Әкімдерге 2 млн теңге, халыққа 10 жұмыртқа

                                      Үкімет солай дейді

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

23.11.2021, 09:11

1931

«Тоқ бала аш баламен ойнамайды, тоқ бала аш қалам деп ойламайды» демекші, кейде біздегі «тоқ балалардың» кейбір әрекеттері мен сөйлеген сөздері, расында да, олардың «аш бала» – халықтың жағдайын жете түсіне бермейтінін, олармен «ойнамайтынын» да, тіпті, «ойламайтынын» да аңғартады. Кейбір шенеуніктеріміздің «шалықтап» сөйлеуі халықтың наразылығын тудырса, енді бірінің сөзі езуіңе күлкі ұялатпай қоймайды. Жақында үкімет отырысында баяндама жа­саған Ұлттық банк төрағасы <a href=«aikyn.kz/157570/erbolat-dosaev-baga-kay-kezde-tomendeytinin-aytty/» style=«font-family:»Times New Roman",«serif»; color:blue; text-decoration:underline" target="_blank">Ерболат Досаев

 елі­мізде жалақының өсуі <a href=«lenta.inform.kz/kz/inflyaciyaga-karsy-areket-azyk-tulik-satushylar-ushin-zhaldau-akysyn-tomendetu-men-baska-da-kadamdar_a3833276» style=«font-family:»Times New Roman",«serif»; color:blue; text-decoration:underline" target="_blank">инфляцияға кері әсер ете­тінін айтты. Ақшаның құнсыздануын, қымбатшылықты ай­лықтың өсуімен байланыстырған бас бан­кир­дің пікірі, шыны керек, көпшілікке күлкілі естілді.

Мұғалім мен дәрігердің жалақысына қосылған тиын-тебеннің арқасында ақша құнсызданып, ел басына қымбатшылық орнап жатыр деп санасақ, сонда айлығы жылдап көтерілмейтін басқа халықтың обалы кімге? Егер бас банкирдің өзі инфляция мен қымбатшылыққа басты кінәлі «айлық» деп тапса, онда жалақымыз мәңгі көтерілмейді, халықтың да әлеуметтік жағдайы ешқашан жақсармайды деген сөз емес пе?!  

«Күні-түні істеп, көмір алсам деп едім»

Шыны керек, ай­мақ­тарда әр саладағы жұмысшылар «жалақы аз» деп наразы болып жүр. Кеше ғана Алматы қаласындағы зауыт жұмысшылары бірінің 100 мың теңгенің айналасындағы айлығын еселеу үшін зауытта күн-түн қонып істеп, ең соңында есінен танып құлағанда, «осы бір ай шыдап, күні-түні жұмыс істеп, көмір алғым келіп еді», деген сөзін естігенде, не дерімді білмедім. Жанын жеп тапқан 160 мың теңгенің өзі ең соңында көмір түгіл, емделу үшін дәріге жетпей қалғанын естігенде, шыдап тұра алмай ауруханадан шығып кеттім. Бұл миллиондаған қазақтың басында бар жағдай. Аз айлығын күнкөрісіне жеткізу үшін қосымша жұмысқа жегіліп, қымбатшылыққа төтеп беру үшін зорығып жүрген бір халық. Жалақысы күнкөрісіне жетпек түгіл, бір жыртығын жамамайтындықтан, талай қазақ соғымды ұмытып, «қыстан қатып қалмай, шықсақ болды» деген өлместің күнін көріп жүр.

Ал бас банкирдің айтуынша, қазақстандықтардың жалақысының өсуі қымбатшылық шақырып отыр екен. Тойынғандар не демейді, көмір жақпайтын, бір жалақысы миллионның үстіндегі, отырған креслосымен-ақ талай мәселесін шешіп алатын шенеунік осы елде жалақысы жанбағысқа жетпейтіндердің барын білер деймісің… Олардың көп жерде бағаны өз айлығының мөлшерімен есептеп, жалпы жағдайды өз жалақысымен өлшері анық. Сондықтан миллиондап алатын шенеунік елдегі қымбатшылықты да қалыпты санайды. Сол оймен «шалықтап» әр нәрсе айтады. Ал сол сөзін миллиондаған халықтың жылап отырып оқитынынан да бейхабар.

«Жалақым 1,9 есе көбейді»

Жалақының өсуі демекші, жуырда орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жалақысының мөлшері туралы: «Жалақым заңға сәйкес, 986 мың теңге деп белгіленген. Сол сияқты биыл факторлық-балдық шкала бойынша 1,9 есеге көтерілді. Бірақ еңбек демалысын алғаным бар. Өйткені екі жыл демалмаған едім. Қазіргі жалақымды есептейтін болсақ, 986 мыңды 1,9-ға көбейтсек, 1,8 млн теңге мөлшерінде болады», – деді. Бәлкім, Досаев бір көтерілгенде, миллиондап көтерілетін әкімдердің жалақысын меңзеп отырған болса, онда Қазақстанда шенеуніктер ғана емес, айлығы шайлығына  жетпейтін қара халық та тұратынын ескерсе деген тілегіміз бар. Ал өңір халқының малы қырылып, экологиясы республика жұртын алаңдатып отырғанда сол мәселелерді шешуге, алдын алуға тырыспаған әкімдердің  жалақысы неге өсуі керек?!

Туризміне миллиардтап жұмсаған қаржы ақталмаған өңір – Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жалақысы да, орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, 1 миллион 900 мың теңге екен. Осы орайда, айта кетер жайт, соңғы бірнеше жылда Түркістан облысының туризм саласына бұрын-соңды болмаған инвестиция құйылды. Finprom.kz сарапшылары келтірген мәліметке сенсек, екі жылда өңірге салынған инвестиция көлемі 200 миллиард доллардан асады екен. Алайда туризм саласы бойынша деңгейі еліміздің көптеген өңірлерінен айтарлықтай, төмен дәрежеде қалып қойып отыр.

2019 жылға дейін облыстағы өнер, ойын-сауық және демалыс саласына салынған инвестиция 8 миллиард теңгеден аспаса, 2020 жылдың өзінде дәл осындай сома бірден 125,3 миллиард теңгені құраған. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Түркістан облысында бұл салаға құйылған инвестиция көлемі 80,8 миллиард теңгені құраса, еліміздің қалған 16 өңірінде 86 миллиард теңге инвестиция тартылған. Осылайша, тек бір аймаққа салынған инвестиция Қазақстанның барлық басқа аймақтарына, соның ішінде, мегаполистер мен курорттық аймақтарға салынған инвестициямен салыстыруға болады. Алайда халық наразылығын тудырып, ресейлік блогерлердің де сынына тап болған қаладағы құрылыстардағы кемшілікке қарамастан, туризмі тұралап қалған өңір әкімінің жалақысы еселеп өсіп жатыр. Осыдан кейін Досаевтың «жалақының өсуі қымбатшылыққа әсер етіп отыр» деген пікірінің кімдерге бағытталғаны да түсінікті секілді. Халық шөп тамырын қазып жесе де өзі білсін, шенеуніктеріміздің ғана «қарны тоқ, көйлегі көк болсын» деген пиғыл мемлекетімізді қай жерге дейін жеткізерін кім білсін.

«Мен үйден тамақ ішпеймін»

         «Қарны тоқ» дегеннен шығады, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев сенат отырысында отбасының азық-түлікке айына 200 мың теңге жұмсайтынын айтып, «Бұл сұрақ журналистерді неге сонша қызықтыратынын білмеймін. Расында, маған бәріміз бірдей өмір сүретін сияқтымыз. Менің отбасым басқа орташа отбасылар сияқты ақша жұмсайды. Әрине, 50 мың теңгемен өмір сүру мүмкін емес. Айына, шамамен, 200 мың теңге жұмсаймыз», – деді. Айына тамаққа 200 мың теңге жұмсайтын министрдің қарны тоқ екені белгілі, алайда жалақысы 200 мыңды маңайламайтын талай жанұяның балалары ашқұрсақ екенін, алма мен шұжық түсіне кіретінін білемін. Сондықтан, министр мырза, «бәріміз бірдей өмір сүрмейміз». Сіздің отбасыңыз сияқты талай «орташа отбасылар» азық-түлікке айына 200 мың теңге жұмсағысы келсе де, жұмсай алмайды.

Айтпақшы, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевке қарағанда, елдегі қымбатшылықтан хабары бар екені байқатты. Әйтпесе, Ерғалиевтің «айына азық-түлікке 50 мың теңге» жұмсайтынын естігенде, талай жұрт таңғалған болатын. Көзбояушылықтың жөні осы екен деп, өтірік айтудан ұялмаған министрдің сөзі біраз уақыт ел ішінде «хит» болған еді.

Атап өтер жайт, халық пен шенеуніктердің жалақысындағы осы бір алшақтық елімізде талай мәселе тудырып отыр. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Ulysmedia.kz порталына берген жауабында «Міндетті салықтар, сондай-ақ төлемдерді шегергенде, айына 1,9 млн теңгеден астам еңбекақы аламын», – деп жауап беріпті. Азық-түлікке жұмсайтын ақшасына байланысты «Мен Атырауда тұрамын. Алайда балаларым өсіп кетті. Олар Нұр-Сұлтанда. Менің әйелім кейде олармен, кейде менімен тұрады. Мен үйден тамақ ішпеймін» деген. Ырғалиев те жанұясының азық-түлікке жұмсайтын қаржысын білмесе, мейрамханадан іше салатынын мойындаса, әлдеқайда шынайы шенеунік көрінер ме еді?!  

Жалпы, әкімдер қай еңбегі үшін миллиондап жалақы алады? Құрғақшылықты «табиғи апат», тендерден ақылға сыймайтын цифрлармен ұсталып қалса «қате кетті» дей салатын шенеуніктеріміздің мәселенің алдын алып, «әкім бол, халқыңа жақын бол» қағидасымен қызмет етіп жүргенін мүлдем көрмейміз ғой. Қайта халқын естімегенсиді. Жақында ғана Жамбыл облысында дауыл салдарынан жасөспірім бала қайтыс болып, мыңдаған тұрғын жарықсыз, жылусыз қалғанда, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ержан Жылқыбаев халқын ұлардай шулатып бір апта бойы халықты тастай қараңғыда, суық үйде ұстады. Екі әкім «етігімен су кешіп» мәселенің қақ ортасынан табылмаса да қол астындағы қаншама құрылымды тиімді ұйымдастырып, дер кезінде бәрін қалыпқа келтіруге болар еді ғой. Суық тиіп тастай үйде жан баққан шиеттей бала шаға мен үлкен кісілердің обалы кімге?! Бәлкім, жалақысын халыққа еткен қызметіне, жауапкершілігіне қарай бекітсек, жағдай басқаша болар ма еді?! Әйтпесе, олар миллиондарды халықтың қарғысынан қорықпайтын терісінің қалыңдығына қарай алмайтын болар?

Иә, шенеуніктер ешқашан «аш қалам» деп ойламасы анық, алайда халқы 100 мыңның айналасындағы айлықты талғажау ететін, ал шенеунігі 2 миллионнан кем алмайтын елдің ертеңін ойлаудың өзі қорқынышты...

Айтпақшы, соңғы кезде Қазақстаннан шетелге қоныс аударушылар көбейіп кетіпті. Соның себебі не екен?..

  «Үш күнде бір жұмыртқа жеңдер!»

«Ең төменгі күнкөріс деңгейі» деген ұғым бар. Ең төменгі күнкөріс деңгейі адамның физиологиялық және әлеуметтік параметрлерін басшылыққа ала отырып есептеледі. Қазақстан үкіметі оны 36 118 теңге деп есептеген. Бұл соманың 55 пайызы – 19 865 теңгесі тамаққа жұмсалуы керек дейді. Қалған 16 254 теңгесі киім-кешекке, жол шығыны мен түрлі төлемдерге жұмсалады деп есептелген.

     – Біздің шенеуніктердің есебінше, Қазақстанның кәдімгі адамы  күніне 5 грамм немесе айына 167 грамм қарақұмық жеуі керек. Күніне 1 грамм өрік-мейіз, айына 10 жұмыртқа жейді. Бір жұмыртқа үш күнге. Бір айға деп есептелген азық-түлік себетін дүкеннен сатып алып көрдік. 19 865 теңге тамаққа жетпей қалды. Төлеген чегіміз 33 311 теңгені құрады. Бұл есептелген сомадан 60 пайызға көп.

       Сонымен қатар 16 254 теңге киім-кешекке, жол шығыны мен түрлі төлемдерге жетпейтіні де анық. Ендеше ең төменгі күнкөріс деңгейі мен азық-түлік себетін қайта қарастыру керек. Кемінде 60 пайызға көтеру керек. Соған сай, зейнетақы, стипендия, бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен басқа да базалық әлеуметтік төлемдер 60 пайызға көтерілуі қажет.

       Елде жалақының көтерілгені экономика үшін өте маңызды. Досаевтың айлық жоғары болған сайын инфляция күшейіп, азық-түлік қымбаттайды дегені таза өтірік. Мысалы, көбірек жалақы алған бюджет қызметкері ет сатушыдан ет алады. Ет сатушының әйелі сұлулық салонына барады. Ол ақшаны алған сән шебері өзінің автокөлігін жөндетеді, солай тоқтаусыз тізбек кете береді, біздің экономикамыздың ішінде. Қоғамда баға да солай қалыптасады. Жаңағы әрбір операциядан салық төленеді. Офшорға 140 миллиард теңге шығарғанша, осылай ақшаның ел ішінде айналғаны дұрыс, – дейді саясаттанушы Санжар Боқаев.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:54
Қайта құрудан егемендікке дейін: Теміртауда «Өзгерістер уақыты» көрмесі ашылды
Сайт әкімшілігі 12:52
Жезқазғанда «Мен – Жас Қазақстандықпын» қала жастарының форумы ұйымдастырылды
Сайт әкімшілігі 11:15
«Экопатруль» жобасы Семей қаласының экологиялық проблемаларына назар аударады
Сайт әкімшілігі 10:02
"Омикрон" штамы туралы алғаш хабарлаған дәрігер жаңа симптомдарды айтты
Сайт әкімшілігі 08:52
Коронавируспен ауырып жатқан 397 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 08:32
Лицензиясынан айырылған университет студенттердің құжаттарын қайтармай отыр

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30