Әйелдердің қателіктеріне еркектердің де қатысы бар

Махамбет САПАРМҰРАТОВ

19.01.2022, 18:15

1830

«Бақаның бағынан,

Сұңқардың соры артық».     

 Бауыржан Момышұлы

      Қазақ қыздары қашанға дейін қалың жұртшылықты қайран қалдыра берсін,  жиі-жиі жүрісінен жаңылып,  жеткен жерде жығылып, толған кезде төгіліп, қарақан басының қамы үшін намысын жоғалтып алып жатады. «Әдемілік бізге көптік етпейді» (Мұқағали)  деп жүргенде әйелдер әлемі күн өткен сайын алабажақтанып бара жатқаны алаңдатады.  Отбасы, ошақ қасында ыс жұтып, бауырынан бала өрбітіп отырған келіншектер мен немерелерін  бағып-қағып сарықарын әйелдерді  феодализмнің сарқыншағындай көретін болдық. Әйелдерді бірінші кезекте карьера қууға итермелеп отырған қойыртпақ қоғамның қою шаңына көміліп жатқанымызды байқамаймыз.

      Ұлтымыздың ұятындай болған: Зарина мен Зере әжені, Тұмар мен Зылиха Тамшыбаеваны, Домалақ ана мен Кәмшат Дөненбаеваларды дәріптеп жатқанымызбен,  олардың ұрпаққа үлгі асыл қасиеттері қанымызбен араласып,  сүйегімізге сіңіп жатқан жоқ. Себебі бүгінгі күннің талғамы мен талабы, уақыттың көз ілеспес жылдамдығы өткен тарихымыздан тағлым алуға мұрша бермейді. «Ата бөліскен, атақ бөліскен, ақша бөліскен бейдауа заманға тап болдық» (Рақымжан Отарбаев)  дегеніңіз баррикаданың бергі жағы, арғы жағы — түрік сериялдарындай байталас, байлық үшін жанталас, қызмет үшін тайталас әйелдер әлемінің көрігін қыздырып тұр. Айталық, мемлекеттік қызметті ерттеп мініп, құйғытып шауып келе жатып, антынан аттап, аттан ауып түсіп қалып жатқан ашкөз әйелдерді әдемілік құтқара алмайды екен. Облыс әкімінің орынбасары орынтағында отырған әйел пара алып ұсталып, қалың елдің алдында қарабет болды.  Парламент партасында отырып  жалғыз жалақыға жан бағу қиын,  ал бала бағу тіпті азап.  Сондықтан омыраулатып облысқа келіп опырып «жеудің»  орайы келген ғой.  Бірақ ұлы ақынның аруағы атып,  алған парасы өңештен өткенімен, қарынға жетпей жатып қолға түсіпті.

      Биліктің осындай кадрларды қайдан ғана тауып ала қоятынына қайран қаласың. «Францияның ең әдемі қызының өзі тек өзінде барды ғана бере алады»  деген мәтелге  мән бермейміз.  Пара берсең пана бола кететін билік қыз-келіншектерге қызмет ұсынарда  өкшесіне бір, бөксесіне екі қарап,  қыпша бел бикештер мен күлімкөз келіншектердің қолынан жетектеп, ыстық ықылас танытып жататыны жасырын емес. Олардың ақыл-ойы, адалдығы, отаншылдығы, ар-ожданы мен  ұлтжандылығы мүлдем есепке алынбайды. Осындайда, расымен «Сұлу қызды көргенде, Ақылды қызды аяйсың»  (Қ.Мырза Әлі).  Елдің көсегесін көгертеді деген еркектеріміз қазынаға қол салудан ұялмай, нәзік жандыларымыз нәпсісін тыя алмай, ұлт дидарына дақ түсіргені былай тұрсын, қара күйе жағып жатыр.

      Парадокс: түйені  түгімен жұтқан сұғанақ, ашкөз албастыларды аяймыз,  парасатсыз парақорларға пана боламыз.  Біздің заңдарымыз «құлайтын империяның» заңдарындай  алаяқтарға арналып жазылғандай.  Кішіпейіл, қонақ жай, мақтаншақ қазақтың мінезі заңдарынан да көрініс тауып жатады.  «Қыс қыстай, қыз  қыздай болуы керек» (Ғ.Мүсірепов) демейміз. Ешқандай күмән мен күдікке орын бермейтін, қара қылды қақ жаратын заңдар ғана  ел болашағына қалтқысыз қызмет етеді. Парақорлар мен сұғанақ ашкөздер арам шөп сияқты, дер кезінде түп-тамырымен қопарып отап тастамаса,  ол екі есе жылдамдықпен қайта өсіп өне  береді.  Облыс әкімінің экс-орынбасары Хаменова ханым жаза арқалаймын деп  қам жемесе де болады,  өйткені біздің солқылдақ заңдарымызды оң жағынан да, сол жағынан да орағытып өтіп кетуге мүмкіндік беріп қойған.

      Ана бір жылы экс-президент Назарбаев Әйелдер күні мерекесі қарсанында бір топ қыз-келіншектерді қабылдап, әңгімені әзілмен әрлеп, көңілді отырыс өткізген болатын. Сол кездесуде бір қаракөз қарындасымыз экс-ке қаратып: «Мен жемқорлықтың математикалық моделін ойлап таптым» демесі бар ма. Сенсация!  Нақ бір Семей полигонында соңғы үлгідегі сутегі бомбасы жарылғандай әсер қалдырды. Экс-президент көзін алартып бір қарады да, ес жиып алған соң әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып ала жөнелді.  Ашкөз магнаттармен, парақор монстрлармен ауыз жаласып отырған Ақордаға бұл ұнамады. Ұнамаған нәрсе тез ұмытылады екен.  Несін жасырайық, антикордың басшысы Ахметжановтың амандығын тілеп отыратын болдық. Ақорданың артын ашып қойып, аяғын басып кетіп, «Абайламай айрылдым, Ар жақтағы елімнен – Нарын деген жерімнен» (Махамбет) демекші, абыройынан айрылып қалмаса болғаны да.  Бірақ олардың әшкерелеп жатқаны айсбергтің мыңнан бір бөлігі ғана.  Су астында көрінбей жатқаны тіпті қауіпті.

      Мемлекеттің ақшасын қарны жарылғанша, желкесінен шыққанша жеу үшін, «отанкеміргіш» алаяқ қулар өмірге тендерді әкелген болса, гендерлік саясат – қатынданған кәрі құрлықтың қойыртпағы қазақтың басына бақ құсы болып қона қалғанына қарасаңызшы. Қазақтың Құдайдан қорқатынын қайдам, дәстүр бұзушылықтан өлердей қорқатынына  тарихтан талай мысал келтіруге болады. Айталық, Құнанбайдың Қодар мен келінінің ауыр жазаға тартқаны  қатыгездігінен емес, салт-дәстүрімізге дақ түсірмеуді ойлағаны еді.  Гендерлік саясаттың  жастарымызға  тигізіп жатқан салқыны мен қоғам келбетін  әлемтапырық етіп жібергенін  жасырып жаба алмайсыз.  «Үй болу қиын» болғанымен, жастарымыз үйленбей тұрмайды, жоспарлы  махаббаттың жолы болып тұр. Көрші өзбектерде неке бұзып ажырасу некен-саяқ,  тәжіктерде мүлдем жоқ, ал шаңырақ көтеріп, отау тіккен қазақтардың үштен екісі  ай аралатып ажырасып кетеді.  Бұған тосқауыл қоятын әзірше тетік табылмай тұр.  Оған бас қатырып жатқан жоқпыз.

      Неке бұзушылыққа бей-жай қарасақ,  түптің-түбінде оңбай таяқ жейміз.  Ұлттың генофонды бұзылып, таза қандылығымыздан  түк те қалмайды.  Неке туралы заңды ұлттық салт дәстүрмен сабақтастырып, барынша қатаң үлгіге көшіру керек.  Қазіргі заң әйелдердің сойылын соғып жатыр:  еркектерді алимент  төлетуге міндеттеуден арыға бармайды.  Ажырасудың ақ-қарасын ажыратып, басты себебін анықтап,  кінәсі мен күнәсін мойнына қойып, әйелге де, еркекке де басымдық бермей, әділ шешіп отырғанда ғана жоспарлы махаббаттың  жолы кесіледі.  Әйтпесе, тайраңдаған тәлпіш қыздарымыз бен қолжаулық болуға құмар келіншектеріміз ажырасып алған соң  көрінгенге көзін сүзіп, «бұқаларымыз» жібін үзіп, жасырын ойын, құпия махаббат жалғаса береді. Екі ортада әкесіз – жартылай жетім балалар сорлайды, қатынның несі кетеді.  Іздегенге сұраған: 2022 жыл – Балалар жылы аясында бұл мәселеге мойын бұруға мүмкін бар.

      Көк мұнаралы мешіттері мектептерінен көп мұсылман елі болғанымызбен,  шариғатқа мойынсұнбаймыз. Ата-бабамыздан қалған асыл мұра – салт-дәстүрімізді мойындамаймыз. Дүбәрә дүние беті ауған жаққа жөңкіліп көшіп бара жатқан керуенге ұқсайды. Халқымыздың болашағына қатысы бар кез келген мәселеге биік отаншылдық сезіммен қарауға бағыттап отыратын  ұлттық идеологияның жоқтығы дүбәрәлық деңгейге түсіріп жіберді.  Биліктің мақтаншақтық идеологиясының бұған еш қатысы жоқ.

      Сыр бойын жайлаған  қалың  елдің қабырғалы бір биі ауыл аралап келе жатып, қаннен каперсіз көлде шомылып жатқан бір топ қыздардың үстінен түсіпті. Бидің көңіліне бір күлкілі желік кіріп, қыздардың киімдерін қасындағы жігітіне жинаттырып алып, атының басын бұрып жүре беріпті. Қыздардың бірі оны байқап қалып, омырауын алақанмен жауып: «Ей, ұяттарың қайда, киімдерді тастап кетіңіздер!» — деп айқайлапты. Би бұрылып қарап тұрып: «Сол ұятты сенен сұрайын, әбүйіріңді жасырмай, омырауыңды жапқаныңа жол болсын», — депті.  Сонда қайсар қыз: «Сіз айтқан жер менің ең ұятты жерім, екіншіден, болашақ сәбиімнің несібесі екені  есіңізде болсын.  Ал ананы өзіңіз күнде көріп жүрген шығарсыз», — деген екен. Сол айтпақшы болашақ сәбиін несібесінен қақпай, ар-ұятын сақтап, ұрпақ қамы үшін намысын жоғалтпай нәзік жандыларымыз қайсар мінезімен қалың елді қайран қалдырып жатса, қанеки.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 12:42
Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керегі белгілі болды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:44
Алматы облысында екі ауылдың көшелерін су басты
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 15:03
Желтоқсан оқиғасына арналған тағы бір кітап жарық көрді
Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 08:17
Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 07:51
«Сен менімен «служить» етпейсің!»
Сайт әкімшілігі 19.05.2022, 15:09
Партияның ауқымды электораты референдумды қолдауы керек – Е.Қошанов

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56