20.08.2021, 11:41
1005
«Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың электрмен жабдықтау жүйесінің жағдайы мен желілердегі апатты азайту шаралары туралы айтты.
2019-20 жылдар аралығында 304,8 шақырым желі иесіз деп танылып, «Алатау Жарық Компаниясы» кәсіпорнының балансына берілді. Биыл 106,4 шақырым коммуналдық меншікке берілді. Орташа тозу 65 пайызды құрайды немесе 5,6 мың шақырым. Негізгі энергия көздері – ТЭЦ-1, 2, 3, Каскад ГЭС, Қапшағай ГЭС.
Өткен жылы Медеу, Наурызбай, Алмалы, Жетісу аудандарында 293,4 шақырым желі қайта жаңартылды. Жабдықтардың ағымдағы жөндеуі 16 тарату пунктінде және 227 трансформаторлық қосалқы станцияда жүргізілді. Электр энергиясының жетіспеушілігін азайту және желілердегі төтенше жағдайларды азайту мақсатында қосалқы стансалардың құрылысы жүргізілуде. Бостандық ауданында ГЭС каскадында өндірілетін электр энергиясын тарату үшін «Каскад» қосалқы станциясы салынуда. Қуаттылықтың күтілетін ұлғаюы 64 МВт құрайды. Жұмысты осы жылдың соңында аяқтау жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін қаланың оңтүстік бөлігіндегі тұтынушылардың жүктемесін өтейтін «Алмагүл» қосалқы станциясын іске қосу жоспарлануда. Қуаттылықтың артуы 100 МВт құрайды.
Түрксіб ауданында Тұздыбастау қосалқы станциясында наурыз айында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жобаның мақсаты – Алматының Түрксіб және Медеу аудандарындағы, сондай-ақ Алматы облысының Талғар ауданындағы тұтынушылардың жүктемесін жабу. Қуаттылықтың артуы 64 МВт құрайды. Жұмыстың аяқталуы 2022 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Сонымен қатар Жетісу ауданындағы Кирпичная қосалқы станциясы құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Қосалқы станция қосылған аумақтардың тұтынушыларын электрмен қамтамасыз етеді. Қуаттылықтың артуы – 50 МВт. Қаланың қосылған аумақтарын үздіксіз электрмен қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 217,8 шақырым болатын Медеу, Жетісу, Алатау, Наурызбай аудандарының электрмен жабдықтау желілерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде.
Жыл соңына дейін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ авариялық тоқтауды азайту мақсатында 10 тарату пунктін, сондай-ақ 608 трансформаторлық қосалқы станцияны жөндейді. Жыл соңына дейін 204,7 шақырым желі мен 106 трансформаторлық қосалқы станция компанияның балансына өтеді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР