Жаңа Қазақстанның жаңа Мәжілісі туралы әңгіме
30.03.2023, 05:34
2532
Сонымен, ай бойы күткен, алашапқын болған сайлау өтті. Мәжіліске баратын «су жаңа» депутаттардың аты-жөні анықталды. Алайда әлеуметтік желіде кандидаттарға айтылған сын, тағылған мін көп. Мәжілістің жаңа құрамына әлі де болса көз үйрене қоймағандай. Қоғамдық пікір де әртүрлі. «Сайлау қалай өтті, лайықты кандидаттар барды ма?» деген сұрақтарды бұрынғы сенатор Мұрат Бақтиярұлына қойдық.
–Мұрат аға, партиялық тізіммен Мәжіліске баратын азаматтардың аты-жөндері жарияланды. Өзіңіз де танысып шыққан боларсыз?.. Көңіліңізден шыққан кандидат бар ма?
–Көңілден шыққан депутаттар бар, әрине. Жоқ деп қу шөппен ауыз сүрте алмаймын. Бірінші кезекте Асхат Аймағамбетовты айтар едім. Өз саласының білікті маманы. Одан кейін, Жұлдыз Сүлейменова да білім саласының білікті маманы. Қаржы саласы бойынша Татьяна Савельева Қазақстандағы білікті қаржыгерлердің бірі. Заңгер Марат Башимов деген азамат бар. Ол да өз саласы бойынша білікті. Ауыз толтырып айтатын осы төрт-бес депутат бар.
–Жеке мандатпен өткендерден ше? Мысалы, жұрт Ермұрат Бапидың Мәжіліске барғанын кәдімгідей ес көріп отыр. Әлде бұл да келісіп пішілген «кеңес» пе?
–Ермұрат Бапидың Мәжіліске өткені өте дұрыс болды. 25 жылдан бері тәуелсіз бағытта, билікпен айтысып-тартысып, соттасып келе жатқан азамат қой. Жүйеге байланысты көзқарасын ашық білдіріп жүрген журналист. Өз ұстанымының жолында қаншама рет әкімшілік жаза қолданылды, айып тағылды, қамалды. Қандай қиын жағдай болса да, қандай келісім жасалса да, Ермұрат Бапидың Мәжіліске өткенін өз басым дұрыс деп есептеймін. «Президент әкімшілігімен келісілген әңгіме» дегенді менің де құлағым шалған. Бірақ басы-қасында болмаған соң, артық пікір айтудан аулақпын. Бір жағынан Бапидың 25 жылдан бері табандылықпен билікке қарсы қызмет етіп, тәуелсіз басылым шығарған ерлігіне құрметпен қарау керек деп есептеймін. Бұл соның бодауы деуге де болады.
Менің жеке ойым – Парламентке әр саланың білікті мамандары баруы керек. Олар өз саласын жақсы біледі. Өз саласына қатысты артық-кем дүниелерді жақсы түсінеді. Мұны неге айтып отырғанымды түсіндіре кетейін. Осы жолғы Мәжілістің құрамынан бірнеше журналист пен блогерді қатар көріп, қарным ашып отыр.
–Бұл сұрақ менде де бар еді. Осы жолғы Мәжілістің құрамында заңның тілін білетін заңгерлер мен экономиканың тамырын басатын экономистерден гөрі, сөзге жүйрік, тілге төселген біздің әріптес – журналистер мен блогерлердің саны басымдау сияқты көрінді.
–Парламентке журналистердің барғанына қарсы емеспін. Бірақ бірнеше журналист пен блогердің, айтыс ақындарының қатар баратын жері емес Мәжіліс деген. Ешкім ренжімесін, осы жағы көңіліме қонбады. Журналистика дегеніміз аясы тар сала ғой. Ал Мәжіліс деген ауқымды қызмет. Мәжіліске жақсы жазатын, жақсы сөлейтін тілші емес, заңды білетін білікті заңгер керек. Анау блогерлер мен айтыс ақыны не біледі, Мәжіліске барғанда не бітіреді? Кезінде сол айтыс ақындары мен блогер, журналистер өздері билікті сынап-мінеп жүрген жоқ па еді? Енді өздері барды сол орынға. Кезінде мені де осы журналистер талай сұхбатқа шақырған. Олар сұхбат алғаннан басқа не біледі? Бір ауылға әкім болып көрді ме? Немесе бір заңды басынан аяғына дейін оқып-танысты ма екен? Жоқ. Мемлекеттік мекемеде де қызмет етіп көрген жоқ қой. Нартай, Мақсаттар үкіметті сынаса, енді сендер оларды сынайсыңдар. Өмір – кезек деген сол...
Сайлаудан өткен депутаттардың ішінде аспандағы айды, жұлдызды алып беремін деген азаматтар болды. 12 жыл Сенат пен Мәжілісте жұмыс істеген тәжірибелі азамат ретінде айтарым, оның бәрі бос сөз. Уәденің бәрі түптеп келгенде бюджетке тіреледі. Жол салу, үй алып беру – атқарушы биліктің шаруасы. Депутаттар қалтасынан ақша шығарып жыртықты жамамайды. Парламентке өткен депутаттың қызметін түсініп алуымыз керек. Парламент, бірінші кезекте, мемлекетке керекті заңдарды қабылдайтын орган. Сондықтан Парламентке көп жағдайда заңгерлер мен экономистердің өткені дұрыс. Онда да жастар емес, тәжірибелі, орта жастан асқан азаматтардың барғанын құп көремін. Кемінде 20 жылдық тәжірибесі бар заңгер мен экономистер Парламентке барса дұрыс болар еді.
–Бақтықожа Ізмұхамбетов сияқты ма?
–Иә. Ізмұхамбетов – екі облысты басқарған, Мәжілістің спикері болған азамат. Өзі мұнайшы, инженер. Оң-солын білетін, елге сыйлы, мемлекетке қызмет етіп жүрген тәжірибелі адам. Менің айтайын дегенім, Парламентке баратын азаматтардың жасына шектеу қоймау керек. Керісінше, жасы келген, әбден ысылған, жұмыстың ығын білетін, ақылы піскен, тәжірибелі мамандарды апару керек дер едім. Шетелдерде жасы сексеннен асқан депутаттар әлі қызмет етіп жүр.
–Халықтың көзқарасын, әлеуметтік желідегі жазбаларды көріп, біліп отырмыз. «Аманат» екі жеп биге шықты деп жатыр. «Халыққа сүйкімі кетпеген бұрынғы «аманаттықтарды» жеке мандатпен – бір, шамасы жетпейтіндерді партиялық тізіммен екі өткізді» дейді. Осыған келісесіз бе?
–Біз Орталық Азиядағы мемлекетпіз. Айналамыздағы көршілеріміз авторитарлы мемлекет. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан – мұның бәрі бір адамның билігіне байланған елдер. Соңғы бір жылда бізде көптеген заңдарға қол қойылып, демократияға қадам жасалып жатыр. Дегенмен, осы сайлауда ескі Қазақстаннан қалған кейбір заңсыздықтар мен әділетсіздіктер болды. Біз алдымен осы сайлау жүйесін өзгертіп, сайлаудағы заңсыздықтар мен әділетсіздіктерді жоюымыз керек еді. Ұрлық деген жақсы әдет емес қой. Теңге ұрласаң да, тебен ұрласаң да ұрлық. Ал дауыс ұрлау дегеніміз – бір адамның ақыл-ойын, сайлау құқығын ұрлау деген сөз. Бұл – қылмыс! Болашақта сайлауда дауыс ұрлау, дауысты дұрыс санамау сияқты заңсыздықтардың бәрін әкімшілік жаза ретінде емес, қылмыстық жаза ретінде қарастыру керек деп есептеймін. Мына сайланған депутаттар сондай заң жасауы қажет! Президент бірнеше рет «Сайлау әділ өтсін. Сайлауға атқарушы органдар араласпасын» деді. Бірақ орындалмады.
Енді сіздің сұрағыңызға келсем, «Аманат» партиясы – бәрібір билік партиясы. «Аманатқа» дауыстың бұрмаланып берілгенін ешкім жоққа шығармайды. Дауыс ұрланбаса да, «Аманат» жеңуі мүмкін еді. Дәл қазіргідей айқын басымдылықпен болмаса да, итжығыспен түсер ме еді. Өйткені, басқа партиялардың көбінің аты бар да, заты жоқ. Халық «Аманатты» ғана біледі, таниды. Барды – бар деп айтайық. Көп дауыс алғаннан «Аманат» абырой жинаған жоқ. Партия болашақта осыны ұмытпауы керек!
Менде тағы бір ой бар. Айналдырған 20 млн халыққа, оншақты облысқа саны бар, сапасы жоқ шұбырған көп партия керек пе? Меніңше, келешекте Қазақстан екі партиялы жүйеге көшкені дұрыс. Мұндай жүйе Англияда бар. Екі партиялы жүйе болса, біреуі билік партиясы болады, екіншісі оған оппозициялық партия болады. Билік партиясының кемшілігін айтып отырады. Оның үстіне, біздің мемлекетте көппартиялық жүйе әлі қалыптасқан жоқ қой. Ондай мәдениет те қалыптаспаған. Халық партияларды білмейді. Ал партиялар сайлау кезінде ғана тіріледі. Келешекте Қазақстан үшін қоспартиялық жүйеге ауысқан көп тиімді. Парламентте жұмыс істеген, тәжірибелі адам ретінде айтарым осы.
–Жаңа Қазақстанды жаңа кандидаттар жасауы керек. Бірақ Мәжіліс – Мәжіліс болғалы Нұртай Сәбилянов бар еді, әлі жүр. Бұл тізіммен, ескі кадрлермен Парламентті көгерте аламыз ба?
–Қазақстанның көлеңкесінде ескі Қазақстанның тұратыны сияқты, қазіргі жүйе адамының арғы жағында бұрынғы жүйенің адамдары тұрады. Жұмыс жасайтын азаматтарды ескі-жаңа деп жүйеге бөлу дұрыс емес. Депутаттың ұстанымы мен кісілігіне қарау керек. Сәбилянов Мәжілісте болған кезінде көптеген өткір заңдардың қабылдануына қатысты. Әңгіме Сәбиляновта да емес. Жаңа, Ескі Қазақстан деген жоқ, бір ғана Қазақстан бар, соны ұмытпайық!
–Бұл жолғы сайлауда бір мандатты округтерде ағайынгершілікпен інінің ағаға жол беруін де көрдік. Рысбек Сәрсенбаевқа Қайрат Нұрқаділов жол берді. Артынша осы округтен сайлауға түскен Ардақ Назаровқа да «жол беру» туралы үндеу жасағандар болды. Бұл қандай тенденция жалпы?
–Сайлау деген жарыс, бәйге. Аламанға тұяғы болат тұлпар да, қаба жалды жабы да қосылады. Сайлау да солай. Бұл адамның ақыл-ойының, парасатының, танымалдылығының, саяси біліктілігінің бәйгесі. Алматы облысының №11 сайлау округі бойынша түскен азаматтардың ішінде Рысбек Сәрсенбаевтың жасы да, өмір тәжірибесі де, саяси біліктілігі мен танымалдылығы жағынан да басқаларынан оқ бойы озық еді...
Осы арада бір тарихи әңгімені қыстыра кетейін. Әлихан Бөкейханов депутат болу үшін сайлауға Семей өңірінен түсіпті. Ол жақтағы найман ағайындар өздерінің бір мықты азаматын дайындап отырған екен. Бөкейханов Семейді аралап, ақсақалдарымен кездескеннен кейін, найманның шалдары Әлихан тұлғасының биік, білімді, тәжірибелі азамат екенін көріп, бір ауыздан Бөкейхановты сайлапты. Бұл тарихи факт. Бұл сайлаушылардың саяси өресіне байланысты әңгіме. Осы арада мен Рысбек Сәрсенбаевтың Мәжіліске өткенін қалаған едім. Текті әулеттің тұқымы, марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың ағасы, ардагер журналист, саясаткер дегендей. Жасы да келген азамат. Сәрсенбаевтың барғанынан Мәжіліс ұтпаса, ұтылмас еді. Қарсыластары Әлиханды сайлаған семейліктердің азаматтығын қайталағанда, бұл бір тарихи таңдау болар еді. Дауыс бөлінді, әңгіме бітті.
Қазақстанда бақылаушылар институты әлі де болса толық қалыптаспай отыр. Сайлау кезінде бақылаушылар институты жақсы жұмыс істеуі керек. Әрбір округте, әрбір сайлау учаскелерінде бақылаушылар отыруы керек еді. Сондықтан сайлау туралы заңды жетілдіру керек. Сайлау аяқталғаннан кейін сайлау комиссиясының құжатына бақылаушылардың қолы қойылуы керек. Сайлау туралы қазіргі заңда ондай талап жоқ. Бақылаушының қолы болмаған соң, сайлаудың әділ өткенін немесе заңсыздығын кімнен сұрайсың?
–Партия ішіндегі іріктеуге билік араласа ала ма? Оны сұрап отырғанымыз, ЖСДП-ның отымен кіріп, күлімен шығып жүген, партия төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай мен «Ауылдың» атын оздырған Дәулеткерей Кәпұлы өтпей қалыпты. Мұны да трагедия жасап жатқандар бар.
–Меніңше, партия кімдерді өткізуді өзі шешуі керек. Бірақ бұл жерде екінші бір күш араласқан сияқты. Оны сырт көз ретінде мен де байқадым. Бұған дейін сондай екінші күштер араласып келген. Бұл жолы олай болмауы керек еді...
Жалпы бұл жолғы сайлауға деген көзқарасым орташа. Сайлауды бұдан да әділ, бұдан да ашық өткізуге болар еді. Сайлау учаскелерінің жасақталуы мен қаржыландырылуында еш мін жоқ. Өткізілу процесінде: дауыс ұрлау, дауысты дұрыс санамау жағында кемшіліктер көп. Тіпті, кейбір жерлерде парақшалар салынған жәшікті алып қашып кеткен деректер де кездесті. Бұл қылмыс қой. Осындай заңсыздықтар халықтың сайлауға деген сенімін жоғалтады. Сенім болмаған жерде таңдау болмайды.
–Әңгімеңізге рақмет!
Аптаның диалогы
Су жаңа мәжілісмен Ардақ Назаров пен журналистердің диалогы:
–Қаңтарда оқ атқан, оқ атуға бұйрық берген және азаматтарды жауапқа тартуды талап етесіздер ме?
–Аман болыңыздар. Алла елге тыныштық берсін.
–Сайлау әділ өтті ме?
–Әділ өткен шығар.
–Учаскелерде заң бұзылғанын көрдіңіз бе?
–Көрмедім. Интернетті ақтарып басымды ауыртпаймын.
–Депутаттық орынға лайықпын деп ойлайсыз ба?
–Бұл Алланың бұйырғаны ғой.
–Депутаттыққа түсу кімнің ұсынысы?
–Әкеммен ақылдастым. Батасын берді.
–Депутаттық арманыңыз ба?
–Арманым емес, халыққа қызмет ету – міндетім.
–Парламентте нақты қандай мәселені көтересіз? Жоспарыңыз бар ма?
–Жастарды тәрбиелейміз.
–Қалайша?
–Бұрынғыдай.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР