03.11.2021, 16:00
1263
Елімізде жыл сайын 78 мыңнан астам әйел жасанды түсік жасатады. Осы көрсеткішпен, World Population Review сайтының мәліметінше, әлемдік рейтингте Қазақстан түсік жасату бойынша үшінші орынға жайғасқан.
Аборттан бас тарту жөнінде 2016 жылы еліміздің психологтары мен дінтанушылары дабыл қаққан болатын. Алайда мамандар жасанды түсік болмаса, тастанды балалардың саны артады деп қарсы шыққаны белгілі. Жөн-ақ. Бірақ тастанды бала мен жасанды түсіктің соңында жапа шегетін кінәсіз сәбилер емес пе? Айырмашылығы – жасанды түсіктен сәби құрсақта жатып өледі. Жүрегі соққан баланы тірідей құрсақта тілгілеп, бөлшектетіп, құтылуға асыққан анадан асқан жауыз бар ма? Осындай жауыз аналардың ниетінен акушер-гинекологтардың өздері де кейде шошынатын көрінеді. «Түсік жасату үшін күніне 2-3 қыз-келіншектер келеді дейді. Әрі түсік жасату мәселені шешпейді, керісінше барлық ауруды тудырып, проблема үстіне проблема жалғап алады» дейді акушер-гинеколог Жанна Төремұратова. Оның айтуынша, Түсік жасату адам ағзасы үшін өте зиянды. Әсіресе, қыз балалар түсік жасатса, келешекте ана болу мүмкіндігінен мүлдем айырылып қалады. Бедеу болады. Көп жағдайда оны күйеуінен, туған-туыстарынан жасырады. Сол себепті, бізде бедеулік белең алып тұр. Әрбір үйленген үшінші отбасында бедеулік мәселесі кездеседі. Тек бұл ғана емес, жүкті болғаннан бастап, әйелдің барлық ағзасы 9 ай жүктілікке бағытталады. Дайын болған гормондар түсік кезінде үзіп тастайтын болса, тектен тек жоғалып кетпейді. Ол гормондар әртүрлі жатыр миомасы, киста, эндермитизма секілді ауруларды тудырады. Осының барлығын қыз-келіншектер ескерсе екен. Өзім гинекологтан бөлек узиға түсіруші мамандығым бар. УЗИ-ға жүктілігі бар ма, жоқ па? деп тексерілуге келген қыз-келіншектердің арасында жүктілігі бар екенін білген соң, «жоқ, маған бұл бала қажет емес еді» дейтіндері кездеседі. Күніне осындай 2-3 келіншек келеді. «Тумаймын» деп шешім қабылдаған келіншек міндетті түрде түсікті жасатпай қоймайды. Менің тәжірибемде мұндай жағдайлар өте көп. Бірақ Мұсылман болғаннан кейін, мен түсік жасамаймын, жасаған да емеспін. Өкінішке орай, әйелдер мемлекеттік мекемелер болсын, жекеменшік мекемерге барып жүктіліктерін үзеді. Жүктіліті үзгеннен кейін жатырында қалдық бар-жоғын анықтау мақсатында УЗИ-ға қайта келіп тексеріліп жатады. Жүктілігін үзіп не үзбей келген қыз-келіншектерге барынша түсік жасатудың зиянын түсіндіруге тырысамын. Құрсақтағы сәбидің жүрегін тыңдатып, ағарту жұмыстарын жүргізгеннен кейін кейбір әйелдер сәбиін алып тастаудан бастартып жатады. Тіпті өзімнің құрбым үшінші баласын туғаннан кейін, арасы өте жиі боп қалды деп баласын алдыртпақшы болды. Оған құрсағындағы сәбидің жүрегін тыңдатып, іштегі баланың үйдегі жүрген балалары сияқты екенін сезгеннен кейін түсік жасатпады. Қазір ол келіншектің босанатын күні жақындап қалды. Келген сайын «балам сіздің арқаңызда аман қалды» деп айтып отырады. Бұл дәрігер үшін мақтаныш деп ойлаймын. Осыны әріптестерім естіп, тыңдап, түсік жасатуға келген келіншектерді райларынан қайтарып отырса деген тілегім бар, – дейді акушер-гинеколог Жанна Төремұратова.
Қазір замана ағымымен балауса қыздарымыз ерте есеюге асығып, шоқ басып жүргендері қаншама… Ресейде 16 жастан бастап өз еркімен түсік жасатуға рұқсат етілген әрі тегін. Сонда жылына кемінде 6 миллион бала құрсақта өлтіріледі. Салдарынан орыстар түсікке жол ашу арқылы өз ұлтын жойып жатыр. Халқы да жыл санап азаюда. Ал бізде заң қандай? Бұл жөнінде тәжірибелі заңгер Бағдат Амандосұлы «Қазақстанда түсік жасатуға тыйым салынбаған. Тек аборт жасайтын адамға және маманға қатысты қылмыстық жауаптылық көзделген» дейді. Яғни, заңгердің түсіндіруі бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 319-бабына сәйкес, тиісті бейіндегі жоғары медициналық білімі жоқ маман жүктілікті жасанды үзуді жүргізсе, сот үкімімен екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал дәл осы іс-әрекет бірнеше рет жасалған болса, төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар осындай әрекетті жоғары медициналық білімі бар адам жасаса – бір жылға дейін, ал бірнеше рет жасаса – үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал егер абайсызда жәбірленушінің (пациенттің) өліміне не оның денсаулығына ауыр зиян келтіруге алып келсе, онда үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады деп айқындалған. Бірақ мамандар тек қана аса қажееттілік жағдайында немесе негізді тәуекел ету арқылы әйелдің өмірін сақтап қалу мақсатымен жүргізілген жүктілікті жасанды түрде үзу үшін ғана қылмыстық құқықбұзушылықта жауапқа тартылмайды.
— Ал әйелдерге келсек, «Менің денем – өзім білем» деген субьективтіұғымды ұстана отырып, жүктілікті жасанды үзуге толық құқығы бар екенін біледі. олардың жүктілікті жасанды үзуге құқығы бар. Алайда кәмелетке толмаған адамның аборт жасатуы оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен жасалады. Сондай-ақ кез келген ер адам (некедегі жары не жігіті болсын) заң жүзінде әйелдің түсік жасауына еш кедергі келтіре алмайды. Әйел адам түсік жасатқаннан гөрі іштегі баланың құқығын сақтап қалғаны маңызды. Өйткені ҚР Азаматтық кодексі 1044-бабының 1-тармағына сәйкес, мұра ашылған кезде тiрi жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тiрi кезiнде құрсақтағы және мұра ашылғаннан кейін тірі туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады, – дейді заңгер Бағдат Амандосұлы.
Заңға мән берсек, түсік жасатушы әйелге барлық еркіндікті беріп қойған. Одан біздің ұтарымыз не? Мұндай заңнан қаракөздеріміз қателікке ұрынбай ма? Түсік жасатуға рұқсат беру – сол қыздың келешегіне балта шабу емес пе? Керісінше, елімізде заңды күшейтіп, түсік жасатушы қызға азаппен бөлшектеліп, өлтірілген сәби мен аборт жасатамын деп жатыры жыртылып, өліп жатқан әйелдердің бейнежазбаларын көрсету керек-ақ. Мүмкін, осыдан соң түсік жасатушы әйел дәл осы салада мықты мамандардың өзі қателік жасап жататынын ұғынар. Құрсаққа біткен сәбидің де, дүниеге келген шақалақтың да, мейлі, денсаулығында кінәраты бар бала болсын, қай-қайсысы да өмір сүруге хақылы.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР