Агроөнеркәсіп кешендерін қолдау маңызды

Әділ АҚЫЛБАЙ

16.03.2022, 10:00

402

Қазақстанның агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлер мен шаруалар Ауыл шаруашылығы министрлігінің осы салаға мемлекеттік қолдау көрсету жүйесін өзгерту жөніндегі жоспарларына алаңдаушылық танытуда. Өйткені министрлік салаға бөлінетін 42 түрлі субсидиялар тізімін 20-ға дейін қысқартпақ екен.

Парламент мәжілісінің депутаты Альберт Рау ҚР премьер-министріне жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені қозғады. Оның сөзінше, ел өңірлеріне жасаған сапарлар мен кездесулер кезінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер тарапынан біршама шағымдар түскен. Шаруалар агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдау жүйесіне өзгеріс енгізуге қарсы екен.

Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялар түрлерін 42-ден 20-ға дейін қысқартып, арнайы тауарлық субсидиялардың орнына несие ставкаларын субсидиялауды ұсынуда. Ал бұл агроөнеркәсіп кешенінің ірі және ұзақмерзімді инвестицияларды талап ететін маңызды секторларына зиян әкеледі.

Рау мырзаның сөзінше, «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға қарай Қазақстанды тауық етімен, сүт өнімдері, ет өнімдері, алма және басқа да азық-түлік түрлерімен толық қамтамасыз ету жоспары көзделген. Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін агроөнеркәсіп кешенінің импортқа тәуелді секторлары мен қайта өңдеу салаларына мемлекеттік қолдау көрсетуді азайтудың орнына, күшейту қажет. Өйткені бұл секторлардағы көптеген инвестициялық жобалар мол капиталдың құйылуы мен тиісті қолдауға тым зәру.

«Қазақстандағы сүт өндірушілер мен сүт өңдеушілер шындап келгенде ел қажетінің 70 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Елімізде сүт тапшылығы 500 мың тоннаны құрайды. Ендеше елімізде мың бас сиыры мен орташа өнімділігі кемінде 8 мың литр болатын тағы елу сүт-тауарлы ферма құру керек. Ал жаңа сүт-тауарлы ферманың құрылысы ірі көлемдегі ұзақ мерзімді инвестицияларды талап етеді. Әгәрәки, біз қазір мемлекеттік қолдау шараларынан бас тартсақ, онда жаңа жобаларды қолға алатын, жаңа іс бастайтын кәсіпкерлер мен шаруаларды таппай қаламыз. Сонымен қатар жем-шөп даярлайтын өндірістерді субсидиялау деңгейін де сақтап қалуымыз қажет, оның ішінде суармалы жүйелерді дамыту бағытындағы субсидиялар да бар, өйткені жем-шөп қоры тұрақты болмаса, өнімнің жоғары деңгейіне қол жеткізу мүмкін емес. Сүтке субсидия төлеуді облыстық деңгейдің құзіретіне тапсыру деген субсидияны жоюмен бірдей. Бұл қадам өңірлерде ең қажет деген азық-түлік түрлерінің қымбаттауына әкеп соғады», – деп ескертеді Альберт Рау.

Мәселенің мәнісі сол – Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің кеңесімен ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар мемлекеттік қолдаудан бас тартып, оның орнын жеңілдетілген несиелермен алмастырмақ ниетте екен.

«Бұл дегеніміз, мемлекеттік қаражаттың шаруалардың қолына емес, айналып келіп тағы да банктердің қолына түседі деген сөз. Иә, мемлекеттік субсидияларды бөлу мен пайдалану жағында бұра тарту мен заң бұзушылықтар бар. Бірақ ондайға жол беретіндер көбінесе шенеуніктердің өздері. Жемқор шенеуніктердің кесірінен еліміздегі шаруашылықтардың бәрі неге зардап шегуі тиіс? Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қолдау шараларына әкімшілік реттеуді дұрыс жолға қоюы керек, әлгі Qoldau деген жүйесін жетілдіргені жөн. Мұның орнына қолдау атаулының бәрінен бас тарта салайын дегені қалай? Жемқорлық тәуекелі жоғары екен деп, ендеше, мектеп, аурухана құрылысынан да бас тартамыз ба? Президент ауыл шаруашылығы саласында министр ауысқан сайын агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәртібінің өзгере беретінін сынға алды. Бірақ бұл жолы түбегейлі өзгеріс жасамақ. Біз үкіметке партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, агроөнеркәсіп кешенінің импортқа тәуелді секторларын мемлекеттік қолдаудың қазіргі деңгейі мен шараларын 2025 жылға дейін сақтауды ұсынамыз», – дейді Альберт Рау.

Тегтер: ауыл шаруашылығы егістік пестицидтер қор қойма мал шаруашылығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01