Ахметов міз бақпайды

Айдын ОЛЖАЙ

14.06.2022, 08:40

1585

Жұмыста жүрген біраз жұрт бір демалып қалатын сенбі күні жаңадан құрылған үш облысқа әкім тағайындалды. Алматы облысында, тіпті, әкім ауысты. Бірақ ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың креслосы теңселмек түгілі, сықыр еткен жоқ. Президенттің жарлығына сәйкес, «Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың мол тәжірибесі ескеріліп, оның қызметтік өкілеттігі бір жылға ұзартылды», деген ресми хабар тарады. Қанша жерден «көненің көзі, асылдың сынығы» болса да, Ахметовтың ауыспай, «аман қалғанына» қынжылыс танытқан қазақтардың қарасы әлеуметтік желілерде молынан байқалды. Басқасы басқа, осы Даниал Ахметов «ескі Қазақстанмен» бірге әбден ескірген әкімнің бірі еді. Қазақстанда ШҚО-ны басқаруға лайықты басқа кадр жоқ па, тәжірибелі білімді жастар неге еленбейді, ескерілмейді, деген сауалдар тағы сол жауапсыз қалды. Былайша айтқанда, өңірге өзгеріс әкелмейтін, босқа кететін бір жылға обал-ақ. Президенттің осы жарлығы әлі шықпай тұрғанда, «Дат» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи тон пішкен еді: «Егер Тоқаев ШҚО әкімі Даниал Ахметовты қызметінен алып тастаса, Назарбаевтың нойыс ықпалынан шыққаны. Ал Ахметов міз бақпай орнында қалса, экс-президентпен жасасқан ымырасы ыдырап бітпегені». Ал пайымдай беріңіз… Айтпақшы, бұл жолы облыс әкімдерін тағайындау жаңа тәртіппен жасалды. Президент екі үміткерді ұсынды, сол екеуінің біреуін жергілікті мәслихат депуттары таңдап алды. Сырт қарағанда, демократияға қарай жасалған қадам сияқты көрінгенімен, іс жүзінде ол да жоқ. Кей тәуелсіз сарапшылар да бұл «жаңа Қазақстанның» қазіргі «қылықтарынан», әзірге, шынайы еш өзгеріс байқалмады. Бұрын президент әкімді мәслихаттардың келісімімен тағайындаса, енді ол өзінің екі кандидатын «біреуін таңда» деп, мәслихатқа ұсынады. Турасын айтқанда, жаңа Қазақстанның халқында өзінің өңір басшысын таңдау құқығы әлі жоқ екен. Жаңа Қазақстанның жаңа есімдері демекші, өткен айда Бауыржан Сапар деген біреу Түркістан облысы полиция департаментінің орынбасары болып тағайындалды. Сөйтсек, ол 2018 жылы Абай ауылында жеті жастағы баланың зорлануына қатысты істі жасырмақ болған, сол үшін, тіпті, үстінен іс қозғалған сол кездегі ОҚО ІІД қылмыстық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Селтановтың нақ өзі екен. Тегін ауыстыра қойып, «жаңа Қазақстанға» жаңа есіммен күмп берді, әне. Жалпы, кез келген жаңа дүниені неғұрлым жаңа заттармен жасаған жөн еді. Егер шынымен жаңарамын, өзгеремін десең.

Тегтер: әкім лауазым мансап тағайындау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:51
Қазақстанда оқу жылы 31 мамырға дейін ұзаруы мүмкін
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:11
ШҚО тұрғындары ауыл әкімін сайлау әділетсіз өтті деп шағымдануда
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 09:12
«Мектепке жол». Атырауда бірінші сынып оқушысына 10-сынып оқушысының формасы берілген
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 08:58
"Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 18:21
Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 17:42
Қорғаныc министрлігі әскерде жұмыс істеген қыздың айыптауларына жауап берді

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49