22.06.2022, 08:36
2697
Таяуда болған үкіметтегі өзгеріс көптің көңілінен шықпай жатқанға ұқсайды. 11 маусымда Білім және ғылым министрлігі екіге жарылды. Осыған дейін ведомствоны басқарған Асхат Аймағамбетов енді тек балабақша, мектеп пен колледждерге қарайтын Оқу-ағарту министрі болды. Ал жоғары білім мен ғылым министрлігін Саясат Нұрбек басқарады. Дегенмен жаңа министр жұртқа жақпай тұр. Шынында, Аймағамбетов те кемшіліксіз болмаған. Енді екеулеп білім саласын қай межеге дейін сүйрейтіні беймәлім. Сонымен, бұл өзгеріс не нәтиже береді? Қос шенді салада бұрын кеткен кемшіліктерді түзей ала ма?
Сұрыптау ма, құрықтау ма?
Білім саласының тізгінін Асхат Аймағамбетов толыққанды ұстаған кезеңде ерекше дүмпу болғаны жасырын емес. Мақтау да, даттау да көп айтылды. Салаға реформа енгізген тұлға ретінде жиі аталды. Бірақ министрдің реформасы жоғары оқу орындарымен күрес түрінде жүрді. Иә, ведомство бұл әрекетті «сапасыз білім беретін оқу орындарын жабу» деп атады. Дегенмен мәселенің екінші жағы көзден таса қалғандай. Аймағамбетовтің алпауыттардан бұрын, шағын, оқу ақысы арзан университеттерге шүйліккені шын. Негізі, жоғары оқу орындарын жабу сонау 2011 жылы Бақытжан Жұмағұлов тұсында басталған еді. Содан кейін бұл үрдісті Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев, Күләш Шәмшідинова жалғады. Ал Асхат Аймағамбетов кезінде, тіптен, қарқын алды. Қазір елімізде 120-ға жуық оқу ордасы бар. 2005 жылы Қазақстанда 185 университет болған. Осыған қарап-ақ министрлердің университет жабумен әуре болғанын білесіз.
Аймағамбетовтің басқаруында болған ведомство 15 жоғары оқу орны және 31 колледж жапты. Бұл аздай, тағы 4 жоғары оқу орны мен 29 колледж жабылып жатыр. 61 жоғары оқу орнының 500 бағыты бойынша, 375 колледждің 2 200 бағытының лицензиялары қайтарып алынды. Тағы 15 жоғары оқу орны мен 47 колледждің бейініне сәйкес келмейтін лицензиялары қайтару бойынша жұмыс жүріп жатыр. Педагогтерді даярлайтын ЖОО саны 86-дан 50-ге дейін азайды, заңгерлерді даярлайтын білім ордалары 72-ден 61-ге дейін кеміді. Тағы да қайталап айтамыз, бұлардың басым бөлігі алпауыт университеттер емес, елдің қалтасына тиімді арзан оқу орындары болатын.
Міне, осыдан келіп, түрлі проблема туындайды. Ең әуелгісі – шетелге, соның ішінде, Ресей мен Қытайға кеткен студенттер көбейді. Ресейдің Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің дерегіне сенсек, көрші елде оқып жатқан барлық шетелдік студенттердің төрттен бірі, яғни 25 пайызы – қазақстандықтар. Өз идеологиясына құрылған ресейлік білім алатын шетелдік шәкірттердің көшін бастадық. Қазір де Ресейде жыл сайын 70 мың азамат білім алып келетіні айтылады. Демек, министрлік оқу орындарымен алысып жүргенде, жастарды ескерусіз қалдырғанға ұқсайды.
Шетелде білім алуға құмартқандар көбейген соң Қазақстанның ЖОО-ларында оқитын студенттер саны жыл өткен сайын азаятыны түсінікті. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі бойынша, 2005 жылы отандық университеттер мен академияларда 775 762 студент оқыған. Содан бері үздіксіз азайып, 2021 жылы – 575 511 студент қана қалыпты. Жағдайды мемлекеттік грант санының соңғы бірнеше жыл ішінде екі есе көбеюі де ретке келтіре алмады. Биыл 73 мың грант бөлінді. Үкіметтің 2022 жылы грант санын тағы 31 мыңға көбейтуі нәтиже бермеді. Себебі әлеуметтік желіде ҰБТ-да 90-нан көп бал жинаған озат оқушылардың өзіне грант тимей қалғаны туралы дерек жетерлік. Оған дейін жергілікті университеттер 60 балмен де қабылдай беретін еді. Сарапшылар өңірлік ЖОО-лардың жаппай жабылуы ақыр соңында мегаполистерде жұмыссыз жастардың шектен тыс шоғырлануына әкелгенін айтып жүр. Арзан университеттер көптеп жабылуы қолжетімді білім ақысынан айырғандай. Бірақ жоғары білім саласының маманы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ақерке Абылайхан мәселенің екінші жағы да барын алға тартады.
– Менің ойымша, университеттерді жабу білім сапасын көтеруге бағытталған жұмыс болатын. Жастардың сапалы білім алуы тексерілді, соған сай шешім шықты. Маман ел экономикасына пайда әкелетіндей, даярланып шығуы тиіс. Ал оқу орындары оны істей алмаса, жабылады. Кез келген әрекет зерттеулерге сүйенеді, жаңа әдіс ойлап таба алмаймыз. ЖОО-ларды тексерген жөн, бірақ дамыту жағын да ескеру қажет еді. Шынында министрліктің екіге бөлінгені дұрыс шешім. Елде орта білім маңызды болып тұр. Университеттерді қадағалай берерсіз, ал 7,5 мың орта мектепті қараусыз қалдырсақ болмайды. Рас, Оңтүстік Корея мен Германиядағыдай білім саласында әкімшілік құқықтық-нормативтік актілерді қалыптастыра алған жоқпыз. Германияда 16 федералдық жер министрден тәуелсіз түрде білім бағдарламасын өздері бекітеді. Ақпараттық кеңістіктің ырқы басым, бір алаңдатарлығы, елдегі ЖОО-лардың жабылуы білім саласына қатысты негатив пікір қалыптастырды. Бірақ материалдық-техникалық базаны айтпағанда, шет елдерден аса қалыс қалмаған едік, – деді маман.
«Таяқтың екі ұшы бар», деген сөзді осы тұста айтпасқа болмайды. Университеттерді жабу кері жағын айттық, алайда сапасыз білім беретін оқу ордаларын көбейтіп алсақ та ұтыларымыз хақ еді.
Жаңа министр не жаңарта алады?
Сонымен, білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, ғылым мен жоғары оқу жағына Саясат Нұрбек жетекшілік ететін болды. Дегенмен осы бастан оның біліктілігіне күмәнмен қараушылар көп. Популизмге құмар саналатын шенеуніктің өткен жолы да ғылым мен жоғары білімге тым жақын емес. Иә, инновациялық білім жобаларын жүзеге асырған белгілі компанияда істегелі, келешек сұраныста болатын мамандықтар атласын жасады. Бірақ Саясат Нұрбек ғылымнан алшақ адам. Оның үстіне, өзі де жоғары білім саласының белгілі тобына кіретін, соның мүддесін ілгерілетіп келген маман екені жасырын емес. Сондықтан Аймағамбетовтың жоғары білім беру ұйымдарымен күрес реформасын Саясат Нұрбек жалғастырмайтын тәрізді. Ал ғылым үшін не істей алады? Өте күрделі сұрақ. Рас, Аймағамбетов кезеңінде де ғылым саласы аса ілгерілей қойған жоқ. Нұрбек болса, қызметіне келе сала, «ғылыми жаңалықтарды қолданысқа енгіземін», деп айтып қалды. Білдей маңызды саланың дамуы тек бір адамның әрекетіне байланысты емес. Команда жанына жиналған адамдар да рөл ойнайды. Осы тұстан қарағанда, Саясат Нұрбекте сәл де болса артықшылық бар болуы мүмкін. Білім саласының маманы Ақерке Абылайхан да осыны айтып отыр.
– Жаңа министрдің не істей алатынын уақыт көрсетер. Оның ең басты артықшылығы – маңына жаңа буын өкілдерін жинай алғаны. Министр жұмыстың бағытын айқындайтын адам. Халықаралық бағыттан жаңылыспаса, болғаны. Бірақ ведомствоны басқару идеяға ғана емес, қоғаммен тіл табысуды талап етеді. Егер қоғамның бабын таба алмаса, көп еңбек еш кетуі мүмкін, – дейді ол.
Қорыта айтқанда, қазіргі өзгерістерге қатысты үміт те, күдік те бар. Аймағамбетовтың білім саласындағы жұмысын қоғам белгілі бір деңгейде бағалап үлгерді. Ал Саясат Нұрбектің не өзгеріс әкелері беймәлім. Тек жұрт айтқандай, «саланы популизмге толтырып жібермесе» болғаны.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР