Әләуләйі мен хәләуләйі бітпеген әуежай

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

11.02.2021, 17:09

4221

Оралды «елдің батыс қақпасы» деп айтып жүргендер көп. Бірақ қалаға кіреберіс қақпа іспеттес әуежайдың сиқын көрген жандардың көздері тас төбелеріне шығатыны анық.

 Советтік стильде салынған екіқабатты шағын ғимарат күні кешеге дейін жолаушыларды қабылдап келді. Аптасына 4-5 ұшақты қарсы алып, шығарып салатын әуежайдың «халықаралық» деген дардай атауды қайдан, қашан және ең бастысы, не үшін алғаны да белгісіз біз үшін. Интерьерінен кеңестік кезеңнің иісі мүңкіген ғимаратқа бүгінгінің бүркіті – «Боингтан» түсіп, кіріп келе жатқан адамның көңіл күйін өзіңіз бағамдай беріңіз. Айтпақшы, осыдан 5-6 жыл бұрын ұшу-қону жолағы да біраз «жыр» болған еді. Шұрқ-тесік жолақпен жүгірген ұшақтың ішінде талай жолаушы иманын үйіріп отыратын-ды. Әкімдіктегілерге ақыл кірді ме, әлде министрліктегілердің миы істеді ме, әйтеуір, 2014 жылы жолақ күрделі жөндеуден өткізілді. Дегенмен тым ерте қуаныппыз. Себебі аэронавигациялық құрылғылар уақытында орнатылмағандықтан, әуежай жұмысында әлі күнге дейін іркіліс бар.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, гәптің бәрі жеке қожайынға келіп тіреледі. Кезінде жекеге өтіп кеткен стратегиялық нысанды бюджет қаржысына жөндей алмайсың. Алған адамның да құрылысқа салатын ақшасы жоқ. Алайда көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап, әр тиын үшін саудаласып, ит-ырғылжыңға салуға келгенде одан шебер адам табылмады. Сөйтіп, әуежайды мемлекет иелігіне қайтарғанша 2018 жыл да келіп жетті. 2019 жылдың жазында әуежай ғимараты күрделі жөндеуге жабылды. Жөндеуге қажет 2,4 млрд теңгені Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан КПО б.в. компаниясы беруге келісті. Бірақ бір қызығы, арада жыл жарым уақыт өткенде «ескі терминал күрделі жөндеуге келмейді, жаңасын салу керек» деген қорытынды пайда болды. Құрылыс құны үш есеге өсіп, 7 млрд теңгеге шарықтап кетті. Негізі, бұл қаржы да түпкілікті емес, «жоба мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін нақты белгілі болады» деп отыр мамандар. Мұның себебін әуежайды өз меншігіне алған «Орал» ӘКК» АҚ төрағасының орынбасары Артур Досқалиев мырза былай түсіндіреді.

– Әуежайдың бұрынғы қожайыны күрделі жөндеуге жарамды деген қорытындымен бізге берді. 1979 жылы салынғаннан бері жөндеу көрмеген екен. Әу баста терминалды жөндеп, қосымша ғимарат салумен шектелеміз деп ойладық. Жобаға сәйкес, жаңғыртамыз деп іске кіріскенде, көптеген олқылықтардың беті ашылды. Нақты айтқанда, ғимаратта іргетас жоқ болып шықты, арматураға құйылған бетон қоспасын да таба алмадық. Сәйкесінше, жаңа конструкциялардың салмағын ескі қабырғалар көтере алмай қисайды. Амал жоқ, сараптама тағайындауға мәжбүр болдық. Оның қорытындысы бойынша жаңа ғимарат салу керек деген ұйғарымға келдік. Құрылыс құнының қымбаттау себебі содан, – дейді А.Досқалиев.

Күні бүгінде әуежай ғимаратының ескі орны ғана жатыр. Жаңа терминалдың құрылысы әлі басталмаған. «Жақын арада басталады, жыл  соңына дейін бітеді» деп сендіруде жергілікті билік. Талай мәрте, неше түрлі уәделерді естіген елден ұят болмаса екен дейміз тағы да. Ал әзірге жолаушылар әуе сапарына арнайы қойылған вагон тәріздес үш құжырадан аттанады. Әрине, бұл арада жайлылық туралы әңгіме қозғаудың өзі артық әңгіме. Вагондар жылы болғанымен, тар, ішіне көп адам сыймайды. Аязды күндері дірдектеп келіп амалсыз тығыласың. Кіреберісте дене қызуын өлшеп тұрған әуежай қызметкері жолаушыларды әлеуметтік арақашықтық сақтауға шақырып әбігер. Дегенмен тар жерде ол мүмкін де емес, мағынасы да жоқ, сыймағандар сыртта күтеді. Індет өршіп тұрған уақытта тек Құдайға сыйынудан басқа амал қалмағандай. Содан да болар, жолаушылардың дені рейске тақалғанда ғана келіп, бірден перронға қарай асығады.

Әуежай директорының міндетін атқарушы Самат Қуанышбековтің айтуынша, вагон қоятын басқа бос орын жоқ. «Сағатына 70 адамға қызмет көрсете аламыз. Өте қолайсыз екенін білеміз, мойындаймыз. Дегенмен әзірге шыдауға тура келеді. Наурыздан бастап FlyArystan компаниясы Алматы–Орал рейсін қайта шығарады. Түнгі рейс. Ол да қиындық тудырайын деп тұр», –  дейді С.Қуанышбеков.       

Жарайды, құрылыс та бітер, әуежай да салынар. Бізді мазалайтыны – осы стратегиялық нысанның болашағы. Тағы да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес пе екен деген қауіп. Өйткені жұмыс аяқталғасын облыс әкімдігі әуежайды жекеге сенімгерлік басқаруға береміз деп отыр. Мұндай «финттердің» соңы БҚО-дағы бірқатар мекеме-кәсіпорындар үшін қалай біткені белгілі. Меншік иесі кәсіпорынның бар жылы-жұмсағын сорып, сау-тамтығы қалмағасын қайта әкімдікке өткізіп кетіп жатыр. Ол өз алдына бөлек тақырып. Орал әуежайына дұрысы – жекенің сенімгерлік басқаруында емес, мемлекеттің сенімді қолында болғаны дұрыс.

Тегтер: мәселе түйін түйіткіл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қуаныш ЕРМЕКОВА 16.10.2021, 15:38
Балаға қамқорлық - болашағымызға жасалған жақсылық
Нұрай РАХЫМ 16.10.2021, 14:34
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасынан үміт көп
Сайт әкімшілігі 16.10.2021, 12:20
Қазақ жастары Стамбұлда “Бірлік” ұйымын құрды
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.10.2021, 15:14
Өнеркәсіп алпауыттары жергілікті тауарларды сатып алуды көбейтті
Мариям МАҚСАТ 15.10.2021, 09:46
Қардың жауғанына қараша халық кінәлі ме?
Әділ АҚЫЛБАЙ 15.10.2021, 08:25
Біз сасықпыз ба, не?

Аңдатпа


  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29