Әкімдіктен қайран жоқ, Алматы облысында үшем тапқан ана балаларына пана таппай жүр...

Еңлік АБАҒАН

08.12.2021, 17:50

1188

 Осыдан бір жарым ай бұрын көксулық Ардагүл Әскербек үшемді дүние әкелді. Қазан айында үшемді дүниеге әкелген жас ана қазір балаларымен ауруханада емделіп жатыр. Оларға пневмония диогназы қойылған екен.

26 жасында көпбалалы ана атанған Ардагүл Әскербек – 6 баланың анасы. Қазанның 25-інде үшемді дүниеге әкелген. Шала туылған шақалақтар 1 айдан артық ауруханада жатып, денсаулықтары реттелгеннен кейін үйлеріне шыққан. Үшемнің анасының қуанышы көпке созылмаған көрінеді. Себебі, салқын әрі сыз тартқан үйден жаңа туған сәбилер мен өзі ауырып, ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта өкпесіне суық тиген көпбалалы ана үшеммен бірге ауруханада жатыр.

«Сәбилеріміз дүниеге келмес бұрын алдын ала қамданып, дайындықты бастадық. Бастапқыда үшем екенін білген уақытта қатты қорықтық. Алайда Алланың берген тәтті сыйы деп қабылдап, дайындыққа кірісе бастадық. Жолдасым екеуіміз жатын бөлмені кеңейттік. Сәбилер үйге келгенде барлығымыз сиямыз деген ниетпен. Бірақ күн салқындаған соң бөлме ылғал тартып, көгеріп кетті. Отынның жайы да дұрыс емес. Соның кесірінен балаларым және менің өкпеме суық тиіп, қазір ауруханада жатырмыз. Біз бұл мәселені аудандық әкімдікке барып айттық. Бірақ бізге кезектеріңді күтесіңдер деп кері қайтарды. Суық әрі сыз үйге енді қайта барғым келмейді. Өйткені үшемдер әлсіз, шала туылды. Қайта ауыртып алам ба деп қорқамын», – деген ана көз жасын жасыра алмады.

Оның айтуынша, салмақтары 1,7 келі болар-болмас балары күнде ине алады, дәрі-дәрмегі бар. Анализ тапсырғанда кішкентай ғана алақандарынан қан алған. Оған шыдамаған көпбалалы ана еріксіз жылап, неге олай болды екен деп өзінен кінә іздей бастаған көрінеді. Енді жағдайымыз жақсарады деген ниетпен шыққандағысы болғаны осы. Бірақ, ол жасымайды Алланың көзі түзу болып, балаларым ауырмаса екен деп тілейді. Шынымен де, қай ана бауыр еті баласының ауырғанын көріп, шыдап тұра алады?

– Күйеуім жиһаз жасаумен айналысады. Ана жерден, мына жерден бер деп айтпаймын. Ана үй суық болғаннан кейін шырылдап жатырмын ғой. Кезегім қашан келетіні белгісіз. Тым болмағанда жалдамалы пәтер алып берсе де көп көмек болатын еді. Балаларымның денсаулығы үшін қорқамын. Өйткені үшеуі де әлі тым кішкентай, ерекше күтімді қажет етеді. Аман-есен бір-екі жасқа толтырып алсам, бұлай алаңдамас едім, – дейді көпбалалы ана.

Бір шаңырақта 12 адам тұрады. Күнделікті тапқан-таянғандары азық-түлік пен баланың жөргегі, тамағынан артылмайды. Мұндайда үйді қайта жөндеу, пәтер жалдап тұру туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Жатын бөлмесін қайта қалпына келтіру үшін батареясын, пешін ауыстырып, қабырғасын қайта сылап, қайта қалаулары тиіс. Қыстың күнінде жөндеу жұмыстары туралы айтудың өзі артық болар.  Үшемнің есімін Гүлсая, Нұрсая, Нұрсыйла деп қойған ата-анасы ендігі балаларым жып-жылы үйде емін-еркін өссе деген арманын жасырмады.

Әкімдік не дейді?! 

Біз осы мәселе бойынша Көксу ауданы әкімдігіне хабарластық. Әкімнің баспасөз хатшысы Айгүл Айманбекова жас отбасыға әкімдік тарапынан көмек көрсетілгенін, ал үй мәселесі әзірге тек заң бойынша шешілетінін жеткізді.

«Ол келіншек бізде 182-ші болып кезекте тұр. Үшемнен бөлек оның тағы 3 баласы бар. Соның екеуін жаңа жылдан бастап балабақшаға тегін орналастыруға көмек береміз. Үшемді дүниеге әкелгендерге кезексіз үй беру жайы заңда қарастырылмаған. Тек кезекпен ғана ала алады. Ал бір жолғы жәрдемақысы қаңтар айының 10-да түседі. Әр сәби үшін 183 771 теңге төленеді. Бұдан бөлек бала күтіміне байланысты ай сайын бір балаға 25 962 теңге, яғни алты балаға айына 173 361 теңге алады», – дейді Айгүл Айманбекова.

Айта кетерлігі, Көксу ауданында соңғы рет үшем осыдан 15 жыл бұрын дүниеге келген екен. Жақсы, үй кезегімен алынады делік. Бірақ осындайда атқамінер азаматтар табылмағанына налисың. Әлде жомарт жандардың көпбалалы анаға үй алып беруге қауқары жетпей қалды ма? Немесе сәбилер ҚР тұңғыш президенті күні мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай  дүние есігін ашуы керек пе еді? Өйткені күні кеше ғана осы мерекеге байланысты Іле ауданында үшем дүниеге келіп, оған 120 шаршы метрді құрайтын 5 бөлмелі үй берілген еді.

Тегтер: демография статистика ана-бала

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:50
Күнде бір отбасыға үй әперейік!
Жарас ШӨКЕ 15:23
Қаңтар оқиғасын зерттейтін комиссия құрылды
Сайт әкімшілігі 00:00
Qantar 2022: Алматыдағы уақытша изолятордан 11 адам босап шықты
Нұрболат ӘЛДИБЕК 25.01.2022, 17:36
Сапарханның «отставкасын» қолдаған Сапарбаев өзіне келгенде неге үнсіз?
Сайт әкімшілігі 25.01.2022, 17:23
Зейнеп Ахметова:"Бауыржан Момышұлы 4 күн бойы жерленбей жатып қалды"
Ермек Мұқанғалиев 25.01.2022, 11:46
Қазақ қайткенде ұлттық болмысын сақтап тәуелсіз ел болып қала алады?

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48