Әкімдік мамандары жәрдемақы есептерде жіпке тізгендей тергеп түгендейді-көп балалы ана

«Мемлекеттің жәрдемақысы қайыршылық шегіндегі жандарға берілу керек пе»  

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

24.11.2020, 10:53

725

Ол  бір өзі қара нардың жүгін көтеріп, тоғыз баланы жалғыз   бағып- қағып отыр. Тұрақты жұмысы жоқ. Перзенттерінің біреуі  тумысынан мүгедек. Тауқыметі мұнымен шектелмейді.  Мекен жайы тұрақты емес, бала-шағасын шұбыртып,қаланың ой-қырын шарлап, көшіп қонып жүреді. 17 жылдан бері  жалдамалы  пәтерде тұрып келеді.  Қазір қосымша  кіріс болмаса, күнелту қиямет. Бұл отбасы мемлекеттен 200  мың жәрдемақы алады. Былай қарағанда, ауыз толтырып айтарлық қаражат болғанмен, ол қаржыны әр  бала шақсаңыз  20 мың теңгеден аспайды. Ауыз шаюға жетпейді. Әйткенмен,  Қарағандылық жалғыз басты ана Әсия Есмұқанова перзенттерін тоқшылыққа кенелтіп отыр. Қажырлы жан тігін курсын тәмамдап,  осы істен нәпақа табады.  Үйінде көрпеше тігіп,  жылы шұлық тоқып тиын-тебен тауып отыр. Азын аулақ түскен ақшамен нан-пұлын айырып келеді. «Қарекет түбі –берекет» деген. Биылғы жылы қала сыртынан  саяжай жалға  алған. Ала жаз бойы өсірген жеміс-жидектерден қысқа мол қор жинап, балаларынан артылған тосап пен түрлі қайнатпаларды таныстарына  саудалайды.   Жарнама бойынша сұраныс жасаған жандардың үйін жинап, тазарту жұмысын да атқарады. Табысын молайтуды көздеген тоғыз балалы әйел  кез- келген техниканың тізгінінде отыра алады. «Тіземнің сырқатына қарамастан, балаларым үшін  кез-келген  кәсіпті меңгеруге әзірмін»-дейді, ерге бергісіз батыр ана. Көп балалы ананың  хас батырларша қасқаюның жөні бар. Көлік жүргізіп көрмесе де,  жүргізушілер дайындайтын  курсты үздік үлгерімен тәмамдаған. Балаларын еңбекпен есейтіп келе жатқан  шешенің ісі  ұл- қызына өнеге.  Кәсіптік техникалық колледжде оқитын қос перзенті  сабақтан тыс уақытта және жазғы каникулда  отбасының табысын еселетуге қолғабыс тигізеді.  Бірі- тұлпар ұстайтын жекеменшік серіктестікте ат күтуші болса, ендігісі-көлік жуып жалданып жұмыс істейді.

« Мешіт сыйлаған кілемді кіріске аламыз»

Табысы мардымсыз көп балалы отбасылар үшін   атаулы әлеуметтік көмек алу қиямет қайым. Әкімдік мамандары  үйдегі көзге  көрінген әр қылқанды жіпке тізгендей тергеп түгендейді. Олар  бірде  шаңырағымдағы мешіт сыйлаған кілемді кіріске аламыз деп шүйлікті. Ақыры имандылық үйінен алынғанын растап санақтың санатына ілінуден дін аман қалдық.  Сонда, мемлекеттің жәрдемақысы қайыршылық шегіндегі жандарға берілу керек пе?  -деп қынжылды 9 баланың панасы.

Есмағанбетовтар 2007 жылдан бері  тұрғын үй кезегінде тұр.  Жақын арада  үміт оты ақталатын түрі көрінбейді. Көп балалы ана қала әкімінің орынбасарымен онлайн арқылы кездесіп, мұқтажының шешілетін уақытын   сұраған. Шахар шенеунігі  жақын  3 жылдың ішінде  баспана алмайсың  деп бірден кесіп айтқан.  

Балаға төккен тер ақталады

Бала -бауыр етің. Өміріңнің мәні, көңіліңнің сәні, ғұмырыңның жалғасы, қартайғанда рақатын, шаршағанда шәрбатың болатын баладан аянар не бар?

— Әттең, осыны ұғатын түйсігі бар  аналар азайып барады.  Сәл қиындыққа  кезіксе,  балаларын  алдына салып алып  алаңға барып аттан  салатын, одан қалды экранға шығып, мұтқыл ел алдында балаларының жан дүниесін тас-талқан етіп, балалар үйіне тапсырып жатқан әйелдердің іс-әрекетін  көргенде жүрегім қысылып,  есімнен танып қала жаздаймын. Қазақ қанша қасірет кешсе де,  баласы түгілі өзгелерді өзекке теппей теперіш көрсетпеген. Оған кәрі тарих куә.

Сол текті аналардың жұғыны бүгінгі қазақ  әйелдерінің бойында  қалмағаны аянышты-ақ.  Маған салса,  ананың құшағынан ажыраған  балалар үйіндегі барлық бейкүнә балғындарды бауырыма салып, бағар едім. Қағанағым қарқ, сағанағым сарқ  болмаса да, барар жері, басар тауы қалмаған  келіншектерге қолұшымды созып келемін. Қайырымдылық жасау  адамгершілік парызым деп санаймын.  Таяуда қалалық әкімдікке барғанымда,  сәбиін көтерген  жас әйелге көзім шалды. Жөн сұрай келе, оның  далада қалғанын білдім. Мүсәпір халге түскен  келіншекті екі баласымен екі ай үйімде  паналаттым. Өзім де, балаларым да мәз-мәйрам болып,  күнде мерекедегідей күй кештік. «Балалы үй -базар» деген рас.  Оларға басқа жерге қоныс аударып кеткенде көңіліміз құлазып, жанымыз жабырқап қалды.

 Нарық заманында жан бағу оңай емес. Мемлекеттің там-тұмдап берген жәрдемақысы  ордалы отбасыларды жарытпайтыны жасырын емес. Бірақ, бейіштей балаларына береке  іздеп тапқан бірегей аналардың  перзенттері алдында  қашанда  мерейі үстем.  Ал анаға баланың алғысынан артық бақыт бар ма?!

Тегтер: жәрдемақы әлеуметтік жағдай аз қамтылған отбасы қоғам заман

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мәлік ОТАРБАЕВ 16:07
БІЗ КҮТКЕН БАҚЫТ
Сайт әкімшілігі 10:33
Қазақстанның 8 өңірі "қызыл" аймаққа енді
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 13.04.2021, 09:44
Итке неге «иттік» жасадық?
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 09:25
Коронавирус жұқтырған 569 адамның жағдайы ауыр
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 09:14
Оқығанмен жағдай жасалмайды. Ауыл шаруашылығы мамандығын игергендер жұмыссыз қалып жатыр
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 08:58
Қазақстанда өткен тәулікте 2290 адамнан коронавирус анықталды

Аңдатпа


  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24
  • Ашынғаннан шыққан ащы дауыс
    09.04.2021, 09:03
  • Семейде 170 жаңа автобустың 70-і жүруге жарамай тұр
    08.04.2021, 09:08
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз? Досановтың романы: қайран тіл, қайран сөз
    06.04.2021, 09:16