Ахметов әйелдерден қорықты ма?

25.02.2019, 22:01

6

Әкімдердің халық алдындағы есепті жиыны есеппенен өткізілетін болды. Облыс әкімдерінің мұндай жиынына басы артық адам кіргізілмейді. Егер мәселесін айтып, өңір басшысына тікелей сұрақ қойғысы келетін адам болса, тіптен жолатпайды. Жылына бір-ақ рет өткізілетін кездесудің өзі алдын ала келісілген адамдардың сөз сөйлеуімен өтеді. Тіпті алғыстан басқа айтары жоқ адамдардың «БАҚЫТ» тілеп, «РАХМЕТТІ» жаңбырша жаудыруы әдетке айналды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ драма театрдағы есебінде Алтай ауданынан келген бір әйел, бірнеше рет басы тізесіне жеткенше еңкейіп, алғыс айтты. Зайсан ауданынан келген әйел алғыс айта тұрып: – Аналарға жасап жатқан жақсылығыңыз үшін рахмет айтам. Артық сөйлесем кешіріңіздер мені! – деп, кімнен екені белгісіз кешірім де сұрады.Хош. Бұл туралы сәл кейінірек айтайық. Алдыменен мына қызыққа қараңыз. Аты-жөнін айтпауды өтінген өскемендік көп балалы ана «алданып қалдым» – дейді. Дәл осы Даниал Ахметовтің есепті кездесуі болатын уақытта көпбалалы аналардың мәселесіне қатысты жиналыс ұйымдастырылған. Бірақ, бұл Өскемендегі Түргенов көшесінде орналасқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне асығып жеткен аналар тұшымды жауап ала алмадық деп отыр. Осылайша бармағын тістегендер, «бәлкім облыс әкімінің кездесуіне барғанымызда жағдайымыз басқаша қаралар ма еді», деп өкінеді.Бұл жиынға Өскемен қаласы әкімдігінен мамандар келіпті. Бұған дейін мұндай жиын өткізбеген белсенділердің дәл осы күні нәзік жандылардың жайын ойлай қалғаны елді таң қалдырып отыр. Жиналысқа білім мен денсаулық саласына қатысты қызметкерлер де қатысқан. Ал қордаланған әлеуметтік мәселелерін арқалап келгендердің жалпы саны алпыстай. Негізгі айтқандары баспана жайы. Үй алудың жолы жеңілдесе екен дейді. Балаларға берілетін жәрдемақы жайы да көтерілді. Төрт балаға төленетін он шақты мың теңге еш жыртықты жаппайды. Сондықтан бұл ақша көбейсе деген талап-тілек те айтылды. Мүгедек жандарға жағдай толық жасалса дейді. Банктегі қарызын жаба алмаған жан жан айқайын жеткізді. Айтуынша, «берешегіңді тез бермесең, біз басқаша сөйлесеміз!» – деп, қоқаң-лоқы көрсететіндер көбейіпті...Театрдағы спектакль Енді әлгінде айтқан театрдағы спектакльге барайық. Осы уақытта Шығыс Қазақстанды 2014 жылдың қараша айынан бері басқарып келе жатқан Даниал Ахметов, өзінің есепті кездесуін өткізіп жатты. Жиын өткен облыстық драма театрға кілең ақжағалылар жиналған. Өңірдегі аудандар мен қалалардағы әкімдіктен арнайы ат арытып келгендердің қатары көп болды. Көптің ішінен қарапайым тұрғындарды кездестіру қиын.Басқа жақта айтылған проблемалар бұл жерде қозғалмады. Өңірдің дамуы, әлеуметтік мәселелердің шешілгендігі айтылды. Әкім мырза өз баяндамасында экономикалық жетістіктерді жіпке тізгендей етіп жеткізді. Бір мысал келтіре кетейік, былтырғы жылы еліміз бойынша мемлекет пен кәсіпкерлердің қоян қолтық жұмыс істеу үлесі 23 пайызды құрапты. Ал қалған 77 пайыз өзге 15 облыстың үлесіне тиесілі екен. Еліміздегі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы жобалардың 23 пайызы Шығыс Қазақстанға тиесілі. Қазіргі уақытта облыс инвестиция тарту бағытында Еуропалық Даму банкімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Елбасымыз алдымызға инвестиция тарту жөніндегі міндеттер қойып отыр. Шығыс Қазақстан облысы бұл бағытта қарқынды жұмыс істеуде. Біздің өңірімізге Еуропалық Даму банкінің президенті келіп қайтты. Сол кезде 17,5 миллиард теңгенің келісімшартын жасадық. Соның арқасында Жарма ауданында күн электр станциясы салынады, –дейді облыс әкімі. Бұдан басқа «ет пен сүт, бал облыс тұрғындарына жетеді. Тіпті артылады», деді. «Сондықтан, әлі де еңбек өнімділігін арттырып, алға қойған жоспарларды артығымен орындаймыз. Ол үшін мүмкіндігіміз жетеді», деді. Мұны естіген залдағылар, бүкіл баяндамасының арасынан әлсін-әлсін қазақша сөздерді оқыған әкімге қол шапалақтап, қолдау білдіріп отырды.Шығыс Қазақстан облысында Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының аймақтық орталығы құрылады. Қазіргі «Алтай Атлетикс» клубында еліміздің азаматтығын алған төрт кениялық жеңіл атлетші бар. Өңір басшысы оларды неге шақыртып алғанын да айтты. Байқасақ, біздің бапкерлер спортшыларды жаттықтыруда жалқаулық танытатын секілді. Өйткені, Даниал АХМЕТОВ: — Олар тәулігіне жеті сағаттан жаттығады. Ала таңнан тұрып жүгіретіндер тыным таппайды. Сондықтан біздің жастарға үлгі болады. Әрі сабақ алады. Тәжірибелерімен бөліседі. Осы арқылы болашақ қазақтың спортшыларын дайындап шығарамыз, – деді.Ал есепті жиынға өтінішін арқалап ешкім келмепті. Бейне сұрақтар қойылды. Алдын ала жазылып алынған. Жауап та дайын. Бұдан кейін, ақсақалдардың бірі тұрып: – Ахметовтің жұмысына "ӨТЕ ЖАҚСЫ" деген баға қоямыз – деді. — Өте мұхият, аса зейінмен тыңдап, шырайлы шығыстың Қазақстанға қосып жатқан үлесін естіп ерекше қуандық. Жарыссөзді тоқтатайық, – деп, жиналғандарға тараңдар деген ишарат білдірді. «Жарыссөз» деп атауға келмесе де, «Жасанды жарыссөзді» естіп жалықты ма, ақсақалдың сөзін әлде өзін құрметтеді ме белгісіз, жиналған жұрт театр залын тез тастап, асығыс шыға бастады.
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:05
Атамекенім қайда екен?
Айжан БҮРКІТБАЕВА 10:52
Желтоқсаншылар жеткілікті деңгейде құрметтеліп жатыр ма?
Қарлығаш Зарыққанқызы 10:30
Хрущев салған үйлерді Сағынтаев модернизациялай ала ма?
Махамбет САПАРМҰРАТОВ, 10:28
Менің "Қарызстаным"
Қарлығаш Зарыққанқызы 09:45
Дүниеге несібемен емес, несиемен келіп жатыр қазақтың баласы...
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 13:50
Қазақстанға құс тұмауын жабайы құстар әкелген болуы мүмкін

Аңдатпа


  • Жарты мүшелі жан жұртқа жігер беріп отыр (видео)
    10:22
  • Ар сатылды, кен шашылды
    09:55
  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16