Аймағамбетов балалардың басын қатерге тігіп отыр

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

17.09.2021, 09:03

3429

       Елімізде коронавирус жұқтырған оқушылар саны күн санап артып барады. Оқу жылының басталғанына он күн болмай жатып елімізде 1000-ға жуық оқушының індет жұқтырғаны белгілі болды. Әзірге ешқандай мектеп карантинге жабылған жоқ, тек  науқас анықталған сыныптардың оқушылары ғана қашықтан оқуға көшірілген. Оқушылар ғана емес, ұстаздар арасынан да індет жұқтырғандар анықталуда. Алайда білім министрлігі де, санитарлық-эпидемиологиялық сала өкілдері де үнсіз. Ал ата-аналар алаңдаулы.

                         Мектептер індет ошағына айналды

Әсіресе Алматы облысының оқушылары арасында індет жұқтыру көрсеткіші жоғары болып тұр. Аталмыш өңірде 301 оқушы індетке шалдыққан. Соның салдарынан 122 сынып карантинге жабылды. Сәйкесінше, індет жұқтырған оқушылардың барлық сыныптастары, яғни 1500-ге жуық оқушы қашықтан оқуға жіберілген.

Қызылорда облысында да дәл қазір 102 оқушы індетпен ауырып жатыр. Олардың ішінде 10 оқушы індетті мектепке барып жүргенде жұқтырған. Сонымен қоса, облыстағы мектептерде білім беретін 22 мұғалімнің Covid-19-ға шалдыққаны белгілі болды. Еліміздің солтүстігінде де жаңа оқу жылы басталған он күннің ішінде толығымен карантинге жабылған мектептер жоқ. Бірақ қала мен ауылдарда 84 оқушыдан вирус анықталып, 22 сынып карантинге жабылған. Оқушылардан бөлек, 19 мұғалімнен вирус анықталған. СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, мектеп жасындағы балалардың арасында 84 жағдай тіркелді. «Олардың 22-сі дәстүрлі форматта оқыған. Қалғандары жазғы демалыс кезінде ата-аналарынан жұқтырған болып шықты. Сондай-ақ төрт балабақша тәрбиеленушісі вирус жұқтырды», – дейді облыстың бас санитары.

Осы орайда мысал келтіре кетсек, індет жұқтырған оқушылардың бірінің анасы Нәзия Бейсенованың өкпесі қара қазандай. «Балаларда жеңіл өтеді, зияны жоқ дегені өтірік. Менің кіші ұлымнан ковид анықталды. Бүгін карантиннің соңғы күні. ОРВИ сияқты өтті. Тамағы ауырып, мұрны сыр берді. Бір-екі күн ыстығы көтеріліп, әлсіздік болды. Бірнеше күннен кейін қол-аяғы ұйып, буындары сырқырайтынды шығарды. ОАК, биозимия, коагулограмма анализдерін тапсырдық. Нәтижесі шықты: билирубин көтерілген. Енді оны емдеуге жақсы дәрігер табу керек. Буындарын да емдетуім керек болып тұр. Мектептерді неге ашты?» – дейді ашынған ана. Бала індетті жеңгенімен, аурудың салдарымен күресу ата-аналардың қалтасын ойсыратайын деп тұр.

        Ал Қызылорда облысында өткен оқу жылында оқушылар арасында қатерлі індет жұқтырудың 482 жағдайы тіркеліпті. Яғни тоғыз ай ішінде 482 бала ауырған, ал биыл он күн болмай жатып 102 бала ауруға шалдыққан. Сондықтан ата-аналар қазірдің өзінде балаларын мектепке жібермеуге тырысуда. Жағдайды баяндаған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Шуақбаева былай дейді: «Биылғы жаңа оқу жылының тоғыз күнінде 102 оқушы індетке шалдыққан. Оның ішінде 92-сі мектеппен байланысты емес, жазғы демалыс уақытында үй ошағындағы қарым-қатынас арқылы жұқтырып, үй карантиніне оқшауланған оқушылар. Ал қалған 10 дерек білім алуды офлайн форматта бастаған балалар арасында тіркелді. Осыған байланысты қарым-қатынаста болған адамдар шеңбері анықталып, 13 сыныптың оқушылары 14 күнге үй карантиніне жіберілді», – дейді.  

Атап өтер жайт, оқу жылының оныншы күні республика бойынша 122 сыныптың карантинге жабылғаны белгілі болса, он үшінші күн дегенде, ондай сыныптар санының 350-ге жеткені белгілі болды. Дәрігерлер соңғы аптада оқушылар арасында індетпен ауыру көрсеткішінің екі есеге өскенін айтып дабыл қағуда. Қостанай облысы мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Юрий Севостьянов: «Бұрын күніне індетке шалдыққан 5-10 адам тіркелсе, қазір олардың саны 20-25 адамға жетіп жатыр. Өкінішке қарай, балалардың бойында індет белгісі айқын білініп тұрғанына қарамастан, мектепке барған жағдайлар тіркелуде. Осындай жағдайлардың салдарынан тұтас сыныпты қашықтан оқуға жіберуге мәжбүрміз. Ата-аналар балаларын мектепке жіберер алдында мұқият қадағаласа екен», – дейді.

Оқу жылының басталуымен бірге, қоғамдық көліктердегі адам саны да айтарлықтай артты. Жолаушылардың елеулі бөлігі оқушылар. Індетті мектептен жұқтырмағанның өзінде, таңғы және кешкі қарбаласта «ине шаншыр жер қалмайтын» қоғамдық көліктерде әлеуметтік арақашықтық тұрмақ, адамның көптігінен жұтатын ауа мұң. Тіпті қоғамдық көліктен бетперде таққан адам табу да мүмкін емес. Ендеше балалар арасында індетті өршітуге жағдай тудырып отырған білім және ғылым министрі Аймағамбетовтің не ойлағаны бар?!

Тегтер: мектеп мәселе ұстаз басшылық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:15
Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жаңарды
Сайт әкімшілігі 09:58
Зейнетақыны Kaspi Gold картасына алу жеңілдей түсті
Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ 09:03
Ұлы даланың болашаққа жеті арманы
Бифат ЕЛТАЕВА 09:02
"Мен қазақ қыздарына қайран қалам"
Қуаныш ЕРМЕКОВА 16.10.2021, 15:38
Балаға қамқорлық - болашағымызға жасалған жақсылық
Нұрай РАХЫМ 16.10.2021, 14:34
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасынан үміт көп

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29