Ахметовтің есебі бір басқа, елдің білетіні бір басқа

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

02.03.2021, 13:22

2223

        Ақпан айының соңында шығыс өңірі халқының алдында облыс әкімі Даниал Ахметовтің есебі тыңдалды. Пандемиялық ахуалға сәйкес, Zoom форматында өткен өңір басшысының баяндамасында сырт қарағанда мін жоқтай көрінеді. Облыстың экономикасы, денсаулық сақтау саласы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы екі тілде мәлімдеме жасаған Д.Ахметов есеп беруіне қатысты әлеуметтік желіде де білетінін бөлісті. «Бүгін облыс әкімдігінің 2020 жылы атқарған жұмысы туралы өңір халқының алдында есеп бердім. Айта кетейін, бұл кездесуге барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, 80-ге жуық адам қатысты», –  дейді Даниал Кенжетайұлы.

       Тап осы жиынға тікелей куә болған адамдар арасындағы алшақтықтың қалай сақталғанын әйгілеген фотокөрініс де желіде бірден тарады. Арасына әдеттегідей бір орын емес, төрт орындық қашықтықты сақтап, Ахметовтің айтқандарын «ұйып тыңдап» отырған адамдардың дені шенеунік екені бірден байқалады.  «Екі сағаттан астам уақыт бойы ықылас-қолдауларын білдірген жерлестерім қуантты. Жалпы, тікелей эфир режимінде 70 мыңға жуық адам онлайн тамашалады. Айта кетейін, есебімде облыс тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелер қозғалды. Олардың дені қазіргі коронавирус індетіне, оның салдары мен вакцинация тиімділігіне, Семей қаласын жылумен қамту жұмысының сапасына, тұрғын үй, қоғамдық көлік қозғалысына, интернет проблемаларына қатысты болды. Сұрақтарға барынша нақты әрі түсінікті жауап беруге тырыстым», – деп ағынан жарылды облыс әкімі.

   Алайда өңір басшысының есебіне көңілі толмайтыны өз алдына, қойған сұрағына жауап ала алмай, «жынды болғандар» да төбе көрсетпей қалған жоқ. Мәселен, әлеуметтік желіде «Төртуыл Шоқан» деген есіммен әйгілі Нұржан Молдашев әкімге сұрақ жолдағанымен, жауап ала алмағанын айта келіп, онлайн қойылған сұрақтардың өзі алдын ала дайындалғанын, шынайы еместігін жайып салады. «Аягөз ауданы әкімі болып тұрғанда 2 млрд 600 млн теңгені жеп, халқын ауызсу мен кәріз жүйесінсіз қалдырған қазіргі облыс әкімінің орынбасары Байахметовті құзырлы органдар тергеуіне бермей отырған да осы Ахметов екені айдан анық. Бай-Ахметов, жай Ахметовтің қасында «бесплатно» жүрмесе керек. Қош, халықтың көкейінде жүрген сұрақтар сол күйі ескерусіз қалды. Есесіне ішкі саясаты дайындаған адамдары-ау деймін, эфирде әкімді мақтап жазып, басқаға мүмкіндік бермеді.

«Құр сөзден қуырдақ қуырған» әкім өткен жылғы бюджеттің игерілуі сапасына тоқталмады, соңғы нәтижеге баға берілмеді», – деп айыптады ол (ойын түзетпестен сөзбе-сөз бергенді жөн көріп отырмыз – авт.).

      Осылайша Ахметовтің орынбасары Б.Байахметовке қатысты біраз жайдан хабары бар екенін байқатқан Төртуыл Шоқан мемлекет басшысына «Әртүрлі деңгейдегі әкімдердің жалған есеп беру жиналыстары кім үшін керек? Билік үшін бе, халық үшін бе?» – деп ашына сұрақ жолдапты.

Жалпы, өткен жылдың соңында аудан, қала әкімдері жаппай ұрандатқан бір бастама бар еді. Ол – көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мақсатында қолға алынған «Бір қабатты Шығыс» жобасы. Әкім есебінде келтірген мәліметке сүйенсек, өткен жылы облыс бойынша 520 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Ал биыл 560 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Тұрғын үй құрылысына салынатын инвестициялар көлемі болжам бойынша 108 пайыз өсіммен 90 млрд теңгені құрамақ, оның ішінде 42,2 млрд теңге бюджет қаражаты есебінен.

– Тұрғын үй мәселесі енді «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын іске асыру есебінен шешілуде. Бюджет есебінен 29 млрд теңге қаражат бөлу 642 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізуге және жеке инвестицияларды, оның ішінде халықтың шоттарындағы 455 млрд теңге, ЖТҚ-дағы 150 млрд теңге депозиттік жинақтарды тартуға мүмкіндік береді», – деп нығарлап қойды Д.Ахметов.

            Жері белгіленсе де, үй салынбаған Екпін

Жөн-ақ делік. Бірақ та баспана салумен айналысатын құрылыс фирмасының жұмыс сапасын тексеру, осы мақсатқа бөлінетін бюджет қаражатын бақылау жайына келгенде облыстық әкімдіктің кежегесі кейін тартып, айналып қашатынын бестегі бала да біледі. Тіпті баспана салатын жер белгіленіп, қазығы қағылуы сәл қалғанда басқа ауылға бұрылып кететін де фактілер барынан Ахметов бейхабар секілді.  Мұны бекер айтып отырғанымыз жоқ. Тарбағатай ауданы Екпін ауылында өткен жылы көпбалалы отбасыларға арналып 10 үй салынуы жоспарланған екен. Алайда белгісіз себептермен ол мүлде қолға алынбаған.

– Бұл көпбалалы отбасылардың наразылығын туғызып отыр. Он үйдің салынатын жері де белгіленіп қойылған болатын. Бірақ былтыр сол төңіректен ешбір құрылыс фирмасын көре алмадық. Мұны айтпағанда, осы 30 жыл ішінде 2200 тұрғыны бар Екпін ауылында бірде-бір мәдени нысан, үй салынбағанына не дерсіз?! Аудан орталығы Ақсуаттың іргесінде отырып, шатыры жоқ, тоқал тамдарда тұратын көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды көргенде көңілің құлазып, күйінбеске шараң жоқ, – дейді Екпін ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы Дастан Рахымбаев.

Дастан азаматтың бастауымен шатыры жоқ үйде «шықпа, жаным, шықпалап» отырған отбасылардың босағасынан аттадық. Отыншы Әлжанов көшесінде тұратын Гүлмира Нұрмадиева күйеуі екеуі алты перзент өсіріп отыр екен. Төбесі аласа, үй деген аты ғана бар баспананың ішіне тартылған тоқ сымдары да көзге қауіпті көрінеді.

– 8000 теңге жәрдемақыға, қолда бар екі сиырға күнелтіп отырмыз. Күйеуім шаштараз болып, тиын-тебен тапқан болады. Оны жеке кәсіпкер санап, кіріс көзіне балап, жәрдемақыны төмендетіп тастады. Әлеуметтік мекемеден білгенім осы. 1953 жылы салынған бұл үйде тұрғанымызға 20  жылдың жүзі болып қалды. Жаз болса, жаңбыр жауған сайын төбемізден су сорғалап, мазамыз кетеді. Тоқ жарқылдайды. Көктің иісі шығып, балаларымның денсаулығына да әсер еткені рас. Баспана кезегіне енді тұрдым. Ескі үйден қашан құтыларымыз бір Құдайға аян, – дейді Г.Нұрмадиева.

Шынында да, мұндай ішіне кірмек тұрмақ, сыртынан қарауға дәтің шыдамайтын ескі үйлер Екпін ауылында аз емес екен. Аудан орталығына іргелес қонған ауылдың ішкі ахуалы көңіл көншітпейді. Бұл туралы алдағы уақытта тағы да баяндайтын боламыз. Айтпағымыз – биылға 560 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді көздеп отырған облыстық әкімдік Тарбағатай ауданы Екпін ауылындағы сияқты ескі үйлерде тұратын отбасыларды бірден назарға алуы тиіс. Онсыз «Бір қабатты Шығыс» жобасының тұрғындар үшін мәні де, сәні де болмасы анық.  Құдай бетін аулақ етсін делік, өрт құрбанына айналып кеткен сәбилердің барлығы да көпбалалы отбасылардың әлеуметтік ахуалы төмендігінен, баспана жайы шешілмегендіктен шығып отырған жоқ па?!

Ахметов бастаған шенеуніктердің «Бір қабатты Шығысы» кімнің кәдесіне жарамақ, сонда?

Тегтер: әкім жергілікті әкімдік жоспар жұмыс шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 12:27
Қазақстан – БҰҰ: мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы заңнама
Сайт әкімшілігі 11:19
ҚазҰУ-дағы жатақхана құрылысының анық-қанығы
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:40
Бекшин мен Қиясовтың қаулысы елді індеттен құтқара ма?
Еңлік АБАҒАН 04.08.2021, 13:22
Қарасай ауданы: Қоймалжың батпақ пен қою шаң
Нұрболат ӘЛДИБЕК 03.08.2021, 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58