Әкімдер аяқ баспаған атаусыз ауылдың болашағы бар ма?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

29.10.2021, 09:03

1138

Атаусыз қалғаны айдан анық.  Ныспысы жоқ елді мекендегі қарашаның тірлігі де тұралаған. Қараң қалған ауылға шенді-шекпенділер, әкімдер аттап баспағаны анық. Шерменде болған халықтың күйін естіп, көретұғын депутаттар да қарасын батырған.

  – Ауылымыздың әлі күнге дейін ресми құжаты жоқ. Картаға енбей қалған. Бұл күнде көлік жүргізушілері қолданатын қарапайым «Гисте» бағыты көрсетілмейді. Малмен күн көріп отырмыз. Жайылым жер сұрасақ, «ауылдарыңның атауы жоқ, жер берілмейді» деп өтінішімізді кері қайтарады, – дейді  дәрмені таусылған атаусыз ауыл тұрғыны Рахат Мұхамедияров.

Ескерусіз қалған ауыл Бұқар жырау ауданының иелігіне қарайды.  Соған қарамастан, Қарағандының Октябрь ауданының құрамына енетін Сұрыптау станциясының іргесінде орналасқан. Алайда мекенжайы бекітілмеген елдегілер Тұзды ауылының бір көшесі ретінде есепке алынған. Ен далада бүгінде 50 отбасы тұрып жатыр. Тұрғындардың дені өз қандастарымыз. Бастарында үйі бар, айналасы маңғаз дала дегені болмаса, мұндағы ағайын малға өріс, жанға тірлік таппай дал болып отыр. Тұрғындардың айтуына қарағанда, екі жыл бұрын сырттан келген шаруа қожалығының иесі аумағы 1700 гектар шұрайлы жерді егістік алқапқа айналдырған. Елдің сөзінше, құныққан қожайын бұдан бөлек, біраз шүйгінді аумақты иемденіп үлгерген көрінеді. Алдағы жылдары  мал шаруашылығын қатар дамыту жоспары бар екен. Жергілікті халық аудан басшыларының алдына сан мәрте  барып, базынасын айтып көмек сұраған. Бірақ билік  жер иелерімен бітімгершілік жүргізуге бейқамдық танытқан. Осылайша қаңыраған ауылдағы қараша мал жайылымынан құр алақан қалды. Шарадай  басы шақшадай болған бұқара енді қиындықтан өз күштерімен шығуға талпынуда.

– Бізге небәрі 1200 гектар жер берілді. Таудың тастақ төбесінде малымызды көзден таса қылмай бағамыз. Бір түйір шүйгін шөбі жоқ, қараған қаптаған жер. Жарықтық, малымызға обал болды, – дейді ауыл тұрғындары.

Халық қанша зар қақса да, үміт аз. Аудан басшылары тұрғындарға қосымша жайылымдық жер берілмейтінін шегелеп айтты. Ұсынылған жер аумағын қалайда кәдеге асыру керек деп шорт кесті.

– Дөңес тауларға мал жайылған соң, жері тозып, шөбі таусылып қалған ғой.  Егістік жерді бере алмаймыз. Мәжіліс, сенат депутаттары елді мекеннен  5-15 шақырымға дейінгі жерді егістік алқапқа айналдырмау жөнінде мәселе көтерген. Бірақ ол заң жүзінде әлі бекіген жоқ, – дейді бұлыңғыр жауап қатқан Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардақов.

  Мал мен жанның амандығын сұрайтын салт мұнда да аңғарылады. Жан демекші, жанның саулығы, бастың амандығы ауыл адамдарын қатты алаңдатып отыр. Көзден таса, көңілден ада қалған елді мекендегі балалар көрші Сұрыптау станциясына барып оқып жүр. Бәрінен бұрын науқастарға қиын.  Сырқаттарға жедел жәрдем көлігі жарты тәулік жүріп жетеді.

      – Сұрыптау станциясынан небәрі төрт шақырым қашықта тұрамыз. Науқастарға жедел жәрдемді таңертең шақыртсақ, түсте келеді. Өміріне қауіп төніп тұрған ауруларға жеделдетіп жеткен сиқы сол. Дене қызуы көтерілгендер мен ағзасы ауырған кісілерге кешкі  сағат 5-6 да бір-ақ  жетеді. Менің жүрегіне ота жасатқан мүгедек балам бар. Дәрігерлер келгенше, жаным жай таппайды, – дейді дәрменсіздің күйін кешкен тұрғын Айгүл Жүнтаева.

         Аудан басшыларының айтуынша, әлеуметтік басқару нысаны, инфрақұрылымы тозған елді мекенге әзірге дербес ауыл мәртебесі берілмейді.

        Өткен ғасырдағы отызыншы жылдардың таз кейпін киген қандастардың ендігі халі не болмақ?  Әлде Қазақстанның ең ұзақ көшесінің тұрғындары болып  қала бере ме? Егер олай болса, болашақта атауы жоқ ауыл айды аспанға шығарып, Гиннесстің  рекордтар  кітабына енбесіне кім кепіл?!

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 15:03
Желтоқсан оқиғасына арналған тағы бір кітап жарық көрді
Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 08:17
Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 07:51
«Сен менімен «служить» етпейсің!»
Сайт әкімшілігі 19.05.2022, 15:09
Партияның ауқымды электораты референдумды қолдауы керек – Е.Қошанов
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 19.05.2022, 08:40
Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
Сайт әкімшілігі 18.05.2022, 12:15
Ташкентке Алматыдан пойыз қатынайды

Аңдатпа


  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20
  • Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?
    18.05.2022, 06:17