Алимент қарыз емес – парыз!

Айжан БҮРКІТБАЕВА

15.10.2020, 09:52

224

Елімізде бауыр еті баласынан баз кешіп, алимент төлеуге құлқы жоқ азаматтар жетерлік. Бір үйдің түтінін түзу ұшыра алмай, шаңырақтың оты сөнгенде, баласын құшағына қысып қалған ана мен жауапкершіліктен қашқан әкенің көрінісі қоғамға үйреншіктіге айналды. Бүгінде бұл жағдайды жалғызбасты әкелер де жалғастырып келеді. Ең сорақысы, арадағы балаға алимент төлеуден жалтаратындар көп. Ресми статистикаға жүгінсек, Қазақстанда 230 мың балаға 5,7 млрд теңгеден аса алимент қарызы төленбеген. Ал бала алдындағы берешегіне бой алдырмай жүргендер саны 13 мыңды жуықтайды.  

Осы тұрғыда Заң кеңесшілер палатасының мүшесі, заңгер Сәкен Ілиясов былай деп пікір білдірді:

 –Алимент төлемей жүргендерді бірдей кінәлауға болмайды. Себебі, біреуі өздігінен төлегісі келмесе, екіншісі белгілі бір себептер, әртүрлі жағдайларға байланысты төлемеуі мүмкін. Алайда қазіргі таңда қоғамның өзгергені ме, алимент төлеуден қашатын ер азаматтарымыз аз емес. Олардың саны күннен күнге артып барады. «Алимент» деген сөзді алатын болсақ, оның түбі ажырасу екені мәлім. Ал ажырасуға барған ер адамға арада қалған балаға деген көңілі шамалы ғана. Арада бала қалдырып, отбасынан қашқан адам алименттен де қашуы таңғалдырмайды.

Елімізде биылғы жылғы көрсеткіш бойынша 202 мың алимент төлеуші тіркелген. Ал жыл сайын борышкерден бала алдындағы қарызды өндіріп алу үшін 200 мыңға жуық іс сот орындаушыларына келіп түседі екен. Өткен жылдың дерегіне сәйкес, алименттен жалтарғаны үшін 2 мыңдай азаматқа іздеу салынған.

Осы тұста заңгер-адвокаттар алименттен жалтарғандардан ақшаны қалай өндіру керегін айтады.

Сәкен Ілиясов, Заң кеңесшілер палатасының мүшесі, заңгер:

–Соттың алиментті өндіру туралы шешімі шыққаннан кейін іс сот орындаушыға өтеді. Жеке сот орындаушы өз кезегінде алиментті өндіру мақсатында жалтарған азаматқа байланысты белгілі бір тыйымдар салады. Мысалы, борышкерлер тізіміне қосады. Яғни, шетелге шығуына тыйым салынады, банк шоттарын бұғаттайды және т.б. Ал осыдан кейін ары қарай төлемей қашып жүрсе, оның сатып қарызын өтейтін мүлкі болмаса, еш жерде жұмыс істемесе, сот орындаушы оны әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартады.

Елнура Кішкенбаева, заңгер-адвокат:

–Қазіргі таңда алимент төлеуден қашатындар мәселе тудырып отыр… Кейбір борышкерлер жұмыс жасамаймын, менің атымда ешқандай мүлік жоқ деп ойлайды. Сондықтан мен төлеуге міндетті емеспін деп басын ала қашатындар көп. Бірақ ол бала алдындағы міндетінен ешқашан қашып құтыла алмайды. Ол баланы асырауға міндетті. Сол себепті, егер азамат еш жерде жұмыс жасамаса, атында ешқандай мүлік боламаса, балаға төленетін ақша мөлшері жинала береді. ҚР «Қылмыстық кодексінің» 139-бабы бойынша қарызы 6 айдан асып кетсе қылмыстық іс қозғалады. Алимент төлемей, қашқақтап жүрген болса заңда көрсетілгендей, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе бас бостандығынан шектеледі.

Тағы бір ескеретін жағдай, ерлі-зайыптылар ажыраспай-ақ бала үшін алимент талап етуіне болады. Ол үшін сотқа жолдасының үстінен «балаларды асырап, бағу үшін қаржымен қамтамасыз етпейді» деп шағым түсіруі керек.

Сан түрлі сылтаумен айла-шараға барып, жұмыссыздығын сылтауратып, жұмыс орындарын жасырып, жалақы көлемін бухгалтерия арқылы төмендетіп жаздыратын немесе дүние-мүлкін туыстарының атына тіркеп қойып тайраңдап жүрген қашқын әкелердің қарасы қалың. Алайда екі қолыма бір күрек табылмады деп бала алдындағы борыштан бас тартуға болмайды. Себебі, жұмыссыз азаматтар да алимент төлеуге міндетті.

Бұл туралы заңгер Елнура Кішкенбаева былай деп пікір білдірді:

–Жалпы, тұрақты жұмысы бар азаматтардың 1 бала үшін жалақысының 25 пайызы, екі балаға 33 пайызы, үш балаға 50 пайызы бөлінеді. Сонымен қатар егер әйел бала күтімімен үйде отырған болса, бала 3 жасқа толам дегенге дейін анасына да алимент төленеді. Егер, борышкер жұмыссыз болса, ҚР «Неке және Отбасы» кодексінде көрсетілгендей, алимент төлеушінің орналасқан тұрақжайына байланысты есептелінеді. Мысалы, Алматы қаласы бойынша борышкердің жалақысын 170 мың деп көрсетіп, пайыздық есептеумен бала алимент бөліп отырады.

2018 жылы сот орындаушылары 248 087 шағымның небары 25 пайызын, өткен жылғы дерек бойынша  201 739 құжаттың тек 9 пайызын орындаған. Сонда біздің мемлекетте заң осал ма, әлде сот орындаушылары салғырт па? Бұл көрсеткіш алимент төлеуден қашқан борышкерлермен жүргізілетін жұмыстың немқұрайлылығын айқындап отыр.

Осы тұста жалғызбасты ана Асима Бабажан баласы үшін алимент ала алмай талай сот орындаушының есігін қаққанын айтады:

–Күйеуім өзі заң қызметкері. Қазір белгілі бір себептермен үй қамағында отыр.  Сол себепті, алимент төлеуге қауқарлы еместігін айтады. Еліміздегі жағдайға байланысты балам онлайн сабақ оқиды. Сондықтан жұмыс істей алмаймын. Себебі, жанында болып, сабағын қадағалауым керек. Осы себеппен, Қарасай ауданының сотына бардым. Сот орындаушылары күйеуімнің бұрынғы жұмыстасы екенін айтып, іс қозғамай отыр. Мұндай жағдайда таныс, туыс деген дүние қозғалмауы керек. Кішкентай баланың тағдыры туралы сөз қозғалып тұр ғой. Сот орындаушылары істі бірінен біріне  итеріп, мәселені созып отыр.

Деректерді дәйектесек, елімізде сот орындаушылары алимент өндіру ісіне келгенде құлықсыз. Сонымен қатар бір әке бірнеше балаға берешек болуы ықтимал. Ал балалар мәселесімен айналысатын мемлекеттік органдар алиментке күн көретін балалардың нақты санынан хабарсыз. Ресми статистикада алимент бойынша, шығындардың шынайы сомасы көрсетілмеген. Заңның айналасындағылар бала тағдырына жауапкершілікпен қарамаса, мардымсыз алимент пен  қашқын әкенің көбеюін қалай тоқтатпақпыз?

Статисканы сөйлетсек, Қазақстан отбасылардың ажырасу бойынша алғашқы ондықты өкшелеп келеді. Бала анадан ажыраса мейірімнен, әкеден алыстаса өжеттіктен қол үзеді.  Сондықтан бала болашағын тек алименке тіреп қойған қателік. Бала алдындағы ақшалай борыштан бөлек, ата-аналық борыш та барын ескеру керек.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:03
Коронавирус жұқтырғандар саны артты
Сайт әкімшілігі 09:52
Коронавирустың екінші толқыны: Бекшин алматылықтарға нені ескертті?
Сайт әкімшілігі 20.10.2020, 14:28
Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 20.10.2020, 11:03
Қару-жарақ ұрлау оқиғасының құпиясы
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.10.2020, 10:38
ҚазАТК кімнің "жеміне" айналмақ?
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 11:17
Уланған маскалар туралы фейк таратылуда

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38