Аймағамбетовтың бастамасы тығырыққа тірелді

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

05.10.2022, 09:26

1182

Былтырдан бастап республикадағы барлық білім бөлімдері аудан, қала әкімдіктерінің қарамағынан алынып, тікелей облыстық білім басқармаларына бағынышты етілді. Яғни, қазір аудандық, ауылдық әкімдіктердің мектептерге құзыры жүрмейді. Бұл тәжірибе 200-300 мектебі бар облыстарда қаншалықты сәтті жүзеге асқанын қайдам, мыңға жуық білім ұясы бар Түркістан облысында тығырыққа тірелді. «Тәжірибе өзін ақтамады» деушілер жиіледі.

Рас, министр Асхат Аймағамбетовтың бастамасымен іске асқан тәжірибенің оңды жақтары аз емес. Мұғалімдер жергілікті  әкімдіктердің «құлдығынан» құтылды. Бұрынғыдай сенбілікке шақырмайды, көше аралатпайды. Алайда жалғыз басқарманың облыстағы бүкіл мектепті бақылауға шамасы жетпей тұр. Ал бақылау әлсіреген жерде, былық-шылықтың көбейетіні айтпаса да белгілі ғой.

Дәл қазір Түркістан облысында төрт бірдей аудандық білім бөлімі басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алды сотқа да түсті. Барлық іс сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Мұндай масқара жағдай облыста бұрын-соңды болып көрмеген.

Жуырда облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында осы білім саласындағы жемқорлық мәселесі қызу талқыланды. Жиында қазіргі уақытта мектепке мұғалім болып тұрудың ставкасының 2 миллион теңгеге дейін шарықтағаны, сағат бөлудің де сатылатыны айтылды. Облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлынан істі болып жатқан аудандық білім бөлімі басшыларына қатысты  сауалдар қойылды.

— Бөлім басшыларына әлі үкім шыққан жоқ. Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысына үкім шыққанымен, прокуратура оған шағым берді, сот процесі әлі жалғасып жатыр. Сарыағаш, Төле би аудандық білім бөлімі басшыларының соты әлі басталған жоқ. Шардара аудандық білім бөлімі басшысының үстінен жемқорлық бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, оны жұмыстан шеттету туралы ресми ақпаратты өткен аптада алдық. Сондықтан бұл туралы түсініктеме беруге құқығымыз жоқ, – деді облыстың бас мұғалімі.

Алайда басқарма басшысы қарамағындағы қызметкерлерінің қылмыстық істері туралы толыққанды ақпаратты білмейтін сияқты. Біздің қолымыздағы мәліметтерге қарағанда, «журналисті өлтіруге тапсырыс берді» деген күдікпен ұсталған Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майриховтың ісі Түркістан облыстық қылмыстық істер сотында шілдеден бері қаралып жатыр. Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, ол тапсырысты өзінің сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасырып-жабу үшін бергенге ұқсайды. Бұл іс бойынша соттың не төрелік айтатыны әлі белгісіз.

Сол шілдеде Сайрам аудандық соты Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Құралай Шадиеваны «пара алу» бабы бойынша 20 миллион теңге айыппұл төлеу жазасына кесті. Үкімге қарағанда, аудандағы Қарасу мектебінің директоры А.Пернебаев мектепке мұғалімдік қызметке қабылдау үшін үміткерден 800 мың теңге алған. Оның 400 мың теңгесін білім бөлімінің басшысы Шадиеваға апарып берген. Сот директорды 40 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесті. Яғни, бұл іс бойынша сот үкімі шығып қойған. Рас, әлі күшіне енген жоқ. Қазір ол облыстық соттың апелляциялық алқасында қаралып жатыр.

Төле би аудандық білім бөлімінің басшысының ісі балалардың ыстық тамағымен байланысты көрінеді. Мұны осы жиында Антикордан келген өкіл мәлім етті. Ал Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы ірі көлемде парамен ұсталғанға ұқсайды. Әрине, бұл істер бойынша да төрелікті айтатын сот. Мәселе осындай келеңсіздіктердің кейінгілерге қаншалықты сабақ болатынында ғой. Жиында Д.Болатханұлынан:

— Егер білім бөлімі басшыларына айыптау үкімі шықса, отставкіге кетесіз бе?, – деген сұрақ қабырғасынан қойылды.

— Бас ұстаз істі болған басшыларды, тіпті, танымайтынын, өзінде ешқандай моралдық жауапкершіліктің жоқтығын алға тартты. 

Кеңес мүшелері білім бөлімдерін аудан әкімдіктерінің қарамағынан алып, тікелей басқармаға бағындырудың тиімсіз болғандығын, тіпті, министрлікке осы жөнінде ұсыныс беру қажеттігін баса айтты. 

Айтпақшы, «Жас Алашта» біз бұған дейін Төле би ауданы Қостөбе ауылында  2010 жылы пайдалануға берілген мектептің апатты жағдайда деп танылып, шәкірттердің қазір көрші ауылға қатынап оқып жүргенін жазған едік. Жиында осы апатты мектепке облыстың бас ұстазының әлі күнге бармағаны айтылды. Д.Болатханұлы басқарманың басшысы қызметіне биыл сәуірде тағайындалған болатын.

— Аманшылық болса, қонақтарымызды шығарып салып, барып қайтамыз, – деді Дінислам Болатханұлы.

Сонда апатты мектептің жайынан гөрі қонақ күту маңыздырақ болғаны ма? Басқарма басшысы бір апатты мектепті барып көруге алты ай бойы уақыт таппаса, басқасына не айтасыз?! Жалғыз басқарманың қаншалықты бақылап, қадағалап отырғанын осыдан-ақ түсіне беріңіз.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:27
Валюта алып өту тәртібі туралы
Жарас КЕМЕЛЖАН 09:06
Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 17:17
Рудный тұрғындары жылусыз қалды
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 16:12
Ертеңнен бастап жазғы доңғалақпен жүргендер жазаланады
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 15:07
Жұмыс берушілер көше сыпырушылардың ақысын жеп отыр
Сайт әкімшілігі 30.11.2022, 10:54
Екібастұздағы көппәтерлі үйге бүгін жылу беріледі – жедел штаб

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43