Әлемді дүрліктірген «Кальмар ойыны

Бифат ЕЛТАЕВА

27.10.2021, 17:44

1207

    Оңтүстік Кореяның «Кальмар ойыны» веб-сериалы көптен бері елімізде қызу талқыға түсті. Тоғыз бөлімнен тұратын сериалдың жалпы мазмұны ақшаға мұқтаж жандардың тірі қалуы үшін құпия ойынға қатысуы жайлы болып келеді. Ойынға қатысушылардың өмірі әрқилы. Бірі банктен қомақты несие алып, үй-жайынан айырылса, бірі құмар ойынын ойнап, бар ақшасынан қағылғандар. Сөйтіп, қарызға белшесінен батып, тірі өліктің күйін кешіп жүргендер амалсыздан бұл ойынға қатыспасқа шаралары қалмайды.

    Ойынның тәртібі – берілген тапсырмадан өте алмаған қатысушыларды шеттерінен өлтіріп тастап отырады. Ал көптің арасынан жеңгені 4 млрд доллар көлеміндегі қомақты сыйға ие болады. Басты  талап – жүздеген адамның бәрі өліп, біреуі ғана тірі қалу. Қысқаша айтқанда, өмірге деген жарқын үміттен гөрі кісі өлімін көбірек дәріптейтін кино. Корей сериалының мазмұны еліміздің жағдайына ұқсас болғандықтан, көптің жүрегін жаулап алды десек, жалған айтпағанымыз. Өйткені бізде де қарызға белшесінен бата несие алып, қу тіршілікпен өмір сүріп, тыраштанып жүргендер аз емес.

   Осыған қатысты экс-депутат Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында веб-сериалға «жұмсақ күш» деген баға берген.  Ол өз  жазбасында: «Кальмар ойындары» фильмі бір-екі апта ішінде бүкіл әлемнің кино алаңын жаулап алды. Тоқсан елдің рейтинг төріне шығып отыр. Бір қарасаң, барлық елге ұқсас, ортақ проблемаларды көрсеткен. Банк жүйесі биліктің күшіне сүйеніп, қарапайым адамдарды  қарызға кіргізу арқылы жүйкесін тоздырып, дегенін істетуге тырысады. Қазақстанда да жағдай олардан күрделі болмаса, оңай емес. Себебі бізде 9 миллион банкке қарызы бар адамдарға қоса, жаппай жұмыссыздық, төмен деңгейдегі жалақы проблемасы бар. Тапқан табыстың 70 пайызға жуығы отбасына тамақ алуға кетеді. Одан қалғаны пәтер, коммуналдық қызмет, көлік т.б. Ақша жинап,  қарызды жүйелі жауып тұруға мүмкіншілік жоқ», – дейді.

  Шынында, еліміздегі жағдай осындай. Фильм де  бүкіл әлемнің проблемасын дөп басқан. Дөп басқанмен, біздің одан алатынымыз жоқ. Себебі бұл фильм оң-солын әлі тани қоймаған балалардың психологиясына кері әсерін тигізері хақ. Әрі жасөспірімдердің жақсыдан гөрі жаман қасиетке тез бейімделетіні бесенеден белгілі емес пе? Осы телехикая шығысымен мектеп алаңдарында оқушылардың «кальмар ойынын» ойнап жүргенін байқаймыз. Бұл туралы психологтар да дабыл қағып отыр. Отбасы психологі Анжела Бейсенова: «Егер де бұл фильмге тереңінен емес, жай ғана сырт көзбен қарайтын болсақ, бұл кино жасөспірімдердің психологиясын бұзады деп айта салуға болады. Мәселен, менің балаларым болмағанда, мен де «баланың іс-әрекетіне нұқсан келтіріп, түп санасын өзгертеді» деп айтар едім. Ал тереңірек қарайтын болсақ, қазіргі таңда бұл кинодан бөлек, баланың миын уландыратын нәрсе өте көп. Өйткені қазіргі таңда Тик-ток болсын, араласқан ортасы болсын, баланың жаман қасиеттерді бойына сіңіруіне әсер ететін факторлар аз емес. Бала жай ғана мектепке барғанның өзінде, бойында агрессия, өзіне деген сенімсіздік тудыратын қасиеттерді жинап әкеледі. «Кальмар ойыны» фильмі қазір трендте болған соң, талқыға көп түсуде. Өйткені кез келген дүние трендте болса, артықшылығымен қоса, кемшілігі де айтылады. Кинода өмір шындығы көрсетілген. Ал баланың психологиясына келетін болсақ, бала нашар ортада өмір сүрсе, оған жаман жақтары тез әсер етеді. Сериалдың белгілі бір ойындарынан ол улануы мүмкін. Соған қарап баланың агрессиялық, негативті ортада өмір сүріп жатқанын байқаймыз. Яғни оның ішкі жан дүниесін ешкім түсінбейді. Бірінші кезекте ата-анасында белгілі бір мәселелер бар деген сөз. Ал бала тыныш, жайлы отбасында өмір сүріп, ата-анасының қамқорлығында өссе, оған зиянды әрекеттердің ешқайсысы әсер етпейді. Сол себепті бала миының улану-уланбауы өмір сүрген ортасына байланысты», – дейді.

   Иә, психолог айтқандай, баланың таза санасын улайтын дүние аз емес. Өзге елдің киносына қызғанышпен қарап отырғанымыз жоқ. Әйтсе де бала түгіл, ересектердің психологиясын бұзатын шетелдік кинолардың онсыз да өмірдің күйбің тіршілігінен шаршаған, тапқан-таянғанын отбасына, қара басына жеткізе алмай жүрген біздің елімізге қажеті қанша?

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 18:40
Тоқаев рақымшылық туралы заңға қол қойды
Сайт әкімшілігі 09:43
Ақмола облысында ауыл тұрғыны көлікке оқ жаудырды
Әділ АҚЫЛБАЙ 09:13
Қазақтардың түсіне де кірмейтін заң
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 14:40
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма, БҒМ пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:35
Тоқаев: Финтех саласындағы аймақтық көшбасшы Kaspi.kz капитал нарығы динамикасын арттыруда
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 11:07
«Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды – заңгер

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14