Алматының әлеуеті: Әкім халыққа жақын ба?

Еркежан АРЫН

10.12.2020, 10:52

1758

      Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша,  Алматы қаласында атқарылып жатқан экономикалық-әлеуметтік шаралар бойынша бірқатар істер тындырылды.

                                       Қылмыс деңгейі екі есе азайды

      Бүгінде Алматыдағы қылмыс деңгейі біршама төмендеген. Нақтырақ айтқанда, қылмыстар саны барлық бағыттар бойынша екі есеге азайып, қылмыстарды ашу көрсеткіші былтырғы 29,2 пайыздан 40,8 пайызға дейін өскен. Мұндай нәтижеге кешенді шаралардың атқарылуымен қол жеткізіліп отыр. Полицияның материалдық-техникалық жабдықталуы 87 пайызға жеткізілді, бұл – еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш. Жақында полицияға 429 планшет табысталса, келесі жылы 33 жаңа көлік алу жоспарда бар. Бейнемониторинг бойынша жыл басынан 404  «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылды, оның 21-і Алматыға кіру және шығу жолдарында орналасқан. Алғашқы 10 айда «Сергек» АБК 650 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактілерін тіркеді. Сондай-ақ полицияның модульдік бекеттерін орнату жобасы да өзін-өзі ақтады. Бұған дәлел – бекеттер орналасқан аудандардағы қылмыс деңгейінің төмендеуі. Өткен жылы қылмыс деңгейі жоғары аймақтарда 37 полицияның модульдік бекеттері орналастырылды.

                                        Балаларды біліммен қамту

      Президенттің оқушылар орны тапшылығын төмендету бойынша берген тапсырмасын шешуге 2022 жылға дейін мектептерді жеделдетіп салу туралы арнайы бағдарлама қабылданды. 2021 жылдың соңына дейін қосымша 30 мыңнан астам оқушы орнын құру және орын тапшылығын 80 пайызға төмендету жоспарлануда. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 11 мектеп, қолданыстағы мектептердің жанынан 17 қосалқы нысан салынатын болады. Балабақшадағы орын тапшылығына байланысты келер жылы қосымша 12,7 мың орын құру жоспарлануда. Осының есебінен 2022 жылға қарай балабақшалардағы кезек 70 пайызға қысқарады. Биыл үш мемлекеттік балабақша пайдалануға берілді, 95 жеке балабақша ашылды. Жеке балабақшалардың қосымша қызметі үшін ата-аналардың төлемдерін ішінара өтеу механизмі әзірленді. Төлемі 50 мың теңгеге дейінгі жеке балабақшаларда әкімдік өтемақы төлегеннен кейін ата-аналар өтейтін қаржы 25 мың теңгеге азайды. Білім, мәдениет, спорт және т.б. салалардағы ақысыз үйірмелер мен секциялардың жұмысын ұйымдастыру нәтижесінде балаларды ақысыз қосымша біліммен қамту 83 пайызға дейін жеткізіледі.

                     Көпбалалы аналарға406 млн теңге грант берілді

       Көпбалалы аналарға қолдау көрсету үшін өңірлік «Бақытты отбасы» орталықтары базасында «Іскер ана» бағдарламасы іске асырылуда. Мұнда оларды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытады. Көпбалалы отбасылардан 888 адам 555 мың теңгеге дейін грант алды. Ал 203 көпбалалы ана 5 млн теңгеге дейінгі грантты иеленді. Сондай-ақ мүгедек жандарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру мақсатында алғаш рет «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығы ашылды.

                        Кәсіпкерлер салығы кейінге қалдырылды

       Қаланың 75 мың кәсіпкері 23 млрд теңгенің салығы бойынша мерзімін ұзарту мүмкіндігіне ие болды. Ал 2,9 мың кәсіпкердің 72 млрд теңгедей несиелерді өтеуі кейінге шегерілді. Жалға беруші нысандар 20 мыңға жуық кәсіпкерді үш айға дейінгі мерзімге жалға беруден босатты. Жыл басында ШОБ-ті қолдау және дамыту үшін «Almaty Business-2025» өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы іске қосылып, «Алматы» ӘКК базасында Almaty Finance ұйымы және «Алматы» МҚҰ құрылды. Бизнесті қолдауда жүргізіліп жатқан жұмыс Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігінің оң бағасына ие болды. «Алматы» ӘКК елдегі осындай ұйымдар арасында халықаралық кредиттік рейтинг алған алғашқы компания екенін атап өткен жөн.

                            Жеке сектор толықтай газбен қамтылды

       Бүгінгі күні қала тұрғындарының 99 пайызы газбен қамтамасыз етілген. Қосылуға мүмкіндігі бар 1646 үйдің 529-ына қосу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Осы жылдың басында Халық банкімен бірге газға қосылуға арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы басталды. 18 айға дейінгі мерзімге газға қосылу үшін 300 мың теңгеге дейін пайызсыз және кепілсіз несие алуға мүмкіндік беріліп отыр.

           Су, электр, жылу, жол – барлығымен қамтамасыз етілді

       Биыл қаланың жеті ауданында иесіз инженерлік желілердің 450 нысаны анықталды: Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен 129 электр желісі «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға, сумен жабдықтау желілерінің 77 нысаны мен 63 кәріз желілері нысандары «Алматы Су» МКК-на, жылумен жабдықтау желілерінің 49 нысаны «Алматы жылу желілері» ЖШС-не тегін берілді. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл 300 шақырымға жуық су құбырлары мен кәріз желілері тартылды. Нәтижесінде «Жаңа Алматы» ықшамаудандарының 50 мың тұрғыны сумен қамтудың және суды бұрудың орталықтандырылған жүйесіне қосылды. 2019 жылы жарығы жоқ көшелерді анықтау бойынша жүргізілген аудит нәтижесінде екі жыл ішінде қаланы толық 100 пайыз жарықтандыру бойынша шешім қабылданды. Ал жол инфрақұрылымын дамыту аясында «Жаңа Алматы» ықшамауданында 42,8 шақырым жол салынды. 270 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, 86 шақырым тротуар салынып, жөнделді. Келесі жылы шеткі аймақтарды дамыту жөніндегі жобалар іске асырылады.

     Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тұрақтандыру

      Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаның өсуін ұстап тұру Алматы әкімдігі жұмысының басты бағыттарының бірі болып табылады. Тұрақтандыру қорын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сауда жүйелеріне «айналмалы сызба» бойынша 44,6 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 16 түрін жеткізу өзінің жоғары тиімділігін көрсетті. Айта кетерлігі, несиелерді «айналымда ұстаудың» алматылық тәжірибесіне сүйене отырып, республикалық деңгейде «ЖҚЗ бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың типтік ережелері» қабылданды.

                                         Жастарға баспана берілді

       Биыл Алматыда 22 626 пәтер, 2062 жеке тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5206 пәтер және «7-20-25» бағдарламасы арқылы 5605 пәтер алу мақұлданды. Алматы әкімдігі білім және ғылым, БАҚ, әлеуметтік қызмет көрсету салаларында қызмет ететін 35 жасқа дейінгі жастарға арналған «Алматы жастары» атты жеңілдетілген ипотекалық несиелендіру жеке бағдарламасын іске қосты. Жеңілдетілген шарттардың арқасында медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ЖОО мен ҒЗИ оқытушылары және ғылыми қызметкерлері, мәдениет пен спорт саласының қызметкерлері, журналистер, жазушылар, халықты әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлері арасынан 894 алматылық жас көптен күткен пәтерлерін бастапқы және қайталама тұрғын үй нарығынан сатып алды. Жыл соңына дейін қалада барлығы 1000 жас тұрғын баспаналы болады. Келіп түскен өтініштердің санын ескере отырып, қала жастары тарапынан баспанаға сұраныстың артқанын байқауға болады, бағдарламаны іске асыру келесі жылы жалғасады.

                         77 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

     Биыл Алматыда 77,6 мың жұмыс орны жаңадан құрылды, оның 36,9 мыңы тұрақты. Кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 29,8 мың жұмыс орны ашылды. Ал Алматы әкімдігі тарапынан жүзеге асырылған дағдарысқа қарсы шаралар пакеті азаматтардың жұмыс орындары мен кірістерін сақтауға, ШОБ-ты қолдауға, өндірістік тізбектегі жаңа тапсырыстарды ынталандыруға бағытталған. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», өңірлерді дамыту, «Нұрлы жер», индустриалды-инновациялық даму, білім мен ғылымды дамыту сынды мемлекеттік бағдарламалар аясында 47,8 мың жұмыс орны құрылды. «ИТП» АЭА базасында фармацевтикалық препараттар, медициналық бұйымдар мен техника өндірісін қамтитын жоғары технологиялық индустрияларды дамыту бойынша жұмыс жандандырылды. Мұнда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен білім беру, медицина, аспап жасау саласында жүзеге асырылатын жобалар 6000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

                                Экономика тұрақтандырылды

      Алматының негізгі капиталына құйылған жылдық инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайды, осы қаржыға 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, нәтижесінде 7,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қала тұрғындарының жұмыс орны мен кірістерін сақтау мақсатында қала экономикасының төмендеуін болдырмау  шаралары қабылданды. Өнеркәсіп, байланыс, құрылыс салаларында экономикалық өсім сақталды. Биыл мегаполистің негізгі капиталына 719,2 млрд теңге инвестицияланды, оның басым бөлігі жеке инвесторлардың қаражаты. Инвестициялардың негізгі бөлігі жылжымайтын мүлікке тиесілі. Қалған бөлігі өнеркәсіп, көлік және қаттау, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала, сондай-ақ қаржы және сақтандыру қызметі салалары бойынша бөлінді. 2020 жылы қаланың мемлекеттік бюджет кірістеріндегі үлесі 23,5-тен 25,7 пайызға дейін ұлғайды. Дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау нәтижесінде қала экономикасы тұрақтандырылды. Осылайша қала эпидемиядан кейінгі тез қалпына келу әлеуетін сақтап қалып отыр. Өткен аптада инвестициялық форумның нәтижесінде 1,5 трлн теңгеге 55 меморандум жасалды. Инвесторлардың белсенділігі 2020 жылғы сыртқы соққыларға қарамастан, Алматы инвестициялық белсенділіктің халықаралық орталығы болып қалатынын растайды.

Тегтер: әкім жергілікті басқару тұрғындар халық жүйе жауапкершілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 16.01.2021, 16:10
Ковид өршіп тұрғанда мектеп асханаларын ашу қаншалықты негізді?
Бифат ЕЛТАЕВА 15.01.2021, 09:03
Орыс мектептерінде қазақ тілінің жайы қалай?
Сайт әкімшілігі 14.01.2021, 13:10
Олжас Сүлейменов пен әйелі коронавирус жұқтырды
Сайт әкімшілігі 13.01.2021, 16:00
Президент мақаласынан кейін қазақ тілінде сөйлеу клубы ашылды
Сайт әкімшілігі 13.01.2021, 12:00
Қытайда коронавирус қайта таралып жатыр
Сайт әкімшілігі 13.01.2021, 09:45
Ішкі істер министрлігі жолда абай болуды ескертті

Аңдатпа


  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33
  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01
  • «Әр таңымызды үреймен қарсы аламыз» (видео)
    14.01.2021, 11:41
  • "Жас Алаш" жазды, Егіндібұлақ елінің еңсесі көтерілді
    13.01.2021, 07:11