«Әйтеновты отставкіге жіберіңіз!»

Президентке жазылған петицияның артында кімдер тұр?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

08.02.2022, 18:05

1962

Өткен аптада Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі болып жүрген  Дархан Сатыбалдының Шымкентке әкім болып тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде әлдебіреулер осы жөнінде пост жазып, кейін өшіріп тастады. Әйтеуір, алып-қашты ақпараттың анық-қанығын біле алмай, дал болғанымыз рас. Ақыр аяғында, қала әкімінің баспасөз хатшысына ақпарат құралдары арқылы бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтындығы туралы түсінік беруге тура келді.

Әкім Мұрат Әйтенов ешқайда кетпеген болып шықты.

Жалпы, жаңа жылдан бергі аралықта үшінші мегаполистің әкімін  қырсық айналдырып тұрған сияқты. Қаңтардағы оқиғалардан кейін Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаевты отставкіге жіберу жөнінде петиция жазылғаны белгілі. Петицияда алматылықтар әкімнің қиын-қыстау кезде елге тұтқа бола алмағанын баса көрсетті. Артынша, Сағынтаев креслосынан  сырғып түсті. Дәл сонымен бір мезгілде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шымкенттің әкімін отставкіге жіберуді сұранған петиция жазылып, оған онлайн платформада қол қою басталды. Шымкенттіктер де Әйтеновтың төтенше жағдай кезінде жоғалып кеткенін, күрделі кезеңнің сынағынан өте алмағанын алға тартты.   

– Шымкент үшін ең қиын күндері қаланың әкімі көпшілікке арналған алаңнан жоғалып, өзінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанды халыққа шығарып салды, – делінген петицияда. Хатты жазушылар Шыңғыс Мұқанға  да кінә артады. Олар – Ш.Мұқанның былтыр Наурыз тойын тойлауға бөлінген жарты миллиард теңгенің дауы үшін әлі күнге дейін есеп бермегенін еске салады және қала әкімінің бірінші орынбасары туралы «шымкенттіктер арасында өте күмәнді беделге ие» деп жазыпты.

Қаңтардағы бүлік кезінде Шымкентте қалалық әкімдік, басқа да мәдени, кәсіпкерлік нысандар бүлінді. Осындай аласапыран кезде Әйтеновтың көрінбей қалғаны рас. Оның себебі әлі айтылған жоқ (себеп қана емес, осы оқиға кезінде қанша адамның қаза тапқаны туралы не билік, не құзырлы органдар ақпарат таратпай отыр. Бұл мәселеге алдағы уақытта арнайы тоқталамыз). Петицияда Әйтеновтың ипподромды жуырда президенттің өзі айтқан олигополияға жақын құрылыс компаниясының мүддесі үшін талқандап тастағаны, Шымкент жолдарындағы жағдайды одан әрі ушықтырғаны, тіпті оның кезінде балалар алаңшалары бұзылып, оның орнына жеке клиника салынғаны да келтірілген.

– Бұл Шымкент қаласының қазіргі әкімінің толық дәрменсіздігін айғақтайтын «ерліктерінің» шағын ғана тізбесі, – делінген петицияда. Сөз соңында петиция жазғандар президенттен Әйтеновті қызметінен  босатып, оның орнына шымкенттіктердің сенімі мен қолдауына ие дана саясаткерді тағайындауды сұраған.

Петицияға осы уақытқа дейін –522 адам қол қойды. Бұл аз ба, көп пе? Егер салыстырмалы түрде алып қарасақ,  Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаевты қызметінен кетіру жөніндегі петицияға күні кешеге дейін 26 мың адам қол қойған екен. Екіарадағы айырмашылықтың әжептәуір екендігі бірден көзге ұрады.

Біз осы жөнінде біраз азаматтардың пікірін сұрап көрген едік. Солардың бірі – қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғам белсендісі Жанысбек Өтеген петицияны қолдайтындығын білдірді.

– 2020 жылы бір топ қоғамдық ұйым өкілдері әкімге кіріп, коронавирусқа қарсы күресті жеделдетуді талап етіп, індеттің өте тез тарап жатқанын ескерткен болатын-ды. Сол кездегі Әйтеновтың командасы «бәріне дайынбыз» деген еді. Кейінірек дайындықтың қандай дәрежеде екендігін көрдік қой. Ауруханаларда  не маска, не қолғап жоқ, құрал-жабдық жетіспейді. Ыстықты түсіретін қарапайым дәрі таппай, жұрт сандалумен болды. Қаншама адам қырылып кетті. Кешегі қаңтардағы оқиға кезінде жұрт митингіге жетіскеннен шыққан жоқ. Көпшіліктің әлеуметтік мәселелері шешілмеген. Егер қала басшысы осыған дейін халықты қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдап, заң шеберінде шешіп бергенде, бұлай болмас еді ғой. Қазіргі әкімдер митингіден қорықпауы керек. Мен 2009-2011 жылдары коммуналдық қызметтердің тарифін түсіру үшін екі рет митингі ұйымдастырғанмын. 300 адам қатысты. Ақыр аяғында, тарифті бұрынғы қалпына түсірдік. Сол сияқты билік халықпен тіл табысып, мұң-мұқтажына құлақ түрсе, дер кезінде әрекет етсе, шешілмейтін мәселе жоқ. Әйтеновтың өзінің не орынбасарларының қабылдауына қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде мен кіре алмаймын. Басқалар қалай кірсін?! Сондықтан менің ойымша, мәселе шеше алмайтын, елмен тіл табысып жұмыс істей алмайтын  Әйтенов қызметінен кетуі тиіс, – деді Ж.Өтеген.

Ал қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаевтың ойынша, соңғы жылдары Шымкентте дәл Әйтенов сияқты іскер әкім болмаған.

– Алғашқыда «өмірінде әкім болып көрмеген азамат мегаполисті басқара алады ма?» деген алаңдаушылық болған еді. Алайда Әйтенов жұмысты жақсы алып кетті. Ел басқару, жұмысты ұйымдастыра білу қабілетінің барын көрсетті.  Жұмыс істемейтін адамға ғана ешқандай сын айтылмайды.  Екі жылда қаланың бюджеті үш есеге өсті. Қонаев даңғылын ұзарту, жолайырық салу бұған дейін жоба күйінде тұрған еді. Соны Әйтенов іске асырып жатыр. Шалғайдағы шағын аудандардың ауыз су, газ, жол, жолаушылар көлігі сияқты әлеуметтік проблемалары кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Ал ипподромның мәселесіне  келетін болсақ, мен бұл істің басы-қасында жүрдім. Мердігер компания өзінің берген уәдесін орындап, қалада жаңа атшабар салып жатыр. Әрине, жұмыс барысында кемшіліктер де болады. Менің бұл пікірлерім, петиция жазып жүргендерге ұнамайтын шығар, бірақ қай кезде де шындықты, әділдігін айту керек деп есептеймін, – деді депутат.

       Петиция жазылғалы бері Шымкент әкімінің жұмысы қауырт болып кетті. Әйтенов күнде таңертеңнен бастап ел аралайды, халықпен кездеседі, талап-тілектерін тыңдайды. Түс қайта басқарма басшыларының есебін алады. Оның арасында кәсіпкерлермен кездеседі, қаладағы құрылыс нысандарын аралайды. Әйтеновтың дәл қазіргі әрекеті бір жаққа кететін адамға ұқсамайды. Дегенмен кім біледі?

Жуырда президент «Хабарға» берген сұхбатында Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қаңтар оқиғасы кезінде өте қиын жағдайға тап болғанын, өзіне тиесілі жұмыстарды адал атқарғанын алға тарта отырып, бірақ петиция жазған халықтың көңіл-күйін де ескерусіз қалдыруға болмайтынын айтқан еді. Арада екі-үш күн өткенде, Алматының әкімі орнынан алынды. Президент шымкенттіктердің де көңіл-күйін ескере ме? Әйтеновтың де креслосынан ауып түсуі мүмкін бе? Мұның бәрі алдағы күннің еншісінде.

Тегтер: халық нарық әлеумет ахуал еңбек нарығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жарлы БАЙҒАНИН 05:08
«Құдай маған форточкадан береді»
Сайт әкімшілігі 16.05.2022, 14:59
Мектептегі зорлық: ата-аналар іс жабылып қала ма деп қорқады
Бифат НҰРМАХАН 13.05.2022, 13:00
Бала құқығы – басты құндылық
Нұрболат ӘЛДИБЕК 13.05.2022, 10:45
«Көне Тараз» құлағалы тұр
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 13.05.2022, 07:59
BI Group-тың былығы тексерісті қажет етеді
Сайт әкімшілігі 12.05.2022, 18:50
ҚР Кәсіподақтар федерациясының республикалық штабының алғашқы отырысы өтті

Аңдатпа


  • Мәскеуменен Тәшкеннен көш келеді
    12.05.2022, 08:30
  • Әскердегі әлімжеттік пе, әлде?..
    12.05.2022, 08:12
  • Сатылған бақтан бақ тайды ма?..
    12.05.2022, 08:07
  • Қазақша оқыт балаңды!
    05.05.2022, 05:30
  • "Өгіз мүдде"
    05.05.2022, 05:27