерлері өтемақыны сағатқа байланысты алған екен. Есесіне босану бөлімі мен науқастарды қабылдайтын бөлім қызметкерлеріне өтемақыны толық көлемде, яғни жұмыс істеген сағатқа қарамастан төленген.  

«Қауіпті вирусты жұқтырған науқастармен жұмыс істеу оңай емес. Біз өзіміздің де,  жақындарымыздың басын да қатерге тігіп отырмыз. Сондықтан өтемақы барлығына бірдей негізде төленуі тиіс деп есептейміз. Осы өтінішімізді білдіріп, бірнеше рет бас прокуратура, президент әкімшілігі, Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне хат жаздық, бірақ ешқандай жауап алған жоқпыз. Осыған байланысты мемлекет басшысынан бұл мәселені бақылауға алып, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізуге тапсырма беруді сұраймыз», – дейді павлодарлық ақ халаттылар.

Белгілі болғандай, бұл мәселе облыстық кардиологиялық орталық, Ақсу қаласындағы аурухана қызметкерлерін де алаңдатып отыр. Олар да бірнеше ай бойы тиісті өтемақыны ала алмай жүрген көрінеді. Биліктің назарын аударту үшін бейнеүндеу жазып, әлеуметтік желілерге жүктеу керек пе? Әйтпегенде шенеуніктердің «бұқсаң сұға беретін» түрі бар.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 19:23
Өңірлерді дамытудың міндеті айқын
Сайт әкімшілігі 19:16
QAZFORUM-2021 басталды
Сайт әкімшілігі 09:08
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев
Еңлік АРЫҚБАЙ 21.10.2021, 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 21.10.2021, 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31